Шыңғыс Айтматовтың «Ғасырдан да ұзақ күн» романының эпиграф ретінде алынған мынадай сөзі бар:
«Бұл кітап – менің тәнім дегейсің,
Бұл сөз – менің жаным дегейсің...
Григор Нарекаци. «Қасірет кітабы», Х ғасыр».
Жазушының жанын салып жазған шығармасы. Оқиға қазақ жерінде өтеді. Ә дегеннен бар қазаққа таныс көрініс: «Тандыры кепкен өзектер мен тақыр жыралардан қу құлқынға талғау табу үшін зор шыдам керек. Біресе ін қазғыш мақұлықтың шиыр-шимай шалағай ізін кесіп, біресе сарышұнақтың інін апыл-ғұпыл қазып, енді бірде жыраның тұмсығына тығылып қалған атжалман алаңқайға секіріп шықса, мүлт жібермей бас салмақшы болып зарыға аңдып, кәкір-шүкір аулап ақсиған аш түлкі бүлкіл жортақпен алыстан көрінген темір жолға қасара жақындап келе жатты. Даланы қақ жарып, ұзыннан-ұзақ бозамықтана жонданып жатқан шойын жол аш түлкіні әрі ынтықтырып, әрі үрейлендіргендей. Жерге жел ықтырған ащы кермек түтінін будақтатып, әудем жерді дүрсілдетіп, дүр сілкіндіріп, иә шығысқа, иә батысқа қарай пойыздар зулап өтіп жатыр».
Шыңғыс Айтматов – әлемге танымал жазушы. Оның қалам қуатынан туған талай дүние бар. Габриэль Гарсиа Маркестің «Жүз жылдық жалғыздық», Михаил Шолоховтың «Тынық Дон», Эрнест Хемингуэйдің «Шал мен теңіз», Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» эпопеясы сияқты ғасырлық сөз-тұлғалар сөресінде «Қош бол, Гүлсары», «Боранды бекет», «Жанпида», «Кассандра таңбасы» тәрізді кітаптар тұратыны сөзсіз. Қай-қайсысы да адам жанына қозғау салады. Ұйықтап жатқан ойды оятады.
«Қазақ-қырғыз бір туған» деген сөз бар.
– Басыма кидім ақ қалпақ,
Оюлап шетін сырғызған.
Менің де бетім жап-жалпақ
Айырмам қане қырғыздан!? – деп кезінде қазақ ақыны Әбділда Тәжібаев жырлаған еді.
Қырғыз Республикасына жасаған сапары барысында Сенат Төрағасы «Ата-бейіт» мемориалды кешеніне барып, 1916 жылғы қасіретті оқиғалар кезінде құрбан болған азаматтардың рухына тағзым етті. Осы жердегі Шыңғыс Айтматовтың қабіріне зиярат жасады. Сосын Шыңғыс Айтматовтың музей үйін аралап көрді. Мәртебелі меймандарға жазушының ұлы Эльдар Айтматов музейді таныстырып, әкесі туралы естеліктерін бөлісті.
Бішкек қаласында «Шыңғыс Айтматов – қырғыз-қазақ елдерінің рухани байлығы» атты YII қазақ-қырғыз зиялыларының форумы өтті. Бұл жиын Шыңғыс Айтматовтың 95 жылдығына арналды. Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев осы форумда сөз сөйледі. «Біз бүгін бауырлас екі ел үшін маңызды жиында бас қосып отырмыз. Игі дәстүрге айналған қазақ-қырғыз зиялыларының форумы бүгін жетінші рет өткізілуде. Бұл алаң екі елдің зиялы қауымы арасындағы тарихи байланысты одан әрі нығайту үшін ерекше рөл атқарып келеді. Жалпы, қазақ-қырғыз қарым-қатынасының тарихы тереңнен тамыр тартады. Біз ежелден іргелес қонған, тарихымыз да, дәстүріміз де бір бауырлас халықпыз. Біздің мәдениетіміз де, тіліміз де, дініміз де ортақ. Шын мәнінде, қазаққа қырғыздан жақын халық жоқ. Қазақтың ұлы ақыны Мағжан Жұмабаев: «Қырғыз – таудың тарпаңы, қазақ – қырдың құланы», – деп жырлаған. Сол айтқандай, қазақ пен қырғызды құстың қос қанатындай егіз халық десек, артық емес. Осындай достық пен бауырластық ең жоғары деңгейде де жарқын көрініс тауып келеді. Оған екі елдің Президенттері Қасым-Жомарт Тоқаев пен Садыр Нұрғожаұлы Жапаровтың үлкен сенімге негізделген қарым-қатынасы дәлел. Дәл осындай өзара саяси қолдаудың арқасында қазақ-қырғыз байланысы жаңа деңгейге көтерілуде. Қазіргі таңда біздер барлық салада тығыз байланыс орнаттық», – деді.
Сапар барысында Сенат Төрағасы Қырғыз елінің Президенті Садыр Жапаровпен, Қырғыз Республикасы Жоғарғы Кеңесінің Төрағасы Нұрланбек Шакиевпен кездескен болатын. Екі ел арасындағы байланыстар туралы сөз болғанда Садыр Жапаров мырза «Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қырғызстанға жасаған ресми сапары үлкен серпін берді» деп атап өтті.
Ел мен елді жақындастыруда зиялы қауымның рөлі зор. «Адамзаттың Айтматовы» атанған қаламгер – қазаққа да ортақ тұлға. Жазушы қазақ ауылымен іргелес өлкеде дүниеге келген. Шығармаларына қазақтың кең даласын және онда өткен оқиғаларды да арқау еткенін білеміз. Айтматовтың қаламынан туған «Ақ кеме», «Жанпида», «Ғасырдан да ұзақ күн» сияқты шығармалар әлемдік әдебиеттің алтын қорына қосылған құнды қазына екені даусыз. Ұлы жазушының туындылары кеңестік кезеңдегі біржақты идеологияға жұтылмай, адамдық болмысты сақтап қалуға қызмет етті. Шынайы адами құндылықтарды дәріптеп, мәнін түсіндірді. Осылайша, