«Қазақтың тамаша күйшілік мектептерін орнықтырып кеткен ұлы күйшілердің шығармашылығын барлағанда – әуені мен тартысына қарап, қай өлкенің тумасы екенін анықтауға әбден болады, өйткені ғасырлар бойы қалыптасқан белгілі бір сарындар тобы сол топырақтың ғана меншікті мақамына айналып кеткен, күй қай аймақта, қай уақытта туса да, қазақтың құлағы оны жазбай танитыны содан», – деп жазады зерттеуші.Ал біз шертпе күйдің қазіргі өзекті мәселелері туралы сөзге тартқан күйші және зерттеушілер екі мәселеге баса мән береді. Бірінші мәселе − күйдің зерттелуі, шертілуінің ұмыт қалған қыр-сыры мен құпиялары. Екінші – күйдің бүгінгі таңдағы насихатталуы. Бірінші мәселеде күйшілер мен музыкатанушы мамандар классикалық шертпе күйлердің ұмыт болған байырғы саусақ басуы, тактысы, қағысын зерттеп, іздеп тауып, қалпына келтіріп, оны оқу бағдарламасына қосу үшін тынбай еңбектеніп жатыр. Сонымен қатар күйдің шығу тарихы, оның ұмыт қалдырылған аңызын да ғалымдар ұдайы іздестіруді тоқтатқан емес. Мәдениеттану ғылымының магистрі, күйші Қайрат Айтбаев кеңес өкіметі тұсындағы интернационалдық идеология музыкаға және оны оқыту бағдарламасына да жүргізілгенін атап өтті. Домбырамен басқа ұлттардың музыкасын ойнау қолға алынған. Соның салдарынан дәстүрлі Арқа күйлерінде саусақ басу әдісінен айырылған. Скрипка, балалайка, гитара аспаптарының саусақ басу ереже-қағидалары күй орындауға еніп, домбыраның көне тәсілдерін ығыстыра бастады.
«Шертпе күй Мұхтар Мағауин, Тәкен Әлімқұлов суреттеген әсем туындылардағыдай өмір сүріп жатқан жоқ, екеуінде сәйкестік жоқ. Бұл – дәстүрлі мектептердің үзілгендігінің белгісі. Мағауия Хамзиннің күй тартқан бірлі-жарым видеожазбасы қалды. Сосын Дәулетбек Сәдуақасовтың жазбасы. Күйді сақтауда ең қажеттісі – бейнежазба немесе күйшінің көзін көрген адамдар. Сол саусақ басуды қалпына келтірсек, ол да шертпе күйдің алға басуына көмектесетін еді. Бұл жағдайда қазір Сүгір күйлері толық дәстүрін сақтап отыр деп айта аламын. Төлеген Момбеков, Генерал Асқаровтың шәкірттері Сәрсенғали, Жанғали Жүзбаевтар бар. Мағауия Хамзиннен, Әбікен Хасеновтен мүлде шәкірт қалмады. Шама шарқымызша, Дәулетбек Сәдуақасов пен Мағауия Хамзиннің пальцовкасына (аппликатура – пернелі, ішекті аспаптағы саусақ басу) қарап отырып, жобалап қалпына келтіріп жатырмыз», – дейді зерттеуші.Сонымен қатар күйді нота арқылы сақтап қалу, сол арқылы ойнату жеңіл. Алайда Қайрат Айтбаев «күй өнерінің барлық иірімін нота ашып бере алмайды» деген пікірде. Құймақұлақ шәкірттер күйшінің өзінен дәріс алып, күй тарту техникасы, қағыстарын сақтап алып кейінгілерге сипатын бұзбай жеткізіп отыруы қажет. Көптеген күйдің өзі бүгінге жеткенімен, оның аңызы, авторы және шығу тарихы ұмыт болған. Себебі «кеңес идеологиясы бойынша діни астары, дәуірі мен тарихы таптық күреске сай емес» деген желеумен күйлер мақсатты түрде редакцияланған. Яғни, туынды бастапқы құнын, толық мәнін жоғалтқан.
