Қазір кәсіппен айналысып, табыс табуға ешқандай кедергі жоқ. Сондықтан ел арасында кәсіптің сан түрімен айналысып, ісін өрге домалатып жүргендер де жетіп артылады. Солардың бірі – Түркістан облысы Түлкібас ауданының тұрғыны Алмас Амандосов. Оның Түркістан облысына қарасты Түлкібас ауданының Амангелді ауылында ханбалық өсіретін шаруашылығы бар. Балықтың ең нәзік және дәмді түрін өсіруді таңдаған серіктестік директоры Алмас Амандосов бұл кәсіпті бір жыл бұрын ғана бастағанын айтады. Былтырғы 10 қаңтарда құжаттандыру шараларын аяқтап, 25 қаңтарда жасанды тоғанға 4 мың шабақ жіберген екен. Бүгінде өсіп-жетіліп, салмағы 1 келіден асқан ханбалықтар сатылымға шығарылған. Келісі 3 500 теңгеден. Хоббиді кәсіпке айналдырған
Алмастың бұл жұмысты бастауына балық аулауға деген құмарлығы себепші болыпты. Орта мектепті аяқтап, жоғары оқу орнынан инжинер-энергетик мамандағын алса да балыққа деген қызығушылықтан арыла алмаған. Тіпті, соңғы курстарда дипломдық жұмысын қорғау және іс-тәжірибе жұмыстары кезінде негізгі уақытын елордадан 70-80 шақырым қашықтықтағы өзендерде балық аулап өткізген. Өзінің мамандығы бойынша жақсы бітіріп шыққанымен, Алмастың бұл салаға деген құмарлығы оны қиыр шеттегі Шардараға жетелеген. Бүгінде ірі балық шаруашылығы саналатын «Хамит» СТК балық өңдеу зауытына балық өсіруші болып жұмысқа орналасады. Әрине, үлкен оқу орнын бітіріп келіп, осындай жұмысқа жегілгеніне ата-анасы да, туған- туысы да қарсылық танытады. «Балықты қалай өсіру керегін сол жерде үйрендім. Туыстарымның ренішіне қарамай, өзім қалаған жұмысты жарты жылдай істеп, кейін Шымкент қаласына әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясына, одан соң Түркістандағы дәл осындай жұмысқа ауыстым. Мұнда негізінен инвесторлармен жұмыс істейміз. Сондай уақыттары балық шаруашылығын қолға алғысы келетін инвесторларға барлық мүмкіндікті, қандай жерден, қалай ашу керегін бүге-шігесіне дейін түсіндіретінмін. Жалпы, осындай әкімдік жүйедегі жұмысты 2 жарым жылдай істедім. Кейін өзіміз неге ашпаймыз, деген ой келді. Қаржысы бар инвестор жобаны жаса, бірге жұмыс істейік деп ұсыныс айтты. Барынша тиімді, әзірге кішігірім балық шаруашылығын ашу бойынша жобаларымды дайындап, кірісіп кеттік», – дейді «Оңтүстік Балық» Түлкібас» ЖШС директоры Алмас Амандосов. Түлкібастағы бастаудың маңынан жалға жер алып, ханбалық өсіруге қолайлы жерден жасанды тоған салады. Жоғарыда атап өткендей, бастапқыда 4 мың шабақ тасталады. «Тараз қаласындағы инкубаторлық цехтардан салмағы 5-10 грамм шамасындағы шабақтарды әкеліп салдық. Шүкір, жақсы өсті. Бір жылдың ішінде 1 келіден асты. Қазір Шымкенттегі екі үлкен