Мерзімді басылымдардың бағдары айқындалды
Мерзімді басылымдардың бағдары айқындалды
483
оқылды
Астанада Өңірлік мер­зімді басылымдар форумы өтіп жатыр. Жиынға Пре­мьер-Министрдің орынба­сары Алтай Көлгінов, Сенат депутаты Нұртөре Жүсіп, Ақ­парат және қоғамдық да­му министрі Дархан Қы­дырәлі, Президент жанын­дағы Орталық коммуни­ка­циялар қызметінің дирек­торы Асқар Омаров пен өңір­лерден келген 200-ден астам БАҚ өкілі қатысты. Бұл жиында басылымдардың барлық мәселесі жан-жақты талқылануда. Ең алдымен, Премьер-Ми­нистрдің орынбасары Алтай Көлгінов қазіргі заманда ақпарат­тың анық-қанығын ажыратып, шы­найы мәліметті елге жеткізе білу өте маңызды екеніне тоқ­талды.
«2016 жылы Қазақстанда 2 мыңға жуық БАҚ тіркелген болса, бүгінде ұзын саны 5 мың­нан асты. Оның 70 пайызы баспа мен мерзімді басылымдар. Бұл – медиа саласының қарқынды даму әлеуетінің ұлғайғаны мен оның болшағының зор екенінің дәлелі. Отандық медианың әлеуе­тін одан әрі дамыту үшін алды­мыз­да ауқымды міндет бар. Мем­лекет басшысы өзінің сайлауалды бағдарламасында еліміздегі ақ­параттық саясатты, азаматтық қоғаммен байланысты жақсарту бойынша нақты тапсырмалар берді. Осы орайда, өңірлік БАҚ-тың оқырманының саны мен ба­сылым таралымын қайта кө­бейту, қаржыландыру және тех­никалық жаңарту, уақытылы жеткізу мен жергілікті БАҚ-тың ахуалын жақсарту бағытында министрлік жергілікті атқарушы органдармен бірлесе жұмыс істеуі керек», – деді Алтай Көлгінов.
Журналистердің ресми мәліметтерге қолы жете бермейтіні ақиқат. Бұл мә­селеге қатысты министр Дархан Қы­дырәлі жур­налистің сауалын жауапсыз қалдырған мем­лекеттік қызметкерлер жауапқа тарты­латынын айтып өтті. Алдағы уақытта жур­налистердің сауал­дарына жауап беру мер­зімі 3-5 күнге дейін қысқарады.
«Осыған дейін медиа индустрияны да­мыту үшін Astana Media Week халық­ара­лық медиа апталығын, Орталық Азия ме­диа форумын өткіздік. Қазақстанда өт­кен жиын­ға шетелден экс-прези­денттер, Пу­ли­цер сыйлығының иегер­лері, медиа сала­сының майталмандары, бас-аяғы 300-ден астам делегат қатысты. Алқа мәжі­лісінде БАҚ мәселесін тал­қыладық. Енді мерзімді басылымдардың ахуалын талдап, бағыт-бағдарын сара­лауды қолға алып отырмыз. Мерзімді ба­сылымдар – журна­листиканың алғаш­қы мектебі. Қазақтың көптеген көр­некті тұлғасы тырнақалды туындыларын жер­гілікті БАҚ-та жария­лап, елге танылды. Баспасөздің қай уа­қыт­та да қоғамда ала­тын орны ерекше», – деді Дархан Қыдырәлі.
форум Екі күндік форум аясында қазақстан­дық БАҚ саласының мамандары тәжі­ри­беле­р­імен бөлісіп, заманауи медиа кеңіс­тік­тегі басты мәселелер бойынша пікір­ле­рін ортаға салады. Бұл орайда форумда «АЙҚЫН-ЛИТЕР» ЖШС директоры Ысқақ Егембердиев менеджменттің тетік­терін білу арқылы оқырман санын әлде­қайда көбейту мәселесін сөз етті.
«Кез келген газетке жарнама берген тұ­ты­нушы ең алдымен сол газеттің са­пасы мен санына мән береді. Әлеуметтік желі­дегі па­рақшалар қаншалықты жыл­дам болса да, газеттердегідей ақпаратты жан-жақ­ты то­лық­қанды бере алмайды. Сол себепті газет пен сайт­тың ұжымы бө­лек. Олар бір-біріне ба­ғынбайды, сон­дықтан да олар дербес», – деді ол.
Алдағы кезеңде бұл форумды дәстүрлі түрде өткізілмек. Бастысы, жиында көте­рілген жергілікті басылымдардың өзекті мәселелері тиісті деңгейде қаралады.