Атыраулық оқушылар экожылыжай салады
Атыраулық оқушылар экожылыжай салады
1,109
оқылды
Атыраулық оқушылар жылыжай салғалы жатыр. Мұндай ерекше мүмкіндікті оқушылар «Nxplorers: Жасыл ұрпақ бәйгесі 2.0» республикалық ғылыми жобалар конкурсында жеңіп алды. Ауа сапасын жақсартуға арналған фи­торе­мидианттық қасиеті бар өсімдіктерді өсіруге бағыт­талған жылыжай жобасы эко­логиялық ахуалды жақсартуға септігін тигізбек. 39 команданың ішінен оқ бойы озық шық­қан атыраулық оқушылардың жобасы экологиялық мәселені шешуге бағыт­талуы­мен құнды. Бірі 9-сыныпта, енді бірі 11-сыныпта сыныпта оқитын Нұрдәулет Серікұлы пен Рустам Жабагин мектеп жасында жүріп осындай ауқымды жобаны жүзеге асыру мүмкіндігін иеленеміз деп тіпті де ойламаса керек. Рустам Атырау қаласындағы Жамбыл атындағы №21 мектептің 11-сыныбында оқи­ды. Нұрдәулет – Атырау қаласы маңын­дағы Алмалы ауылындағы орта мектебінің 9-сынып оқушысы. Ғылыми жоба жасап, серіктес атанған оларды Абай атын­дағы оқушылар сарайының JasSpace кеңістігі кездестір­ген.
«Рустам екеуміздің кездесуіміздің өзі қызық болды. Біз былтыр жазда STEAM ба­ғыт­та тегін білім беретін JasSpace кеңіс­тігінде «Робототехника», «Ағашпен жұмыс», «STEAM кіріктірілген био­логия» курстарында оқып жүріп таныстық. Өз басым сол уақыттан бері STEAM кеңіс­тікке үзбей келіп жүрмін», – дейді Нұр­дәулет.
Ол ғылыми жобаны зерттеу, дайындау кезеңі өзі үшін құнды тәжірибе болғанын айтады.
«Біздің жобамыз экологияны жақсартуға арналған. Экожылыжайда фиторемидианттық қасиеті бар өсімдіктер өсіреміз. Мұнда өсімдіктер тамшылатып суару әдісімен өсіріледі. Жылыжайда фитолампалар орнатылады. Сонымен бірге арудино арқылы жабдықталған құрылғы болады. Құрылғы жылыжайдағы ылғал мен ауа температура­сын өл­шеп тұрады. Жылыжайда шпинат, күнба­ғыс сынды өсімдік өсіруді жоспарлап отыр­мыз», – деді Нұрдәулет.
Жас ғалымдар ауа тазалығы адамзат үшін нөмірі бірінші мәселе екеніне сенімді.
«Әрине, біз жобамыз арқылы бүкіл планетаның ауасын тазартып жібереміз дей алмаймыз. Біздің жобамыз макет түрінде қалмай, іске асырылады. Осылайша, жы­лыжай­ды өзіміз күнделікті келіп, білім алып жүрген JasSpace кеңістігіне орна­тамыз деп шештік», – дейді жас ғалымның бірі Рустам Жабагин.
Микробиолог ғалым Жанар Нұртөлеу ғылыми жетекші ретінде оқушыларды конкурсқа дайын­даған.
«Мен жеңістен бұрын балаларды өз мүмкіндігіне­ сендіруді мақсат еттім. «Конкурсқа қатысамыз, экологиялық жылыжай жасаймыз» деп оқушылар алды­ма келген кезде балалардың көзінен ерек­ше бір от байқадым. Оқушылар жо­баны жасау процесіне уақытпен санаспай жүріп, атсалысты. Бастысы, балалар бұл жобаның қоғамға пайдасын әкелетініне сенді», – дейді ол.
Жас ғалымдарға жетекшілік еткен микробиолог Жанар Нұртөлеудің айтуын­ша, конкурс шартына сәйкес, жоба алты айда іске асырылуы тиіс. «Жылыжайдағы өсімдіктер ауадан, топы­рақтан түрлі зиянды химиялық қосы­лыс­­тарды бө­ліп алып, оны ыдыратады. Сондай-ақ ауа мен то­пырақтағы зиянды қо­сылыстарды пайдалы заттарға айнал­дырады. Соның нәтижесінде оттегі қоры мо­лайып, ғимараттағы ауа сапасы жақсарады. Әзірге біз шпинат, күнбағыс сияқты өсім­діктерді өсіруді жоспарлап отырмыз.
Ауа сапасының жақсаруы адам ден­саулығына жақсы әсер етеді. Иммунитет күшейеді, метаболизм қалыпқа келеді, жүйке жүйесінің жұмысы қалыпқа түседі», – дейді ғалым.
Оқушылар арасындағы ғылыми жа­рыс­тардың жеңімпазы ретінде элиталық мектептің шәкірттерін танитынымыз жасырын емес. Рустам мен Нұрдәу­леттің жеңісі барлық оқушының мүмкіндігі тең екенін дәлелдеді. Қарапайым мектепте оқитын балалар JasSpace кеңістігінде қосымша білім алу арқылы үлкен мүмкін­дікке жол ашылатынын көрсетті. Тағы бір айта кетерлігі, ауаны тазарту – Атырау үшін өзекті мәселе. Былтыр ғана Атырау ауасы ең лас қалалардың қатарына енді. Ал жақында Экология министрлігі Атырауда ауа атмосферасы­ның 46 пайызы ластанғанын ашық мәлімдеді. Өңір ауасын ластаушы көздің бірі – Атырау мұнай өңдеу зауыты екенін ескерсек, тек өткен жылы аталған кәсіпорыннан шығатын ластаушы заттар 23 мың тоннаны құраған. Орны толмас экологиялық апаттың алдында тұрған Атырауда енді оқушы­лардың жасыл жобаларының өміршеңдігін қамтамасыз ететін тетіктер керек-ақ...

Атырау облысы