Былтыр Садақ ату федерациясы Ұлттық спорт түрлері қауымдастығының қатарына қосылды. Қауымдастықтағы тоғыз ұлттық спорттың ішінде тоғызқұмалақ, садақ ату мен асық ату ойынына арнайы алаңды қажетсінбейді. Кез келген жерде ұйымдастыруға болады. Жыл мезгіліне де аса тәуелді емес. Қалған көкпар, бәйге, теңге ілу, жамбы ату және аударыспаққа міндетті түрде ат керек. Сондықтан оларды дамыту айтарлықтай қаржы және ұйымдастыру ресурсын талап етеді. Ал садақ ату өнерін бұқаралық спортқа айналдыру әлдеқайда жеңіл, әрі мүмкіндігі жоғары. Алайда мергендік өнерінің өзіндік шешімін таппай жатқан мәселелері бар.
Әр қазақтың қанында бар
Дәстүрлі садақ ату федерациясының вице-президенті Диас Ахметовтің айтуынша, еліміздің барлық өңірінде садақ атуға қызығушылық өте жоғары.
«Мергендік өнері бойымызда, қанымызда бар дүние. Оны тек біз әр қазаққа жеткізуіміз керек. Садақ ату клубына алғаш келген адам ешкім үйретпестен бірден садақты қолына алып, нысана көздей бастайды. Таңғалатын нәрсе. Ұлттық спорттан жарыс не көрме өтіп жатса бір бұрышқа садақ әкеп, нысана орнатсақ, сондағы адамның бәрі осы бұрышқа міндетті түрде соғып кетеді. «Мен кішкентай кезімде осындай садақты қолдан жасап алатын едім» дейді. Әрқайсысының тал-шыбықтан садақ иіп, жыңғылдан, қамыстан жебе жасаған, оның ұшын қаңылтыр қадаған тәжірибесі бар», – дейді Диас Ахметов.
Оның айтуынша, бұл сөзді батыстың ең шеткері ауылының баласынан естисіз, оңтүстіктегі, орталықтағы шалғай ауылдың тумасы да осыны қайталайды, шығыста шекарадағы ауылдың ойын баласы да осыны бастан өткерген. Осындай жастар садақ ату спортына келсе өте жақсы нәтиже көрсетер еді.
«Біздің құрама өте жас, ал Қазақстан үшін садақ ату да жас спорт түрі. Соған қарамастан былтыр менің шәкіртім, жас спортшы Қанат Қасымхан 35 мемлекеттен 105 садақшы қатысқан халықаралық жарыста екінші орын алды. Жарысқа әлемдік деңгейдегі, 30 жыл садақ атып жүрген мергендер қатысты», – дейді ол.
Диас Ахметов осындай құлшыныстың ары қарай қарқын алып кетуі үшін жергілікті әкімшіліктен, спорт менеджерлері тарапынан қолдау қажеттілігін айтады. Өйткені қазіргі таңда спорт алаңдары мен үйірмелері жеке белсенді, жанашырлардың бастамасымен ашылған.
«Садақ ату – тек қазаққа ғана емес күллі көшпенділерге, қала берді адамзатқа тән мергендік өнерінің басы. Онымен айналысқан адам денсаулығын, түйсігін түзеп алады. Өйткені көзін байлап нысана көздеу үшін түйсік керек. Садақ ату бұл – жаттығу. Бұлшық еттерге күш салып шыңдайды, көзді жаттықтырады. Бұл – қазіргі заманның этникалық фитнесі», – дейді этнограф-зерттеуші Бекен Қайратұлы. Ол қазір садақ ату өнерінің тарихы, оның ауыз әдебиетіндегі көрінісі бойынша кітап әзірлеп жатыр.
Этнограф-зерттеуші қазақтың мергендік өнеріне қатысты құнды мәліметтерді ауыз әдебиетінен, аңыз-жырлардан алатынын сонымен қатар археологиялық жәдігерлерден табатынын айтады.
«Садақ – жауынгерлік құрал. «Әке көрген оқ жонар» дейді халқымыз. Ескі заманда дүниенің бәрін түп-түзу етіп жасайтын технология жоқ қой. Ең шебер, логикасы мықты, көзу түзу адам ғана жебені түзу жонады. «Оқ жона алмайтын адам» бұл тәрбие көрмеген, әкесіз болған деген мағынамен айтылған. Садақтың кірісі, адырнасы – тұтас ғылым. Тек жебенің мыңдаған түрі бар. Бізге белгілісінің өзі 400-ден асады. Ғүндар заманында «ысқырық жебе» деген болған. Ол көшпенділердің соғыс тактикасының маневрін реттеп отыратын белгі ретінде қолданылған. Рулар, батырлардың таңбалары жебеге салынады. Сондықтан геральдикалық маңызы бар», – дейді ол.
