Қазақ музыкасының тарихына арналған еңбектерде белгілі өнерпаздардың өмірі мен шығармашылығы туралы аз жазылған жоқ. Дегенмен олардың бір-бірімен кездесуі, өзара қарым-қатынасы, шығармашылық байланысы жөніндегі деректер сирек ұшырасады. Мұндай мәліметтер сақталмаған ба, әлде зерттеушілердің назарынан тыс қалған ба – ол жағы белгісіз. Бүгін оқырман назарына осындай қызықты тарихи деректердің бірін ұсынғымыз келеді. Әңгіме қазақтың екі әйгілі әншісі – Әміре Қашаубаев пен Майра Уәлиқызының алғашқы кездесуі туралы.
Белгілі ғалым Қайым Мұхамедханов өз еңбегінде осы екі өнерпаздың кездесуі жөнінде құнды мәлімет келтіреді. Ол бұл оқиғаны Әмірені көзімен көріп, жанында жүріп, өнеріне куә болған шәкірті Мұқатай Тоқжігітовтің естелігі негізінде баяндайды. Аталған естелік 1964 жылы «Ертіс» (қазіргі «Семей таңы») газетінде жарияланған.
Біздіңше, бұл – қазақ музыкасының тарихын зерттеушілер мен өнертанушылар үшін аса құнды дерек. Өйткені мұнда екі әйгілі әншінің алғашқы жүздесуі ғана емес, олардың бір-бірінің өнеріне берген бағасы, сол кезеңдегі музыкалық орта мен өнер адамдарының өзара қарым-қатынасы да көрініс тапқан.
Оқиға Семей қаласында болған. Әміре Қашаубаев бірде жауырыны жерге тимеген атақты палуан Белбайдың Қажені және басқа да таныстарымен бірге бір мәжілісте бас қосады. Сол отырыста Қажен төбелес шығарып, Әміренің көңіліне тиеді. Ертеңіне палуан Әміреге келіп, кешірім сұрайды. Әңгіме барысында Әміренің жаңалыққа құмар екенін білетін Қажен оған Әбілмәжіннің жақында үйленгенін айтады. Әнші келіншекті қайдан алғанын, кім екенін сұрағанда, Қажен оның нақты кім екенін білмейтінін, тек Кереку жақтан келген, керемет әнші дегенді естігенін жеткізеді. «Әнші» деген сөзді естіген Әміре бірден елең етіп, Әбілмәжіннің үйіне барып, жаңа түскен келіншектің өнерін тыңдауды ұсынады.
Үйге жетіп, аман-саулықтан кейін, үй иесі өзі жөнді айтады:
- Жеңгең Әміре сияқты әнші өзі, – деді Әбілмәжін масаттанып.
Қазақ ғұрпын сақтағаны ма, әлде қызғанғаны ма, кім білсін, келінді оң жақтағы батсайы шымылдықтың ішіне отырғызып қойған екен.
Әбілмәжін оны айтып, мұны айтып, әрі-бері жосылды да, төрде тұрған кішкене столдың үстіндегі ақ шүберекпен жабулы қара гармонның бетін ашты.
– Әміре, мынау замандасыңның гармоны, саусағыңды сағындым ғой, бір жорғалатшы. Майра-ау, Майра мен айтқан Әміре осы, жақсылап тыңда, үйреніп ал, – деді Әбілмәжін гармонды Әміреге беріп жатып...
– Паһ шіркін, сақылдап-ақ тұр екен тіпті алып қашады, қол тигізер емес, замандас та осындай болса жарар еді, – деп Әміре Қаженге көзін қысып қойды.
Әміре гармонды қолына алған соң, ән айта жөнеледі. Естелікте оның нақты қандай әндерді орындағаны көрсетілмеген. Дегенмен біздің пайымдауымызша, сол кезде Әміре кейін Мәскеу мен Париж сахналарында шырқаған «Балқадиша», «Қос барабан» секілді әндерді орындаған болуы мүмкін.
Осы жерде Әміренің өнеріне қатысты тағы бір қызықты дерекке назар аударған жөн. Біз Әміре Қашаубаевты көбіне домбырамен ән шырқаған әнші ретінде танимыз. Оның көпшілікке белгілі фотосуреттерінде де қолында домбыра ұстап отырғанын көреміз. Ал Мұқатай Тоқжігітовтің естелігінен Әміренің гармонды, яғни сырнайды да еркін меңгеріп, ән орындағанын аңғаруға болады. Бұл оның жан-жақты, бірнеше аспапта ойнай білген өнерпаз болғанын көрсетеді. Сонымен қатар Әміре екі ішекті домбырамен ғана шектелмей, үш ішекті домбырамен де ән шырқаған екен. Бұл жөнінде әншінің Парижден оралғаннан кейін Семейде берген үлкен концертін тамашалаған адамдардың естеліктерінде айтылады.
