Көшіміз көлікті болмай тұр
Көшіміз көлікті болмай тұр
1,222
оқылды
Тәуелсіздік алғаннан бастап 2023 жылға дейінгі аралықта елі­мізге 1 млн 107 мың қандасымыз келген екен. Тарихи отанына орал­ған этникалық қазақтардың саны аз емес екені көрініп тұр. Бі­рақ бұдан көші-қонның жайы оңалып кетті деуге әлі де болса келмейді. Өйткені келгендердің санынан кеткен азаматтардың саны басымдау болып барады. Онсыз да халық саны 20 мил­лион­ға енді жуықтаған мемлекет үшін бұл бас ауыртар мәселеге айналуы тиіс. Кеткендер көбейіп, келгендер азаюда Жалпы, көштің қарқыны соңғы онжыл­дық шамасында біршама бәсеңдеді. Әсі­ресе, 2020 жылы бұны анық байқадық. Сол жылы елге 13 мың этникалық қазақ қоныс­тануға келгені мәлім. Ал содан бір жыл бұрын – 2019 жылы 17,7 мың адам келген болатын. Біздің ойымызша, дәл аталған тұста азаматтардың сирегенінің екі себебі бар: біріншісі – пандемия. Бұл қандастар көшіне кедергі болғаны анық. Екіншісі, атажұртқа оралған ағайындардың ішінде әлі Қазақстан азаматтығын ала алмай жүргендер көп. Елге келеді, келгеннен күйін тіршілік өзіне жұтпай қоймасы бел­гілі, жұмыс істеу керек, қоғамға бейімделгені абзал. Оған «қандас» мәртебесі аздық етеді. Азаматтық алуда қағазбастылық әлі бар екені жасырын емес. 2021 жылдан бастап қандастар азаматтық алу үшін жинауы тиіс 46 құжат 26 құжатқа азайтылды. Бірақ Көші-қон қызметі, Халыққа қызмет көр­сету орталығы секілді құзырлы орындардан көңілі қалған ағайын амалсыз қоғамдық ұйымдарға көптеп жүгінеді. «Көші-қон туралы» заң тармақтарында қарама-қайшылықтың көп екені жиі айты­лады. Жат жердегі қандастарымызды ата­жұртқа қайтару мемлекеттік саясаттың ба­сым бағыты бола тұра, жағдай мәз емес. Бә­рінен бұрын, олардың жанына бататы­ны – көбі қазақ бола тұра сонысын дәлел­дей алмай әлек болып жүр. Жоғарыда айтқа­ны­мыздай, азаматтығы болмаған соң не жұ­мыс жоқ, дәрігерге қаралу, білім алу мүм­кін­дігі жоқ, қысқасы, құжатын реттей ал­май сандалып жүргендерді құқық қорғау органдары да бір жағынан қыспаққа алады. Бұл жайттарды алыстағы ағайын естімейді емес, шет-жағасын байқайды. Ақырында көңіл күйіне әсер етпей қоймасы шын. «Отандастар» қорының дерегіне сенсек, жыл сайын он мыңдаған қандас азаматтық алуға жәрдем көрсетуді сұрайды. Сонымен, былтырғы жағдайға көз жү­гір­тейік. 2022 жылы жалпы, 19 178 этни­калық қазақ тарихи отанымен табысып, қандас мәртебесін алған. Өсім бар секілді көрінгені­мен, былтыр айналдырған 10 айда 22 мыңға жуық адам елден көшіп кеткенін ескерген аб­зал. Бұл тақырыпқа әлі де тоқ­таламыз. Шетелдерді де әр саладағы маман тапшылығы жағадан алып жатыр. Жоғары жалақы үшін елімізден білікті дәрігерлер мен жаңа техно­логияны меңгерген ға­лым­дар шекара асуда. [caption id="attachment_237728" align="aligncenter" width="1684"]көш © коллаж: Қуаныш Сапарбай[/caption] Қош, біз мұның бәріне түбегейлі Үкі­метті кінәлаудан аулақпыз. Экономикалық әл-ауқат пен шама-шарқын ескеріп, қан­дастарға қолайлы жағдай жасауға тырысады. Дегенмен бұл айтылған мәселелерді жоюға аздық етіп отыр. Әйтеуір Еңбек және ха­лықты әлеуметтік қорғау министрлігі биыл қандастар мен қоныс аударушыларға 8 652 өңірлік квота бөлгенін жариялады. Был­тырғыға қарағанда 566 санға жоғары. Көбі тұрғындары аз Солтүстік Қазақстан, Қос­танай, Абай, Шығыс Қазақстан, Ақмола және Павлодар облысына жіберілмек. Қан­дастар мен қоныс аударушыларды қол­дау үшін қосымша субсидия