Өңірлік БАҚ – өміршең арна
Өңірлік БАҚ – өміршең арна
872
оқылды
Елордада алғашқы өңірлік мерзімді басылымдар фо­­румы өтті. Басқосуға еліміздің әр өңірінен 200-ден ас­там делегат келді. Олардың қатарында өңірлік басылым бас­шы­лары, бас редакторлар, журналистер, редакция қыз­мет­керлері бар. Жиынға Қазақстан Республикасы Пре­мьер-Министрінің орынбасары Алтай Көлгінов арнайы қатысты. Екі күнге созылған басқосуда түрлі сессиялар, мастер-кластар, тағылымды талқылар ұйымдастырылды. Атап айтқанда, өңірлік БАҚ-ты дамыту, журналистің ықпалы мен мәртебесі, газеттегі жарнама және монетизация әдістері, конвергенттік журналистика, газет тарату және жеткізу, баспа БАҚ-та балалар контентін қалыптастыру, тіл тазалығы секілді панельдік сессияларда маңызды мәселелер талқыланды. Шараға 30-дан аса спикер қатысып, сөз сөйлейді. Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлінің форумда жасаған баяндамасын оқырман назарына ұсынуды жөн көрдік.

РЕДАКЦИЯДАН

  Мерзімді басылымдар, оның ішінде өңірлік БАҚ журналистиканың алғашқы мектебі, алғы шебі іспетті. Аудан-ай­мақ­тарымыздың ардақты азаматтары, зия­лылар қауымы топтасатын өнегелі орта. Қазақтың көптеген көрнекті тұлғалары тырнақалды туындыларын сонда жа­риялап, елге танылды. Былтыр өңірлерге сапарлар кезінде көптеген басылымдардың редакциясына арнайы барып, жай-күйімен жақын танысқан едік. Сол кезде өңірдегі өзекті мәселелерді Астанада ойласамыз деп уәде еткенбіз. Соның орайы бүгін келіп отыр. Бүгінгі басқосу өңірлердегі басы­лымдардың түйінді мәселелерін талқыға салып, болашақты бағамдауда пайдалы болады деген ойдамыз. Біз бұған дейін отандық медиа ин­дустрияны дамыту, іскерлік қатынастарды күшейту мақсатында Astana Media Week халықаралық медиа апталығын ұйым­дастырған едік. Сондай-ақ аймақтағы өзекті мәселелерді ортаға салып, ортақ ақпараттық кеңістік құру мәселесі кө­терілген Орталық Азия медиа форумын өткіздік. Оған өзге мемлекеттерден экс-президенттер, әлемдік медиа саласының белгілі мамандары, Пулицер сыйлы­ғы­ның иегерлері бастаған 300-ден астам делегат қатысты. Енді міне, өңірлік мер­зімді басылымдардың хал-ахуалын аң­дап, жағдайын талдап, бағыт-бағдарын саралаудың кезегі келді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Журналистер өз еліне және азаматтарына шынайы жанашыр болуға тиіс. Бұқаралық ақпарат құралдары бекер «төртінші билік» атанбаса керек. Сол себепті сіздер жұрттың санасы мен се­зіміне ықпал ету мәселесіне мұқият қара­ғандарыңыз жөн», – деп атап өткені белгілі. Цифрлық технологиялар адамзаттың ақпарат тұтыну әдеттерін түбегейлі өз­гертті. Бүгінде газет-журналдардың тара­лымы төмендеп, оқырмандар ақпаратты негізінен интернет-ресурстардан алатын күнге жеттік. Соның салдарынан көп­теген басылымдар өз жұмысын тоқтатуға немесе тираж санын күрт азайтуға мәжбүр болды. Әсіресе, пандемия ке­зінде дәстүрлі баспалар күрделі текто­никалық өзгерістерді бастан кешірді. Бұл қиындықтар өңірлік басылымдарды да айналып өткен жоқ. Тиісті талаптарға сай келмегендіктен, бөлінген қаражат­тардан құр қалып отыр. Кейбір БАҚ-тар түрлі себептермен жекешеленіп те кетті. Мәселен, аудандарда 159 газет жекеге өткен. Бірақ біз өңірлік басылымдарды жекеменшік не мемлекеттік деп бөлмей, барлығына да қолдау көрсетуге әзірміз. Таралымның азаюы, басылымдардың жабылуы бізді ғана емес, бүкіл әлемді мазалап отырған түйіткілді түйін. Мы­салы, АҚШ-та 2005 жылдан бері 2 500-ден астам газет, ал Ұлыбританияда 265 газет жабылған. Көршілес Ресейде соңғы он жылдықта газеттер мен журналдардың саны 40% төмендеген. форум Осы күнге дейін елімізде жабылған