«Бізге кезінде симфония, опера деген өнерлер келген кезде «нағыз өнер, классика деген – осы» деп өзіміздің классикалық өнердегі күйші композиторлар шетқақпайланды, күй «кембағал өнер» саналып келді. Мектеп ретінде қалыптасқан дәстүрлі композиторлық мектептер осылайша қолдан жойылды. Дамуы тежеліп, сабақтастықтан айырылды. Сол себепті қазіргі күйлерде жасанды қайғы басым. Жалған драматизм, жаттандылық басым. Музыкада секвенция – «бір тактыны қайталай беру» деген термин бар, қазір соның дәуірі жүріп жатыр. Қазіргі күйдің басын тыңдағанда аяғы қалай аяқталатынын түсініп отырасың. Күй бірінші рет оқыған қызықты әңгіме секілді әсер қалдыруы тиіс», – деп қайырды Қайрат Айтбаев.Қазақстанның мәдениет қайраткері, күйші Мұрат Әбуғазының айтуынша, шертпе күйдің зерттелуі кенжелеп қалған. Қазір зерттеушілер осы ойсырап қалған тұсты қалпына келтіріп жүр.
«Атақты Мағауия Хамзин, Әбікен Хасенов, Төлеген Момбековтер ешқандай оқу орындарында сабақ берген жоқ. Ол кісілердің алдын көріп, алдынан дәріс алғандар болды. Күйшілердің үнтаспасы сақталды. Солар енді музыкалық оқу орындарында негізгі әдістемелік құрал ретінде пайдаланылады. Алайда аталмыш орындаушылардың күй тартқан бейнежазбалары өте аз. Мықты шертпе күйшілер көп болды. Дер кезінде бейнетаспаған жазылып алынбады. Оқу орындарында шертпе күйді оқыту кейінірек қолға алынды», – дейді Мұрат Әбуғазы.Көп жылдан бері ұлттық өнерді насихаттап келе жатқан күйші Сәрсенғали Жүзбай да осы мәселе әлі де жалғасып келе жатқанын айтып қынжылады. Ол ауылды жердегі көне қағыстарды жадынан шығармаған күйшілердің өнерін үлкен музыкалық оқу орындарында жастарға тыңдатуды ұсынады. Сонымен қатар күйшіліктің байырғы үлгісін бүгінге жеткізген күйшілердің бейнетаспаға түсіріп сақтап қалу жүргізілмейтініне алаңдайтынын атап өтті.
«Қазір Шәміл Әбілтай деген күйші көзі тірі ортамызда жүр. Бұл – мына төкпе күйдің мықты өкілі. Бірде бір музыкалық оқу орны күйшіні шақырып, өзінің оқушыларына күй тарту үлгісін көрсетпейді. Таяуда ғана Сматай Үмбетбаев деген ескі үлгіде тартатын қобызшы 70 жасында өмірден озды. Ешкім соны видеоға жазып алған жоқ. Баяғы ескі бірен-саран жазбасы қалды. Ел ішінде осындай елеусіз жүрген мықты күйшілер бар», – дейді Сәрсенғали Жүзбай.Зерттеушінің айтуынша, күйшіліктің бұрынғы үлгісін көргендердің бірегейі – Төлеген Момбеков пен Бөкей Ордасы күйшілік өнерінің үлкен өкілі Дина Нұрпейісованың күй тартқан видео таспасы сақталған. Әбікен Хасенов пен Тәттімбеттің мұрасын ғажап шерткен күйші Мағауия Хамзиннің видеосы бүгінге жеткен. Классикалық өнер – күйді бала жастайынан тыңдау керек Шертпе күйдегі екінші мәселе – күйдің насихатталуының кемшін болуы. Қазір бұрынғымен салыстырғанда орындаушы, зерттеуші жағынан, үнтаспада жазылуы жағынан күй өнері бұрынғыдан көш ілгері. Мысалы, қазақтың «1 000 күйі» антологиясына бұрын танылмаған шертпе күй өкілдері Қытай, Моңғолиядағы Әшім Дүңшіұлы, Қожеке Назарұлының күйлері енгізілген.
