Тәуіптер тәлтіректей бастады
Тәуіптер тәлтіректей бастады
538
оқылды
Қазақ атам баяғыда: «Аңқау елге, арамза молда!» – деп айтып кеткен. Соны біле тұра, қараңғыда жүрген халықтың бір тобы «Ойбай, пәлен жерде керемет тәуіп шығыпты. Көзіңді көргізіп жібереді екен, жүрегің тоқтап қалса, сағаттай жүргізіп жібереді екен!» –деген қаңқу сөзге сеніп, сандалып барып жатады. Кезінде Сары әулие деген біреу шықты. Сол кезде, Шымкенттегі орталық стадионға жиналған халықта есеп жоқ еді. Сары әулие жүрген жеріне аунай кеткен әйелдер де табылды. Бала таппай жүрген. Не деген, миларында светі жоқ. А, ия, жарық сәулесі жоқ адамдар еді? Жерге аунап та бала таба ала ма екен? Сары әулиені қойшы, кейіннен Қызылорда жақтан емші бала деген «боқ мұрын» шықты. «Қамшымен арқаңызға бір ұрып жіберсе, арбаға таңылған адамның өзі жүгіріп кетіп, сосын бұрқ құлайды екен, көзіңді «мерседестің» фарындай жарқыратады екен» деген сөздер желдей есті. Оның да емшілігі қысқа болды. Ақшаны уыстап тапты да, тайып тұрды. Бір қызық айтайын. Менің нағашым қант диабетімен ауыратын еді. Интернеттен қыздары бір хабарламаны, яғни жарнаманы оқып беріпті. – Қант диабетін жаза ма екен? – Жазады көке! – дейді қызы. – Қалай? – Атырауға келе алмағандарға дискет жібереді екен. – Ол не пәле? – Ауруға қарсы өзі оқитын дұғалар, тағысын тағылар. – Ойпырмай, ә? – Дискетті тыңдасаңыз жазылып кетеді екенсіз! Сол екен нағашысы «Жазылып кетем, Атырауға қалай жетем, одан да тапсырыс беріп, өзімше нетем!» –деп онлайн тапсырыс береді. Салып ұрып, «курьер» деген жеткізуші келеді. Оған нағашысы сенеді. Беретінін береді. Үйіне келіп, дискетті тыңдап көрсе, «Мұзарт­тың» әндері дейді. Осылай да алданып жүрген қазақ. Ал Түркістан облысында «жы­ныстағы жынды» шығармақ болған имансыз имам, тәлтіректеген тәуіптің дақпырты талайлардың таңдайларын тақ еткізді. «Естімеген елде көп» де­ген осы. Егер рас болса, мына имам­ның тірлігінен шошы! Талай жыл бойы аузынан ақ көбік ағып, қоян­шығы ұстап қалатын ана қы­зын ертіп, әлгі аты дүрілдеп тұр­ған (Аты-жөнін белгілі себептерге бай­ла­нысты өзгертіп алдық) Ай­дарбек Кемелов деген тәуіпке бармайды ма? – Қызыңыздың аузынан жын кіріп кеткен, – дейді тәуіп. – Ия, енді қайттік? –Шығарып тастаймыз. Осы қазір бастаймыз, ештеңеден саспаймыз. – Жазылып кетсе жарар еді. – Қызыңыздың жыны жынысында жасырын­ған. – Көтек! Не дейді? – Жынысы арқылы шығарамыз... Медицинадан жазылар болмаған соң, амалдың жоқтығынан осында келген ана қызының саулығын тілеп, сыртта қалып қояды. Біраз уақыттан кейін қызы шықты. Көзінде мұң. – Бәрі жақсы ма? – Жаман. – Е? – Тәуіп тырдай шешінуімді талап етті. – Ойбай не дейді? – Сипалады. Көзін жұмып. – Ах, оңбаған! Мұндай «сценарийді» кеш түсінген анасы дереу полицияға арыз түсіреді. Бірақ тәлтіректеген тәуіптің: «Олар жала жауып отыр. Мені көре алмағандар әдейі жіберіп отыр», –дегеніне сеніп, істің арты сиыр құйымшақтанып кетеді. Расында, тәуіптің айтқаны рас па? Жала жабылып отыр ма? Әлде, сырқат қыздың айтқаны шындыққа сай келе ме? Бір алла біледі...  

 Ақмарал