Қазақстанда қылмыстық заңнама ізгілендірілгендіктен, көптеген қылмыскер түрмеге қамалмайды, пробациялық бақылауға алынып, еркіндікте тайраңдайды. ІІМ дерегінше, олардың үлкен бір бөлігі қайтадан қылмыс жасайтыны, есірткі тұтынатыны, мас жүретіні анықталды. Сөйтіп, елдегі криминогенді жағдайды ушықтыруы мүмкін. Бұған тоқсауыл қою үшін пробация саласына реформа жүргізіліп жатыр. Мысалы, сотталған қылмыскерлердің бостандықтағы мінез-құлқын, жүріс-тұрысын бақылау қатайтылады. Ішімдік ішсе, есірткі тұтынса, темір торға қайтарылуы ықтимал. Салада тағы қандай өзгерістер болғалы тұр? Қайырымдылық та пәрменді құрал Жалпы, пробация қызметі және оған қатысты мәселелер әлемде қаншама кинотуындыға арқау болды. Шетелдік, соның ішінде голливудтық фильм, сериалдарда түрмеден енді босап шыққан адамдарға оларды бақылайтын инспекторлардың қоқан-лоқы көрсетіп, қысым жасайтыны, ақша бопсалайтыны, жыныстық қатынастарға мәжбүрлейтіні, қылмыстарға итермелейтіні және басқа проблемалар көтеріледі. Дамыған елдерде бұл шынында аса қатал қызмет, оның өкілдері қылмысын өтеушілерге жұмсақтық, аяушылық таныта бермейді. Ал Қазақстанда ше? Лола (есімі өзгертілді) сот шешімімен бір жыл бойы Ақмола облысының Қорғалжын ауданының пробациялық қызметінде пробациялық бақылауда тұрыпты.
«Жергілікті пробация қызметінің өкілдеріне, соның ішінде майор Ерболатқа алғысымды айтқым келеді, олар ауыр кезеңде моральдық күйзеліске ұшырамауыма, жүнжіп кетпеуіме көмектесті. Бұған төзуге болатынын, өмір осымен аяқталмайтынын, жақсы жолға түсу адамның өзіне де байланысты екенін сабырмен, сауатты түсіндіре алды. Мен де бақылаушымды абыройсыздыққа қалдырмауға тырыстым, есепке алынғандарға қатысты барлық заңды талаптарын орындауға тырыстым. Ең бастысы, пробациялық қызметте маған моральдық және басқа тұрғыдан ешкім қысым, қыспақ көрсетпеді, әйтпесе жағдайым не болатынын білмеймін. Оның қызметкері Ерболат өзін сыпайы, иманды ұстады. Әрдайым байланыста болды: маған жұмыстар бойынша қаладан сыртқа сапарлау қажет бола қалса, кету-келудің тіркеу парағы талап етілсе, рұқсатын уақытылы беріп тұрды. Ол арқылы мемлекеттің жаза басқан азаматтарына деген қамқорлығын сезіндік», – дейді Лола.Ол абақтыдан босап шығып, есепке қойылғанда азап пен тозақтың келесі айналымы басталатын шығар деп жаны жабырқай, жамандықты күткенін айтады. Бірақ қатыгездік орнына мейірімділікке ұшырасып, алдымен таң болған, содан өмірге деген көзқарасы өзгерген. Лола 2020 жылы майор Ерболаттың өзіне мерзімінен бұрын шартты түрде босап шығуына, тиісті өтініш жазуына қолғабыс еткенін, ақыл-кеңесімен көмектескенін, тіпті судьяның қандай үкім шығаратынына уайымдап, ақыры оң шешім шыққанда, балаша шын жүректен қуанғанын еске алды. Сотталған әйел Қорғалжын аудандық ішкі істер бөлімінің бүкіл ұжымына қатысты жақсы көзқарасы қалыптасқанын айтады. Олар оның мемлекетке деген сенімін қалыптастыруына, өмірден өз орнын тауып, қоғамның адал мүшесіне айналуына ықпал еткен. Әрине, бұл құрылғанына былтыр он жыл толған отандық пробация институтының кем-кетігі жоқ деген сөз емес, олқылығы жетерлік. Сол себепті салада өзгеріс жүргізілуде. Пробация қызметі кездейсоқ немесе өмірлік қиын жағдайға бола, қылмыс жолына аяқ басқан адамдардың күйзелуіне емес, түзелуіне септессе, онда бұл тетіктің өзін-өзі ақтағаны. Жұмысы жоқтық аздырар адам баласын... Ішкі істер министрлігінің дерегінше, Қазақстанда пробация қызметінің есебінде 28 588 сотталған тіркеуде тұр. Соның ішінде басым бөлігіне – 19 489 адамға немесе 68%-ына бас бостандығын шектеу жазасы кесілген. Былтыр олардың жаңа қылмыс жасады деген күдікке ілігуінің 882 фактісі тіркеліпті. Соның ішінде 308-ін немесе 34%-ын жұмыссыз жүргендері жасапты. Сондықтан реформа аясында пробациялық бақылаудағы сотталғандарға Жұмыспен қамту орталықтарында жұмыссыз ретінде тіркелу міндетін белгілеу ұсынылып отыр. Тиісті ұсыным «Кейбір заңнамалық актілерге Қылмыстық, Қылмыстық-процестік және Қылмыстық-атқару кодекстерін бір мезгілде түзете отырып, қылмыстық заңнаманы оңтайландыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасының тұжырымдамасында көрініс тапты. [caption id="attachment_237433" align="aligncenter" > © коллаж: Елдар Қаба[/caption] Жұмыспен қамту орталықтары ұсынылған жұмыстан қайта-қайта бас тарта берген адамды жұмыссыз мәртебесінен айыратыны мәлім. Ал тіркеуден шығып қалса, бұл пробациялық бақылаудағы сотталғанның жазасын ауырлататын негізге айналмақ. Заң жобасы осы күйде қабылданса, онда аталған талап бостандығын шектеу жазасына кесілгендерге қатысты болады: жазасы бас бостандығынан айырумен алмастырылуы кәдік.
«Бас бостандығын шектеуге сотталғандар үшін жұмысқа тұруды –міндеттерінің бірі ретінде бекіту ұсынылды. Сотталған жұмысқа орналаспаса, онда бұл міндеттемесін орындамау (Қылмыстық-атқару кодексінің 66-бабы), жазаны өтеу тәртiбi мен шарттарын бұзу (67-бабы) болып танылады. Бұл жағдайда сотталған адамға бас бостандығын шектеуі бас бостандығынан айыруға ауыстырылатыны туралы жазбаша ескерту беріледі. Егер бір жыл ішінде қайталап жұмысқа орналаспаса, бұл жазаны өтеуді қаскөйлікпен бұзушылық саналады. Жазаны өтеу тәртібін қаскөйлікпен бұзған сотталған адамның бас бостандығын шектеудi бас бостандығынан айырумен ауыстыру туралы мәселелердi шешуі үшiн пробация қызметі сотқа материалдар ұсынады», – деп түсіндірді жаңашылдықты Әділет министрлігі.Ұсыныс қабылданса, бас бостандығын шектеуге сотталғандар Жұмыспен қамту орталығында жұмыссыз ретінде тіркелуге міндеттеледі. Сәйкесінше, қандай болса да ресми түрдегі жұмысқа тұруы шарт. Керісінше болған жағдайда бас еркіндігімен қош айтысуына тура келмек. Бостандық бос орынға да байланысты... Бас бостандығын шектеуге сотталған адамдарға бірқатар салмақты шектеу қойылады: біріншіден, ол адам пробациялық қызметке, өз инспекторына хабарламай, өзге қалаға көшіп кете алмайды. Екіншіден, оларды құлағдар етпей, басқа жұмысқа ауыса алмайды. Үшіншіден, егер ЖОО, колледж, басқа ұйымда оқып жүрсе, хабарлаусыз оқу орнын ауыстырмауы тиіс. Төртіншіден, бұл сотталғандардың дискотека, концерт залдары, стадион немесе басқа да белгілі бір орындарға баруына рұқсат етілмейді. Бесіншіден, егер дерті болса, онда жыныс жолдары арқылы берілетін аурулардан емделу курсынан өтуі шарт. Алтыншыдан, өз отбасын материалдық қолдауы және оның жаңа қылмыс жасауының алдын алуға ықпал ететін басқа міндеттерді орындауы керек. Осы міндеттемелері тағы бір нормамен толықпақ: алкогольді, сондай-ақ есірткі және психотроптық заттарды, олардың аналогтарын, өзге уыттандыратын заттарды медициналық емес мақсаттарда қолдануына тыйым салынады.