Ары қарай оқиық.
Әннің әр түрлісінен екі-үш ауыз өлеңнен айтты да, Әміре Әбілмәжінге гармонды ұстатып:
– Иә, гармонды иесіне бер, лебізін естіртсін... – деді...
Осы мезетте өзгеше бір үн естілді:
– Қызы едім мен Уәлидің атым Майра,
Отыз тіс, көмекейден тілім сайра…
Майра гармонмен ән айта бастағанда, оның даусы аспап үнімен әдемі үйлесті деп жазылады естелікте.
Әншінің өнеріне тәнті болған Әміре Қаженге сыбырлап, әйелдер арасынан мұндай керемет дауысты бұрын естімегенін айтыпты. Осылайша Кереку өңірінің атақты әншісі Майра Уәлиқызы мен Әміре Қашаубаев алғаш рет кездескен екен.
Бұл еңбекте Қайым Мұхамедханов тағы бір деректі келтіріп кетеді. Яғни бұл Майраның арызы. Арыздың қазақша аудармасы төмендегідей:
1917 жылғы 19 маусымда мен, Заречная Слободка (қазіргі Жаңасемей қаласы – Қ. М.) комиссарының көмекшісі, төмендегідей мазмұнда осы хаттаманы жасадым.
Бүгін кеңсеге Қарқаралы уезінің Абыралы болысында тұратын қазақ Әбілмәжін Дүйсенбиннің әйелі Майра Дүйсенбина келіп, мынадай мәлімдеме жасады:
Кеше, яғни 18 маусым күні Павлодар уезінің Маралды болысынан келген Ғабдолғалим Тулақбаев-Чегулов екі бүйір қалтасына екі револьвер салып, олардың үйіне кірген. Ол Майраның күйеуі Әбілмәжін Дүйсенбинді сұрастырып, бөлменің ішін айнала шолып қарап, біраз тұрғаннан кейін шығып кеткен.
Майра Дүйсенбинаның айтуынша, Ғабдолғалим Тулақбаев-Чегулов Павлодар қаласында бұзақылығымен аты шыққан адам. Теріс қылықтарына байланысты болыстық басқарма оған паспорт бермей отыр. Майраның өзі Павлодар қаласында туғандықтан, оны бұрыннан танитынын жеткізді.
Майра Дүйсенбина аталған адамның өз өміріне қастандық жасамақ ниеті бар деп қауіптенетінін мәлімдеді.
Қазіргі уақытта Ғабдолғалим Тулақбаев-Чегулов Семей қаласының үшінші бөлігіндегі Пастухов қонақүйінде тұрып жатыр.
Осыған байланысты Майра Дүйсенбина оны ұстап, тұрғылықты мекеніне қайтаруды сұрайды.
Арыз берушінің қолы: Манира Дүйсенбина.
(«Манира Дүйсенбина» деп араб әрпімен қол қойған – Қ. М.).
Біздің ойымызша, осы кездесуден кейін Әміре мен Майраның шығармашылық ізденістеріне жаңа серпін берілген болуы мүмкін. Өйткені өнер қашанда өнермен дамиды. Бір өнерпаз өзімен деңгейлес немесе өзінен биік тұрған талант иесін көргенде, оның орындаушылық шеберлігінен үйреніп, өзіндік өнерін жетілдіруге ұмтылады. Мұндай шығармашылық жүздесулер өнер адамдарының дүниетанымын кеңейтіп, жаңа ізденістерге жол ашады. Әсіресе Әміре мен Майрадай өз дәуірінің көрнекті әншілерінің бір-бірінің өнерін тыңдап, өзара әсер алуы заңды құбылыс деп ойлаймыз. Сондықтан Семейде өткен осы алғашқы кездесудің екі әншінің де кейінгі шығармашылық дамуына белгілі бір дәрежеде ықпал етуі әбден мүмкін.
Назар аударыңыз: Бұл мақала авторлық құқықпен қорғалған. Мәтіннің толық нұсқасын көшіру, тарату немесе басқа басылымдарға жариялағанда авторы көрсетіп, Аikyn.kz сайтына белсенді гиперсілтеме беру міндетті. Мақаланың жекелеген бөліктерін пайдаланғанда да осы талап сақталуы тиіс.