газет-журналдардың нақты себептері терең ғылыми тұрғыда зерттеуді қажет етеді. Қазақстандық қоғамдық даму инс­титуты медиа саласындағы осындай мәселелерді кешенді түрде талдап, нақты қорытындылар шығаруға тиіс. Біз қандай шешім қабылдасақ та, ғылыми негізге сүйенгеніміз жөн. Алқалы кеңесте осы мәселелердің шешу жолдарын бірлесе қарастыру үшін өз ойларымды ортаға сала кеткім келеді. Біріншіден, біз журналистердің құ­қықтық мәртебесін көтеріп, әлеуметтік жағдайын жақсарту мақсатында «Масс-медиа туралы» заң қабылдауды көздеп отырмыз. Халықаралық тәжірибелерді ескере отырып әзірленген жаңа заң таяу­да жұртшылық талқылауына шы­ғарылды. Бұл заң жобасы кәсіби журна­листің қоғамдағы орнын айқындап, әлеуетін көтереді деп ойлаймыз. Сонымен бірге Ақпаратқа қол жеткізу мәселелері жөніндегі заңға түзетулер әзірленуде. Ұсынылған өзгерістер, аза­мат­тардың ақпаратқа қол жеткізу құқы­ғ­ын заңсыз шектеген мемлекеттік ор­гандардың жауапкершілігін күшейтеді. Екіншіден, Ақпараттық доктрина талқылаудан өтті. Сондай-ақ Ақпарат саласын дамытудың 2023-2030 жылдарға арналған тұжырымдамасын дайындауға кірістік. Үшіншіден, аймақтағы басылым­дарды қаржыландыру тетігі мен ереже­лерін қайта қарастырып жатырмыз. БАҚ-қа берілетін мемлекеттік тапсы­рыстың талаптарын жеңілдетуге мүдде­ліміз. Атап айтқанда, жергілікті БАҚ-ты қолдау тарифтері 2019 жылдан бері өзгермегені белгілі. Соған байланысты біз тарифтерді ұлғайтуды жоспарлап отырмыз. Бұл шаралар жобалық тәсілде өңірлік мемлекеттік ақпараттық тап­сырысты қалыптастыруға мүмкіндік бе­реді. Сондай-ақ жергілікті БАҚ-қа жаңа серпін беріп, оң әсер етеді деген сенімдеміз. Төртіншіден, Қазақстандық қоғам­дық даму институты базасында жур­налистердің біліктілігін арттыру және салалық журналистиканы дамыту мақ­сатында шеберлік сыныптары өткізіледі. Басылымдардың келбетін қалып­тастыруда сапалы дизайн мен фотоның орны ерекше. Осы ретте газет дизайнын, макетін жетілдіру бағытында халық­ара­лық тәжірибелерге негізделген арнайы дәрістер ұйымдастыру жоспарда бар. Сонымен қатар фотожурналистиканың дамуына ықпал ететін іс-шаралар ретін бастап та кеттік. Өздеріңізге белгілі, Орталық Азия медиа форумына келген Пулитцер сыйлығының иегері, фотожур­налист Лиу Шин журналистерге мастер-класс өткізді. Әйгілі фотографпен бірлес­кен жоба талқылануда. Сондай-ақ өңірлік газеттер-журнал қызметкерлерінің біліктілігін шыңдау мақсатында жақында ғана қайта құ­рыл­ған «Қазақ газеттерінде» және «Қаз­кон­тентте» тәжірибе алмасу жобасы іске қосылады. Жыл бойы өңірлік баспа ба­сылымдарының өкілдері Egemen Qazaq­stan және «Казахстанская правда» сияқты іргелі басылымдарда тәжірибеден өтуге мүмкіндік алады. Бесіншіден, өңірлерге сапарлар және осы форумға дайындық кезінде аймақ­тардағы кейбір басылымдардың тіпті сайты да жоқ екенін анықтадық. Ал кейбір өңірлік басылымдар респуб­ликалық деңгейде тарап отырғанын, сайттарының да жақсы жұмыс істейтінін көрдік. Осыны ескере отырып, өңірлік басылымдардың сайттарын жасау және қолдау, әлеуметтік желілерді тиімді пайдалану бойынша әдістемелік көмек көрсетіледі. Алтыншыдан, пост-шындық кезе­ңінде шындығымызды жоғалтып алмас үшін, баршаға ортақ ережелер мен заң талаптарын басшылыққа алғанымыз жөн. Онлайн-платформалар мен ин­тернет-жарнаманың қызметін реттей­тін жаңа заң әзірленуде. Бұл заң жоба­сы шеңберінде қолданушылардың жауап­кершілігі күшейеді. Осы орайда басы­лымдарымыздың жарнама бе­рушілермен жұмысты жүйелі жолға қойғаны абзал. Жетіншіден, басылымдарды тарату төңірегінде түйткілді түйіндер бар екенін білеміз. Министрлік «Қазпошта» акцио­нерлік