Бекен Қайратұлының пікірінше, қазақтың садаққа деген құмарлығының ежелден келе жатқан тарихы бар. Оның бастапқыда отарлаушылар жоюға бар күшін салған, қазір жаңа технология да оны өшіріп жатыр.
Сапалы садақты қайдан табуға болады?
Әр мергеннің өз садағы болуы қажет. Әуесқойлар үшін әйнек пластиктен жасалған қару 40-70 мың теңге шамасында тұрады. Ағаштан жасалғаны 100 мыңмен 250 мың теңге арасында. Балаларға арналған пластик садақ 15 мың теңге.
Садақ жасайтын шебер Жанат Амангелдіұлының айтуынша, әйнек пластиктен садақ жасауға 3-4 күн кетеді. Ал, кәсіби спортшыларға керекті садақты жасауға кемі 4 ай қажет.
«Оның бағасы 700 мыңнан басталады. Өйткені адырна мүйіз және қара үйеңкі секілді композитті табиғи материалдардан әзірленеді. Онда мергеннің қолының өлшемі, тарту күші сосын садақ әзірлеудің негізгі параметрлер ескеріледі», – дейді шебер.
Мұнда ағашты кептіру технологиясы күрделі. Желімделген құрама материалдар қабаты кептіру үшін шеберхананың ылғалдылығы мен жылылығы ұзақ уақыт бір деңгейде сақталуы қажет. Желім не ағаш кепкенде адырнаны бұрап жібермеуі үшін ол сақталады. Сосын желімі де қымбат. Өйткені оған бекіре балығының торсылдағынан әзірленген табиғи желім қажет. Шебердің айтуынша, садақ жасау көп еңбекті талап ететін ауыр жұмыс.
Қазір елімізде кәсіби спортшыға садақ жасап жүрген Жанат секілді 3-4 шебер ғана бар. Сондықтан құрама спотшылары садақты Түркия, Мажарстаннан тапсырыспен жасатады.
«Мысалы үйірмемізде 1,5 мың адам садақ ұстап, атып үйренді. Оның 10 пайызы осы қызығушылығынан айнып қалмай тұрғанда садақ атуды жетік меңгеруі тиіс. Сондықтан сұраныс жоғары, оны жаба алмай жатырмыз. Садақты сырттан сұратуға, тапсырыспен алуға мәжбүрміз», – дейді Диас Ахметов. Осы сұраныс ескеріле отырып Астанада «Бесқару» дүкені ашылған.
Жас балалар айналысатын үйірме аз
Тағы бір мәселе, дәстүрлі садақ атуды үйрететін әдістеме жасалмаған. Қазір оны мамандар әзірлеп жатыр. Федерация әдістемені жыл соңына дейін шығаруды жоспарлап отыр.
Сондай-ақ, дәстүрлі садақ атуға лайықталған орын елімізде жоқтың қасы. Диас Ахметовтің айтуынша, елордада садақ атуды үйренемін дейтін адам Sadaq aty клубының ақылы қызметіне жүгіне алады. Сонымен қатар «Алатау» спорт кешеніндегі тапанша ататын тирде садақ ату нысаналары қойылып, мергендер өз шеберліктерін шыңдауға мүмкіндік жасалған.
Қазақтың мергендік өнерінің бұқаралық спортқа, көпшіліктің хоббиіне айналуға мүмкіндігі жоғары екеніне сенімдіміз. Белсенді азаматтардың құлшынысымен бастау алған іс жемісін берері сөзсіз. Қазіргі қызығушылық садақ әзірлеу нарығын дамытуға серпін беріп, мергендікті шыңдайтын бапкер санын арттырып, ол пайдаланатын оңтайлы әдістеме әзірленуіне ықпал етеді. Сонда ғана қауіпсіздік талаптарына сай алаңқайлар көптеп ашылып, балақайлар садақ тартып, жебе ататын үйірмелер саны көбейері сөзсіз.
Жәнібек АМАНГЕЛДІ