Облыстық Білім басқармасы бір кітаптың жиынтығын 60 миллион теңгеге сатып алмақ болған
Облыстық Білім басқармасы бір кітаптың жиынтығын 60 миллион теңгеге сатып алмақ болған
Фото: inbusiness.kz
967
оқылды
Жетісу облыстық Білім басқармасындағылар бір кітап жиынтығына 60 миллион теңге жұмсамақ болыпты.  Мемлекеттік мекемедегілер қазынаның қаржысын өз қалталарындағы ақшамен шатастырып алатындай. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі «Бірыңғай сатып алу терезесі» порталы арқылы мемлекеттік ұйымдардың түрлі тауарлар алуға жариялаған жоспарларына сараптама жасау нәтижесінде, еліміз бойынша 29 млрд теңгенің үнемделуіне ықпал етіпті. Соның ішінде, аталған агенттіктің Жетісу облыстық департаментіндегілер былтыр мемлекеттің 2 млрд теңгеден астам қаржысын мақсатсыз жұмсалудан сақтап қалған. «Біздің басты мақсатымыз әрі аса маңызды міндетіміз – мемлекет қаражатының тиімді жұмсалуын қамтамасыз етіп, жымқырудың жолын кесу. Бұл жұмыста бізге «Бірыңғай сатып алу терезесі» порталы көп көмек болып отыр. Жетісу облысы бойынша анықталған мемлекет қаражатын жұмсаудағы асыра сілтеушіліктің басым бөлігі білім саласына тиесілі. Нақты  айтқанда, жоғарыда айтылған 2 млрд  теңгеден астам қаржының тең жартысы облыстық Білім басқармасына, қалғаны басқа 69 мекемеге тиесілі. Білім саласындағы былық-шылықтың басқаларын айтпағанда, Сарқан ауданында білім саласы бойынша бір кітаптың жиынтығын сатып алуға 60 миллион теңге бөлмек болғаны жаға ұстатты. Антикор араласқаннан кейін, кітап жиынтығының бағасы бірден 11 есеге төмендеді. Мұндай деректерді көптеп келтіруге болады»,  – дейді Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Жетісу облыстық департаментінің басшысы Мақсат Жебегенов. Болат АБАҒАН, Жетісу облысы