көтерме дүкенге өткіземіз. Одан бөлек, Алматыдан келіп алып кететіндер бар, таныстар арқылы да жақсы өтеді. Жалпы, сұраныс жоғары, бірақ әзірге өнім аз болғандықтан, жарнамаламай отырмыз. Одан соң маусым айында 10 мың шабақты әкеле жатып, 5 минутқа оттегі жеткіліксіз болуынан шабақтардың 70 пайызын өлтіріп алдық. Қыркүйекте 20 мың шабақ әкеліп салдық. Қазір 30 мыңға жуық балық өсіріліп жатыр», – дейді кәсіпкер. Ханбалық – өте нәзік балық. Оны тасымалдау аса ұқыптылықты қажет етеді екен. Арнайы бөшкеге оттегі жіберіліп салынып, температурасы өлшеніп, жол бойы қайта-қайта бақылап отырған жөн. 14-18 градус температурада өсетін ханбалық одан ыстыққа да, салқынға да шыдамайды. Сол үшін ханбалықты бұлақтың суына өсіруді таңдап алыпты. Бұлақ суының ерекшелігі қысы-жазы бір температураны ұстап тұрады. «Жалпы балық суық суды ұнатады. Бірақ су температурасы 1 градусқа түссе тамақтанбай әлсірейді, ал, +25 градусқа жоғарыласа, тіпті бірден қырылып қалады. Бастаудың артықшылығы ысымайды-суымайды. Әрине, бұлақ суының да кемшілігі жетіп артылады. Ханбалық мол суға үйренген, яғни жақсы ағысты, бассейнде су айналымы молынан болғанын қалайды. Өкінішке қарай, бұлақтың суы жай ғана ағып тұрады. Біз мол су болмаған соң шаруашылығымызды бұдан ары кеңейте алмаймыз. Ал өзеннің суы молынан болғанымен, температураны сақтап тұра алмайды. Қыста қатады. Алайда соған қарамастан шаруашылығымызды кеңейту үшін өзен суына өтуге тура келеді. Сол себепті жақын күндері үлкен жобаларды қолға алмақ ниеттеміз. Бұл жерді иесіне қайтарып береміз. Еліміздің барлық аймағынан қолайлы жер іздеп көрдік. 2-3 нұсқамыз бар. Түркістан облысының өзге өңіріне, тіпті Өскеменге де көшіп кетуіміз мүмкін», – дейді ол.Балықты емдейтін дәрігер жоқ
Сонымен қатар балық шаруашлығымен айналысатындар ханбалыққа ең алдымен таза су керек екенін айтады. «Шынында да, ағын су тап-таза мөлдір болуы тиіс. Біздікі бастау болғаннан кейін алдымызда бұл суды пайдаланған ешкім болмағандықтан, суымыз таза. Су ластанса, балық ауруы мүмкін. Жалпы, балықтарда кездесетін дерт түрі адамға қарағанда әлдеқайда көп. Ал оны емдеу өте қиын. Елімізде балықты емдейтін маман жоқ. Шетелден әкелуге тура келеді. Мәселен, жылына 300-400 тонна балық өндіріп отырған алматылық үлкен компания алдыңғы жылы осы мәселемен бетпе-бет келді. Аурудың қайдан, неден келгенін білмейді. Бірден балықтары ауырып, өле берді. Маман таппай, Түркиядан күніне 1 миллион теңге төлеп, ихтиопатолог-дәрігер алдырды. Алайда ол келіп, ауруды анықтап емдегенше компания біраз шығынға батты. Елімізде ихтиопатологтің жоғы сонда білінді», – дейді тағы бірде Алмас Амандосов.
