Алматыда әйел 12 жастағы туған ұлын өлтіріп, өзіне-өзі қол салды
Алматыда әйел 12 жастағы туған ұлын өлтіріп, өзіне-өзі қол салды
Фото: видеодан скриншот
2,396
оқылды
Алматыда жантүршігерлік оқиға қаланың қақ ортасындағы көпқабатты үйде болған. 42 жастағы әйел ұйықтап жатқан туған ұлын өлтіріп, артынша өзіне қол салған, – деп хабарлайды Aikyn.kz. КТК арнасының дерегінше, есінен адасқан келіншек 12 жастағы баласын пышақтап тастаған соң бұрынғы күйеуіне аудиохабарлама жіберіп, ішіне жын кіріп кеткенін айтыпты. Полиция оқиғаның мән-жайын анықтап жатыр.
«Алматы қаласының полиция департаменті аталған деректі Алмалы ауданы полиция басқармасы ҚР ҚК 99-бабымен сотқа дейінгі тергеудің бірыңғай тізіліміне тіркегенін хабарлайды. Ер адамның айтуынша, оның бұрынғы әйелінің соңғы айларда жүйкесі ауырған. Аталған дерек бойынша тиісті сараптамалар тағайындалды», – деді Алматы ПД ресми өкілі Салтанат Әзірбек.
Аза бойыңды қаза қылатын оқиға үш күн бұрын қаланың қақ ортасындағы көпқабатты үйлердің бірінде болған. Көршілері жалғызбасты ананың бұрын-соңды оғаш қылығын байқамадық деп отыр. Бірақ қылмыс болған күні таңғы бес шамасында баланың айқайлаған дауысы еміс-еміс естілгенін жеткізді. Бірақ оған тұрғындар аса мән бермеген. Куәгерлер жүйкесі жұқарған әйел үйін ішінен кілттеп, шырт ұйқыда жатқан ұлына алты жерден пышақ сұққанын жеткізді. Ауыр жарақаттан жеткіншек тіл тартпай кеткен. Сосын үйіндегі мысығын да бауыздап тастаған. Қолын қанға малған әйел соңында суицидке барған. Таң алагеуімде бұрынғы әйелінен аудиохабарлама алған күйеуі бірден полиция мен құтқарушыларды шақыртып, пәтерге есікті бұзып кірген.
«Мен куәгер ретінде полициямен бірге пәтердің ішіне кірдім. Әйел баласының жүрек тұсы мен тамағына пышақ сұққан. Іздері көрініп тұрды. Сосын мысықты өлтірген. Ал өзінің кеңірдегін осып жіберіпті. Қорқынышты көріністі әлі ұмыта алмай жүрмін. Марқұмның күйеуімен ажырасқанына бес жылдан асқан. Көрген жерінде амандасып жүреді. Томаға-тұйық әйел еді. Мұндай қатыгездікке баратын адамға мүлдем ұқсамайтын», – дейді оқиға куәгері Елена Красновская.
Бұған дейін Алматыда 3 баласын терезеден лақтырып, соңынан өзі де секіріп кеткен әйел туралы жазған болатынбыз.