«Тәттімбет, Сүгір, Әбди Рысбекұлы, Қыздарбек Төребайұлы, Сайдалы Сары Тоқаның күйлері жинақталып, оқу әдістеме құралы ретінде шықты. Оқу орындарында репертуарлық жағынан шертпе күйлер көп орын алады. Мысалы, кезінде Тәттімбеттің күйлері орындалып, оркестрге түскен. Әбікеннің Хамзинннің орындауында өте көп күй жарыққа шықты, жетістік көп», – дейді Мұрат Әбуғазы.Осы тұста зерттеуші қазақ күйінің иірімін нота толық бере алмайды деген тұжырым жасайды. Оқу орындарында шәкіртке нота арқылы музыканы үйрету оңай. Алайда қазақта күйді дәулескер күйшінің тіке өзінен үйренген. Құймақұлақ аталатын осы мектеп үзіліп қалғандықтан, кей күйде орындаушы нотаға жүгінеді, алайда ол күйдің барлық бедерін бере алмайды. Мұрат Әбуғазыдан бүгінде күйдің кеңінен таралуы, қайта өрлеп дамуына не кедергі деген сауал қойдық.
«Күйді тыңдау үшін де адамға өре керек. Бұл – классикалық дүние. Мысалы, Төлеген Момбековтің «Салтанат» әуені жағынан сазды, қабылдануы жағы жеңіл болғандықтан көпшілік тыңдаушы тез түсінеді. Ал енді Тәттімбеттің «Сарыжайлауы», «Көкейкесті», «Бестөре», Сүгірдің «Қосбасарын» тыңдау үшін белгілі бір дайындық керек. Оны бала кезден тыңдап өсуі керек. Өйткені көп жыл тартып жүрген орындаушының өзі де кейбір қыр-сырын түсінбеуі әбден мүмкін», – дейді Мұрат Әбуғазы.Сондықтан күй өнерін балаға санасына жастайынан сіңіру керек. Кішкентайынан тыңдап өскен бала ғана ары қарай күйдің қадір-қасиетін бағалайды.
«Керемет күйлер бар. Соны қалай тыңдата аламыз? Балабақшадан, мектеп жасынан бастап тыңдаушы тәрбиелеуіміз керек. Орындаушы мықты болса да тыңдалмаса өнердің таралуы қиын. Күй – қазақтың дәстүрлі күрделі өнері. Оны арнайы түрде оқу бағдарламасына енгізу керек. Мысалы, Еуропаның классикасы секілді. Бетховеннің шығармаларын екінің бірі тыңдамайды. Тыңдаушысы соған ұмтылған, көзі ашық адам. Біздің күйлер де классика. Эстетикалық талғам болуы тиіс. Оны тек қалыптастыру керек», – деп тұжырды Мұрат Әбуғазы.Қайрат Айтбаев та күйдің насихатталуы мектепте және мектепке дейінгі мекемелерде қолға алынса деген ұсыныс білдіріп отыр.
«Қазақта шамамен 1,5-2 мыңдай күй бар. «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы аясында жинақталған «Қазақтың дәстүрлі 1 000 күйі» атты антология жарық көрді. Осы күйлер айталық пойызда, балабақша, мектептерде неге ойнатылып тұрмайды? Содан барып қазақ төл әнін, күйін ұмытып барады дейміз. Аталмыш жинақ кітапханада тұрады. Оны оқырманның ілуде біреуі ғана тыңдайды», – дейді зертеуші.Мен сөзге тартқан күйшілер мен зерттеушілер қазақтың күй өнері XIX ғасырда шыңына жеткен деген ортақ пікір айтты.