Жалпы, ханбалықтың тұқымы Еуропадан уылдырық күйінде әкелінеді. Еліміздегі инкубатор уылдырық пенопласт жәшікте қатырылған күйі 0-1 градусқа дейін салқындатылып, тасымалданады. Балық шаруашылығымен айналысатын көптеген компания ханбалықтың уылдырығын әкеліп, оны шабаққа дейін өсіреді екен. Яғни, ханбалық көбеймейді, тек сатып алынғанын өсіріп сатады. Аталмыш серіктестік те келешекте мұны қолға аламыз деп отыр. 5 грамм шабақ 70 теңге тұрады. Ол бір жылда 1 келіге дейін өсіп, бағасы 3 500 теңгеге жетеді. Алайда оның тағамдары сырттан импортталады екен. «Ханбалықтың тағамдары Қазақстанда бар, бірақ сапасыз. Сол үшін Польшадан алдырамыз. Кіші шабақтардың жемінің келісі 1 800 теңгеден болса, ересек ханбалықтың жемінің әр келісін 1 100 теңгеден сатып аламыз. Бір ханбалық 1 жылда 1 келіден аса жем жейді. Сондықтан ханбалықтың негізгі шығыны тағамында. Сатылымға шыққанда 1 ханбалықтан 30-35 пайыз пайда қалады. Бір жылда едәуір тәжірибе жинадық. Енді үлкен көлемді өндіріске кірісуге болады», – дейді Алмас.Қызыл балықтан еш айырмасы жоқ
Алмас өзінің тәжірибесінде Шымкент қаласында жалпы 250-300 грамдық ханбалыққа сұраныс көп екенін байқапты. «Кафе-мейрамханаларда бір порция ханбалық 250-300 грамм көлемінде болады екен. Ал ханбалықты 2-3 келіге дейін өсірсе, тура қызыл балықтан айырмашылығы болмайды», – дейді ол. Жалпы, қызыл балық Норвегиядан әкелінгенімен, дәмінің, етінің жергілікті ханбалықтан еш айырмашылығы жоқ екен. Тек қызыл балық тұзды суда, ханбалық тұщы суда өседі.Бүгінде ханбалық өсіру қарқынды дамып келеді. Дегенмен өңірдегі балық шаруашылығы Түркістан облысының нарығын әлі толық қамти алмайды. Мәселен, Алмас тауарын өткізіп жүрген дүкендер бұдан алдын Ыстықкөлдің ханбалығын сатып алған екен. Олар екеуінің дәмінде айырмашылық жоқ, дәмді деп баға беріпті. Бар болғаны бүгінде Ыстықкөлде ханбалық өндірісі қарқынды дамып, брендін қалыптастырған. Алмас елімізде де бұл саланың дамитынына сенімді.
Айта кетейік, балық шаруашылығын дамыту бағдарламасы 2021 жылдың сәуір айында қабылданған болатын. Оны жүзеге асырудың арқасында 2030 жылға қарай елімізде жылына 270 мың тоннаға дейін балық өсіру жоспарда бар. Сондай-ақ балық өнімдерін ішкі тұтынуды жылына 134 мың тоннаға дейін ұлғаюы және импорт көлемі 45-тен 25 мың тоннаға дейін азаюы тиіс. Осы көрсеткіштерге қол жеткізу үшін қазір өндіріс пен инвестициялық шығындарды субсидиялау, әкімшілік рәсімдерді жеңілдету және бизнес үшін қолайлы жағдайлар жасалуда. Алайда Алмас мемлекет тарапынан осынша қолдау болып тұрғанына қарамастан әкімшілік кедергілердің жиі кездесетінін айтады. «Инвестор боламыз десек, жер тауып бере алмайды. Жерді де өзіміз тауып, жұмыс бастайын десек, тағы да кедергілер кездеседі. Жұмысың тез жүріп, ілгерілеуі үшін әкімдікпен дос болуың керек екен. Бірақ біз заңды түрде өз құқымызды талап еткеніміз үшін жұмысымыз созылып келеді. Бизнесте жүріп көп мәселеге көзім жетті. Кәсіпкерлікті қолдау керек дегеннің барлығы да сөз жүзінде екен. Ақшамыз бар, қызығушылығымыз бар. Бірақ ол жеткіліксіз екен», – дейді тағы бірде жас кәсіпкер.Балыққа мемлекет тарапынан субсидиялар бар. Жеміне, шабаққа беріледі. Аталған серіктестік әзірге шаруашылығы кіші болғандықтан, субсидияға аса қызығушылық танытпаған. Әзірге орналасатын орнын белгілеп, жұмысты жүйелеп алмақшы.
Түркістан облысы