қоғамымен баспа басылымда­рын уақтылы жеткізу, жазылуға оңтайлы жағдай жасау туралы меморандумға қол қойды. Сонымен қатар жаңа заң аясында басылымдардан қосымша құн салығын алып тастау қарастырылып жатыр. Бұл жұмыстар да өз нәтижесін береді деген ойдамыз. Сегізіншіден, ақпараттық қауіпсіздік мәселесі де назарда болуы керек. Сон­дықтан елдің шекаралас аудандарында отандық радиохабарлармен қамтуды кеңейту жұмысы күшейтіледі. Шекаралас аймақтарды радиохабар таратумен толық қамтамасыз ету жоспарланып отыр. Тоғызыншы, өңірлік БАҚ-ты қолдау үшін оларда жарық көрген мазмұнды мақалаларды республикалық басы­лым­дарда жариялау тәжірибесін жалғас­тырған жөн. Мысалы, Egemen Qazaq­stan газеті мұндай үрдіс 2017-2018 жыл­дары жүзеге асырылған еді. Бұл ар­қылы ұлттық журналистикадағы шы­ғарма­шылық байланыстар нығайып, өңірлік мәселелерге тұтас еліміздің на­зарын аудара аламыз. Оныншы, шалғай аймақтардағы басылымдарда шыңдалып шыққан жас журналистерді үлкен басылымдарға жұмысқа тарту мәселесін де назарда ұстау керек. Буын алмасуы, дәстүр сабақтас­тығы сәтімен жалғасуға тиіс. БАҚ форумы Қазір дәстүрлі БАҚ-пен қатар, жаңа медиа қарқынды дамып жатыр. Оқыр­манның талғамы мен сұранысы да өз­герді. Технологияның дамуымен баспа саласы да алға жылжыды. Газеттің фор­маты мен формасы да жетіле түсті. Соңғы жылдары дәйекті, дәлелді ақпаратқа сұраныс артты. Пандемия кезінде желідегі жалған ақпарат пен конспирологиядан көз сүрінді. Тұрақсыз кезеңде адамдар жалған мен шынның аражігін ажырату үшін сенімді дереккөзге жүгінді. Оны газеттер мен телеарналардың жоғары рейтингінен байқадық. Жалпы, сапалы журналистика ұсы­натын басылым ретінде дәстүрлі БАҚ-тың құндылығы арта берері анық. Газет­тер соңғы оқырманы қалғанша шыға береді. Бірақ баршамыз оның сапалы шығуына қызмет етуге тиіспіз. Газет – тілдің өрісі. Әлемдік тәжірибе көрсеткендей, көптеген жаңа термин­дердің орнығуында газет журналистерінің еңбегі орасан. Газет тіл құнарлығын сақ­тап, оқу мәдениетін қалыптастырады. Сондықтан интеллектуалды журна­лис­тиканы дамытуға мүдделіміз. Осы ретте бас басылымда еңбек еткен жылдардағы өзімнің жеке тәжірибемді бөлісе кеткім келеді. Egemen Qazaqstan газетіне қызметке келген кезде әріптестер назарына «8С»-дан тұратын стратегияны ұсынған едік. Атап айтсақ:
  1. Сапалы формат;
  2. Сауатты контент;
  3. Сенімді дерек;
  4. Сараптама;
  5. Сын (конструктивті);
  6. Салиқалы сұхбат, сүйекті дүниелер;
  7. Сөйлейтін сурет;
  8. Сайт.
Бұл стратегия өз нәтижесін берді деп ойлаймыз. Газет трансформацияланды, жаңа мазмұнда шыға бастады. Өйткені сапалы да салмақты дүниелер әрдайым оқырман талғамына, уақыт талабына жауап берері анық. Біздің жиын жыл басындағы кеңесу, алдағы бағыт-бағдарды бағамдау іспетті. Сондықтан бұл басқосу тұрақты негізде өтіп тұрады деп жоспарлап отырмыз. Өңірлік мерізімді басылымдар форумы бейнелеп айтсақ, ұстаздар қауымының тамыз кеңесі сияқты дәстүрге айнал­даруды ұсынамын. Редакторлардың редакторы, баспа­сөздің баһадүрі атанған Шерхан Мұртаза «Бас редактор – қоғамның бас дәрігері» дегені баршаңызға белгілі. Қазақстанның әр қиырында қажырлы қызмет етіп, «ауданды жұртымыз, алқалы еліміздің» өсіп-өркендеуіне зор үлес қосып жүрген әріптестеріміздің еңбегі орасан. Олар ордалы отыз жыл ішінде заманның қыспағына қажымай, газетті сақтау үшін жанқиырлықпен қызмет етіп келеді. Бұл – кәсібіне адалдықтың айқын дәлелі. Екі күнге созылған жиын өңір ба­сылымдарының түйінді мәселелерін талқыға салып, болашақты бағамдауда өз септігін тиігізеді деген ойдамыз.  

Дархан ҚЫДЫРӘЛІ, Ақпарат және қоғамдық даму министрі