Дария суының деңгейі алаңдатады

Дария суы

Соңғы күндері Сырдарияны жағалай қоныстанған қалың ел тасқын судың қау­піне алаңдап отыр. Себебі биыл «Шардара» су қоймасы мерзімінен бұрын толып, көктемде елді мекендерді су басуы ықтимал.

Мамандар су қоймасында апат бола қал­са 22 елді мекенді су шайып кетуі мүмкін екенін айтады. Ал ол елді мекендерде 34 мың халық зардап шегеді.

Қызылордалықтар да дария суынан келер қауіпке алаңдаулы. Оның үстіне биыл су қоймаларына су жылдағыдан мол келіп жатыр. Сала мамандарының мәліметінше, бүгінде Шардара су қоймасынан төменгі ағысқа секундына 800 текше метр су жібері­ліп жатыр екен. Соның негізінде «Көксарай» су реттегішіне секундына 200 текше метр су келеді. Ал Сырдария өзенінің төменгі ағы­сына секундына 600 текше метр су жіберіліп жатса керек.

Дегенмен Арал-Сырдария инспекциясы жағдайдың толық бақылауда екенін айтып сендірді. Инспекцияның бөлім басшысы Сейітхан Абуовтың айтуынша, Сыр суы Арнасай ойпатына жіберілген.

 «Сырдарияның арнасынан асып кетпеуі үшін Арнасай ойпатына секундына 300 тек­ше метр су жіберіп жатырмыз. Бұл тұрғыда Арал теңізіне жиналған судың көлемі 19,06 миллиард текше метрге жетті. Яғни, теңіздің су деңгейі айтарлықтай көтерілді. Соңғы күндері ауа райының күрт суытуына байланысты Сырдария өзенінің иіндерін мұз жабындысы басты. Қазір жағдай толық бақылануда», – дейді маман.

Жағдай бақылауда дегенімен, қамдан­ғанның қапы қалмайтынын ұмытпаған жөн. Бұл тұрғыда Үкімет деңгейінде арнайы ведомствоаралық штаб құрылып, тиісті жұ­мыстар қолға алынбаса, жағдай тіптен қиын­дауы мүмкін. Су мамандары осылай деп да­был қағады.

Ал «Қазсушар» РМК Қызылорда об­лыстық филиалы тарапынан бұл мәселе күн тәртібінде тұрғанын мәлімдеп отыр.

«Бүгінде облыс аумағындағы стратегия­лық маңызы бар су тораптарын пайдалануда қауіпсіздікті қамтамасыз ету шаралары тран­зиттік режимде жүргізілуде. Бүгінде Сыр­дария өзеніндегі мұз ұстасу жағдайына бай­ланысты Қызылорда су торабына дейінгі су деңгейін төмендету үшін Жаңақорған, Шиелі аудандары аумағындағы каналдармен секундына 131,5 текше метр су алынуда. Қазір Сырдария өзенінің солтүстік аумағын­да толық мұз қатуы байқалады. Ал Көктөбе су бекетінде 10-15 пайыз күр жүруде. Деген­мен Төменарық су бекеті тұсы күрден тазар­ған», – деді «Қазсушар» РМК Қызылорда облыстық филиалы директорының орын­басары Жорабек Ерназаров.

Су тасқынының алдын алу үшін Арал теңізіне жіберілген су, құрғаған теңіз ұлтанын қайта қалпына келтіруге де мүмкіндік бер­мек. Соған орай жыл басынан бері теңіздің солтүстік бөлігіне 100 млн текше метр су жі­бе­ріліпті.

Негізінен, бүгінде Қызылорда облысы аумағына артығымен су келіп жатыр деген де ақпар бар. Бұл тұрғыда мамандар соңғы 5 жылда кеуіп қалған ескі арналарға су барып, 200-ге жуық ірілі-ұсақты көлдің 70 пайызы суға толғанын айтады. Тек қана респуб­лика­лық меншіктегі 11 канал арқылы Қызылорда су торабына дейін 131,5 текше метр су алы­нып жатыр. Оның қатарында Күміскеткен, Қалғандария, Бұлақтыкөл көлдер жүйесі бар.

Сушылардың көктемде селден қауіп төнбей ме деп ерте қамдануының өзіндік сыры бар. Себебі Сырдария суының 93 пайызы Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан елдері арқылы келеді. Биыл бұл елдердің таулы аймақтарында жауын-шашын молынан түскен. Сондықтан да су мөлшері жылдағыдан артығымен келіп жатыр. Яғни, былтыр осы кезеңінде Шардара су қоймасына 2 млрд 200 текше метр су келсе, биылғы жылы бұл көрсеткіш 2 есе ұлғайған.

Қызылорда облысы

Байқау айқын
Байқау айқын
Aikyn.kz | Бүгінгі жаңалықтар. Әлем және Қазақстан жаңалықтары.