Жетісу облысының орталығы Талдықорған қаласындағы әлеуметтік бейімдеу орталығында болған осы оқиғаны куәгерлер ерекше толғаныспен еске алады. 26 жылдан кейін жолыққан әке мен бала, аға мен іні, бала күнгі достар сағыныса көріскенде жүрек тебіреніп, талайлар көз жасына ерік берген көрінеді.
Әлеуметтік бейімдеу орталығында қилы тағдырды бастан өткеріп, тәлей толқыны жағалауға шығарып тастағандай күй кешкен жандар пана табады. Оларға мейірім сыйлап, жүзіне күлкі үйірген, қалыпты өмірге қайта бейімдеу осы орталық қызметкерлерінің кәсібилігіне байланысты. Сондықтан мұндағылар уақытпен санасуды білмейді. Әсіресе, күн суыта орталықтан пана іздеп келетіндер көп. Олардың кейбірін полиция қызметкерлері, енді бірін дәрігерлер жеткізеді. Барар жер, басар тауы қалмағандар кейде етек-жеңін жинап, денсаулығы сәл-пәл қалпына келгенде бұрынғы үйреншікті тірлігіне қайта оралады. Енді біреулері туған-туыстарымен, бала-шағасымен қайта табысып, қатарға қосылады. Қалай болғанда да, әлеуметтік бейімдеу орталығы атауы айтып тұрғандай, тағдыры тәлкекке түсіргендерге пана болып келеді.
Николай Орловтың құпиясы
2021 жылдың қазан айында түн ортасында орталықтың сыртқы есігінің қоңырауы соғылды. Мұндайға үйренген түнгі кезекші орнынан атып тұрып, жедел есікті ашты. Ә-дегеннен көзіне Есіктің жақтауына сүйеніп әзер тұрған қарияның аянышты кейпі түсті. Бойында жаны бар демесең, сұры қашқан. Жүруге де, тіл қатуға да шамасы жоқ. Дірдек қағады. Аш екені де байқалып тұр. Киген киімі де олпы-солпы әрі әбден тозығы жеткен. Мекеменің ішкі тәртібіне сәйкес, орталықты пана тұтып келген белгісіз жанды қабылдап, тіркеуге алуға міндетті. Бірақ әбден қалжыраған, бірде есі бар, бірде есі жоқ ақсақал түнгі кезекшінің сауалдарына мардымды жауап та бере алмады.
Сөзі мүлде түсініксіз, әбден қарлыққан дауысы да әрең шығады. Жанында ешқандай құжат жоқ. Тек өзін «Коля Орловпын» деп таныстырады. Бірақ бет-бейнесі қазақ пен қырғызға келеді. Еуропалық ұлттардың ешқайсысына үш қайнаса да сорпасы қосылмайтыны көрініп тұр.
Түнгі кезекші бейбақтың ақыл-есінің кіресілі-шығасылы екенін байқап, кейбір жайттарды анықтауды ертеңге қалдырады. Ол Талдықорғандағы әлеуметтік бейімдеу орталығында жұмыс істеп келе жатқан уақыттың ішінде мұндай жандардың талайына көрген. Өйткені мекемеге туған-туыстан, бала-шағада қапы да көз жазып қаңғыбастыққа салынып, біреулердің алдап-арбауына түсіп, құлдыққа тап болғандар жиі түседі.
Ал өзінің айтуы бойынша, аты-жөні «Николай Орлов» деп жазылған орталықтың кезекті қызмет алушының өткен тарихы мұндағыларға көпке дейін жұмбақ болып қалды.
Әлеуметтік бейімдеу орталығының директоры Сұлтанмұрат Бекпенбетов түнгі кезекшіні шақыртып, Орловтың мән-жайымен танысқан соң оның қасына келіп, сыр тартты. Жылдар бойы ауыр жұмысқа жегілгені, адамдардан жасқанып қалғаны көрініп тұр. Сондықтан болса керек, директор қойған сұрақтарға да мардымды жауап бермеді. Бәлкім, өткенін, толық аты-жөнін есіне түсіре алмаған болар. Сол күннен бастап мекеменің бүкіл қызметкері, ақсақалды ерекше қамқорлыққа алып, жанашырлық көрсете бастады.
Уақыт өте қария да орталықтың режиміне бейімделіп, тағдырластарымен әңгіме-дүкен құратын болды. Оны психологтер мен дәрігерлер бақылауына алып, жәрдем көрсетуге тырысты. Заңгерлер аты-жөнін анықтауға күш салды. Тиісті органдарға сұраныс жолданып, «Жетісу» телеарнасы мен «Бармысың, бауырым» радиобағдарламасы арқылы туған-туысы іздестірілді. Әлеуметтік желі белсенділері де орталықтың жұмбақ қызмет алушысының тағдырына бейжай қарамады. Бұл істе, әсіресе «AMANAT» партиясының «Авангард» бастауыш партия ұйымының төрағасы Ғазиз Аманжолұлы ерекше белсенділік танытты. Белгісіз жанның отбасын табуға бел шеше кіріскен ол Парламент Мәжілісінің депутаты Айгүл Құспанға хат жазды. Өз кезегінде Мәжіліс депутаты қырғызстандық әріптестеріне өтінішпен шықты. Қырғыз еліндегі Жогоргу Кенешке шығуға Орловтың психологтармен кезекті бір әңгімесінде өзінің қырғыз екенін айтқаны себеп болады. Тіпті, сол әңгіме барысында ол туған жылын, әйелі мен баласының да есімін есіне түсіреді.
Болат АБАҒАН, Жетісу облысы