«2022 жылдың 10 айында бас бостандығын шектеуге сотталғандар алкогольдік масаң күйде 162 құқықбұзушылық жасаған. 2021 жылы олар мас күйде – 182 құқықбұзушылыққа барды. Бұған алкогольді, есірткі мен психотроптық заттарды пайдалануға тыйым салынбауы себеп болды. Осыған байланысты бас бостандығын шектеуге сотталғандарға алкогольді, есірткі және психотроптық заттарды пайдалануына тыйым салу ұсынылады», – деп мәлім етті Әділет министрлігі.Жалпы, бас бостандығы шектелгендерді пробациялық бақылау сот шешіміне қарай 6 айдан 7 жылға дейін созылуы мүмкін. Жаңа заңнамалық түзетулердің тағы бір жаңалығы сол, ол өмір бойға сотталғандар мерзімінен бұрын шартты босап шықса, онда олардың үстінен он жыл мерзімге пробациялық бақылау орнатылмақ. Қазақстанда өмір бойға сотталғандардың да шартты түрде мерзімінен бұрын босауға құқығы бар. Статистикаға сәйкес, осындай 126 адамның алғашқыларының күні бұрын бостандыққа шығуының ресми мерзімі 2025 жылдың қаңтарына келеді. Ал 2035 жылға қарай шартты түрде мерзімінен бұрын босатылатындарының саны 61-ге жетеді. Алайда қолданыстағы заңнамада өмір бойға сотталғандарды ары қарай бақылау мәселелері реттелмеген. Сол себепті оларға да пробациялық бақылау мерзімі және шарттары белгіленеді. Заң ғылымдарының докторы Гүлбану Қожахметованың айтуынша, сотталғандардың, соның ішінде пробациялық бақылауда тұрғандардың түзелуінің және әлеуметтенуінің жақсы бір жолы, пәрменді мотивациясы – білім алу.
«Оқу процесінің биік тәрбиелік маңызы бар. Білім алатын, ізденетін адамның бос уақыты аз болып, маскүнемдікке салынудан, деградацияға ұшыраудан мейлінше аулақ болады. Заңнама оларға колледжде, тіпті университетте білім алуына рұқсат етеді. Егер сотталған орта білім алуды аяқтамаса, мектепке жолдануы мүмкін. Кәсіп меңгеруі үшін сотталғандар кәсіби техникалық, жоғары және жоғарыдан кейінгі білім беру ұйымдарында оқуға құқылы. Алайда басты талап, шектеу бар: оқу орны оның тұрғылықты тұру орнында, яғни сол аудан, қалада орналасуы тиіс. Бұл талап оларды қатты шектеп келді, себебі Үкімет өңірлік шағын университеттерді жаппай жабу саясатын жүзеге асырғандықтан, қалаларымыздың біразында жоғары оқу орны қалмады. Дегенмен бүгінде пробацияда тұрғандарда жоғары білімді қашықтан алу мүмкіндігі пайда болуда», – деді сарапшы.Оның байламынша, бостандықта маскүнемдікке, нашақорлыққа салынған сотталғандарды қоспағанда, жұмыс таба алмағандарды темір торға қайтаруға асықпай, пысықтаған жөн.
«Пробациялық бақылаудағы сотталғандарды жұмысқа орналастырумен жергілікті әкімдіктерге қарасты Халықты жұмыспен қамту орталықтары айналысады. Алайда олар ақ жүріп, адам басқан адамдарға да жұмыс тауып бере алмайды. Сондықтан Үкімет оларды қайта құрып жатыр. Істі болған, пробациялық бақылауда тұрған адамдардың жұмысқа орналасу көрсеткішінің төмен болуы қазіргі ең өзекті мәселенің бірі. Оны шешу үшін билік барын салып, толыққанды шаралар қабылдауы тиіс. Бірақ ондай күш-жігер, пәрменді қимыл байқалмайды. Еншеде алдымен қажетті жұмыс орындарын құрып алмай, сотталғандарды жұмыс таба алмағаны үшін жазалау қаншалықты әділетті?», – деді Г.Қожахметова.Тәжірибелі мамандардың айтуынша, пробациялық бақылаудағы сотталғандар Жұмыспен қамту орталығына баруға ықылассыз: инспекторлар олардың көбін сол орталықтарға қолынан сүйреп апарады. Содан жұмыссыз ретінде тіркелгенімен, ұсынылған жұмыстардың жалақысын азсынып, одан ары баруды қоятын көрінеді: «сотталғандар жұмысы аз, айлығы жоғары бос орындарды күтеді». Солай ұзақ күтіп жүре беруі мүмкін. Қылмыскерлердің басым көпшілігінің жоғары білімі жоқ. Сондықтан олар құрылысшы, монтаждаушы, дәнекерлеуші, бетондаушы, сырлаушы, қоқысшы сияқты жалақысы төмен қара жұмыстардан үміттене алады. Қолданыстағы заң бойынша инспекторлар оларды қолынан келетін кез келген жұмысқа кірісуге міндеттей алмайды. Құзырлы органдар ұсынған жаңа заңнамалық талаптар да осыдан туындағандай. Жалпы, салада бірін түртсе, басқасы бас көтеретін сан түрлі проблема қордаланған. Олар әзірге шешімін таппай тұр.