«Еуропада XVII ғасырда Бах, Моцарт, Бетховеннің туындылары дүниеге келді. Күй шығару жағы бұрынғыдай болуы қиын, өйткені XIX ғасырда Құрманғазы, Тәттімбет, Дәулеткерей күй өнерін биік шыңына көтерді. Ал ХХ ғасырда көбінесе мықты орындаушылар кезеңі еді. Әбікен Хасенов Тәттімбеттің күйлерін жеткізді. Қали Жантілеуов күй шығармаған, бірақ Құрманғазының күйін жеткізді. Орындаушылардың шоғыры қалыптасты. Яғни, XIX ғасырда композиторлар, XX ғасырда орындаушылар көп. Бірақ арасында бұрынғы сарынды жалғастырған Төлеген Момбеков секілді күйшілер болды. Алайда дәуір көшті. Біз отырықшылыққа келдік. Күй шығару бәсеңдеді. Біз классикаға айналған дәуірдің күйлерінен айырылып қалмай, сақтап, рухани мұра ретінде қастерлеп орындай берсек сол жеткілікті», – деп қорытты зерттеуші.Қазақ домбырадан ешқашан ажырамайды Күй өнерінің тарихы әрқашан сынақтар мен тауқыметті бастан кешіріп келген. Күй өнерінің шыңы саналатын ХІХ ғасырдың тауқыметі аз болмаған. Сәрсенғали Жүзбайдың тұжырымдауынша, отаршылық кезінде қазақ өз жерінен ығыса бастап, орыс бері ірге тебе бастаған кезде қазақ руханиятына ауыр кезең туған. Басқыншылық дәуірінде жыршылық өнері, жыраулық өнеріне соққы болып тиіп, Махамбеттің дәуірі, Кенесары заманындағы жорық жыршылары жойылып кеткен. Осы ауыртпалық күйшілікті де айналып өтпепті.
«Тәттімбеттер ақтарылып, төгіліп күй тартып өтті» деп ешкім айта алмайды. Одан бергі дәуірге келсе, 17-ші жылдан кейінгі кезең тіптен зұлмат болды. Қазақтың игі жақсылары жалмаған 37-ші жылға дейінгі аралықта қазақтың біраз күйшілері репрессияға ұшырады. Батыс өңірінде «Ақсақ құланды» жеткізген Қамбар Медетов деген күйші өткен. 1937 жылы жазықсыз атылып кеткен. Қыздарбек, Әбди, Сенбі деген Арқаның күйшілері. Бертінгі Аққыз күйшіге дейін осылай болған. Тәттімбетті күйін толайым жеткізген Әбікен Хасенов деген күйші өткен. Ол кісі Алматыда өле-өлгенше Әкемтеатрда актер болып жұмыс істеген, оның өзінде Сәкен Сейфуллинді сағалап барып күн кешкен. Оның күйшілігін ешкімге білдірмей келген. Сапарғали Бегалин күйшіні Латиф Хамидиге алып барып, сол жерде шерткен күйлерін үнтаспаға, нотаға жазып алды. Тәттімбеттің мұрасы бізге солай жетті», – деді Сәрсенғали Жүзбай.Күйші оқу орындарында күйден сабақ беретін ұстаздарды күйшілік мектептері бойынша бөлуді ұсынды. Осы арқылы мектердеің сабақтастығын үзбей сақтап қалуға болады. Өйткені қазір бір ұстаз бүкіл күйшілік мектептерінен сабақ береді. Ал күйдің барлық мектептерін бір адам біле бермейді, игере алуы қиын. Сөз соңын Сәрсенғали Жүзбайдың «Күйшілік өнер қазақ ұлты қанша жасайды, күйшілік өнері сонша жасайды» дегенімен түйіндегіміз келеді.
Жәнібек АМАНГЕЛДІ