түрінде көмек беру қарастырылады. Атап айтқанда, көшу үшін отбасының әрбір мүшесіне 70 АЕК (241,5 мың теңге) көлемінде біржолғы төлем беріледі. Бір отбасына 12 ай ішінде тұрғын үйді жалдау (жалға алу) және ком­муналдық қызметтерге ақы төлеу бойынша шығыстарды жабу үшін 15-тен 30 АЕК-ке дейін (51,7-ден 103,5 мың теңгеге дейін) төленеді. Аз ба, көп пе, оқырманның өзі бағамдай жатар. Бір анығы, 2000-жылдар шамасындағыдай елін аңсап жыл сайын 30-40 мың адамның келмейтіні анық. Шетелде жүргендердің біразы ендігі өзі өмір сүретін ортаға сіңіп те кеткендей. 7 миллион адамның жаңғырығы бар Ал шетелде қанша қандасымыз ғұмыр кешуде? Бұған қатысты пікір көп. Біреу 2 миллионмен шектеледі десе, басқасы 5 миллионның маңайын сөз етеді. Дегенмен «Отандастар» қорының мәліметі бойынша шет елдерде 7 миллионға жуық қазақ өмір сүріп жатыр екен. Ойлап қараңыз, бұл сан Қазақстан халқының 38 пайызымен тең, ұлтқа жіктер болсақ, қазақ халқының тең жартысы. Олардың көбін көшіріп үлгер­генде адами капитал жағын көтеруге мүм­кіндік туар еді. Сырттағыны айтамыз-ау, алайда іштегінің өзін сақтай алмай жүр­геніміз ащы да болса шындық. Жыл сайын шетел асатын Қазақстан азаматтары азаяр емес. Тек 2019 жылы 45 мың қазақстандық келешек мекенін ше­караның арғы бетінен тапқан. Бір ауданның халқын жоғалттық деп айтуға толық негіз бар. Мемлекет ай-күннің аманында өз азаматтарынан «тірідей айырылып жатыр». Бірақ себеп неде, өзге ұлттар тарихи Ота­нына бет алды ма, әлде өмір сүру қиындады ма? Соңғы 2011-2021 жылдар арасында Қазақстаннан 332 мыңнан аса адам кетіп, 220 мыңға жуық азамат көшіп келген. 112 мың айырма жатыр. БҰҰ мәліметінше, Қа­зақстанда дүниеге келген әрбір бесінші азамат шетелде жүр. Әрине, жұмыс бабымен жүргендерді де қосқаны анық. Былтыр да жағдай сол. Жоғарыда былтыр 19 мың қандас келгенін айттық. Дегенмен кеткен­дердің саны тағы көбірек. «Азаматтарымыз жат жерге көшкеннен мемлекетке нендей зиян бар?» деуіңіз мүмкін. Бұл мәселе жө­нінде көптен бері айтып жүрген экономист Қайрат Бодауханның сөзінше, халықтың саны мемлекеттің абыройына тікелей әсер етуші күш саналады.
– Қазақстанның демографиялық ахуа­лы төмен болып есептелетін 5 өңір – Ақ­мола, Шығыс Қазақстан, Қостанай, Павло­дар, Солтүстік Қазақстан облыстарындағы жағдай шынында алаңдатады. Кейінгі 2016-2021 жыл аралығында аталған өңір­лердегі сыртқы көші-қон сальдосы – минус 87 633 адам, ал ішкі көші-қон сальдосы ми­нус 86 098 адам болған. Мұндай фак­торлар халық санының азаюына, елді мекендердің депопуляциялық үрдісінің бе­лең алуына, еңбек ресурстарының жетіс­пеушілігіне, ел экономикасының өсу қар­қынының төмендеуіне, халықаралық аре­нада мемлекеттің беделін төмендетуге және елдің инвестициялық тартымдылығының азаюына соқтырады, – дейді экономист.
Басқадан бұрын, шетелге кеткен еңбек­ке қабілетті жандар арқылы мемлекет бағалы ресурстарын жоғалтады. Әрине, кез келген адамның өмір сүру құқы бар, соған сай тұрақтайтын мекенін, тілін, дінін өз еркімен таңдауы мүмкін. Бізді алаңдататыны – өзге елге үдере көшкен азаматтар саны­ның өсуі және келіп жатқан қандастар санының көңіл көншітпейтіні. Кеткендер арасында ел болашағы үшін бір кісідей пай­дасын тигізе алатын әр саланың мамандары бар екені даусыз. Сондықтан еліміз қан­дастар арқылы еңбек қажеттілігін өтеп, де­мографиялық, экономикалық мәселе­лерді аз да болса шешкен болар еді. Көштің көркі – қандастар.