Әлден соң автобус бір жерге келіп тоқтады. Жолаушылар жапырлап жерге түсе бастады. Сыбан қасындағы жігіттен:
– Шымкентке жеттік пе? – деп сұрады.
– Қайдағы Шымкент? Алматыдан әлі ұзағанымыз жоқ. Мына жерде үлкен асхана бар. Жолаушылар тамақтанып келіп, қайта мінеді. Аға, сіз де «заправка» жасап келсеңіз-ші, – деді ол.
Сыбанға керегі сол «заправка» еді. Онысын да, мұнысын да қатырып, жұртпен бірге автобусқа келіп жайғасты. Жолаушылардың алды орындықты жайып жіберіп, төсек жасап, жатуға ыңғайланды. Бір пысықай келіншек:
– Жігіттер үстіңгі орынға, қыздар астыңғы орынға жатады, – деп хабарлады.
«Жігіттердің орны сол жақта ғой» деп өзінше түйін жасап, мырс еткен Сыбан жоғарғы орынға жылжып бара жатты. Япырай, астындағы төсеніш тым жұқа болар ма, көп ұзамай жамбасы тесілуге айналды. Онсыз да мазасы кетіп жатқанда бір етжеңділеу келіншек «астыңғы орында ауа жетпеді» деп қасына келіп жатып алмасы бар ма. Сойқанның көкесі алда екен. Жұмсақ диванда жатып үйренген Сыбан дөңбекши берді.
– Не деген жыбырлауық адам едіңіз!? Тыныш жатсаңызшы, ұйқы бермедіңіз ғой, – деп жанындағы келіншек ол аунап түскен сайын қатқыл ескертумен болды.
Жамбасы тесіліп бара жатқан Сыбан бұл түнді көз ілмей өткерді. Қанша шыдап бақса да, әрі-бері аунақшуын қоймады. Қалай шыдайды? Қасыңда кескен теректей болып дөңкиіп, от болып күйіп-жанып келіншек жатыр. Астында-ғы төсеніші жұқа болып, жамбасты тесіп бара жатқаны мынау. Сыбан қыбыр етсе-ақ болды, секемшіл көршісі «ту-у, ұйқы бермедіңіз ғой, жыбырламай жатыңызшы» деп ескертуін қоймады.
Сыбан автобустан сүзек ауруына ұшыраған адамдай сүмпиіп, сүмірейіп түсті. Мұн-Аға! Қасыңыздағы келіншекті түні бойы ұйықтатпадыңыз. Шаруаңыз шатақ болған-ау шамасы, көзіңіз кіртиіп қалыпты, – деп мәз болысты.
Осы кезде әлгі етжеңді келіншек жандарынан өтіп бара жатты. Жігіттердің өзі туралы айтып тұрғанын сезген ол:
– Ағаларыңның жыбырлағаннан басқа қолынан түк те келмейді екен, деп өте берді.
Жігіттер қыран-топан күлкіге қарық болып қалды.
Содан бері Сыбанның «спальный автобус» десе төбе шашы тік тұрады...
Сабырбек ОЛЖАБАЙ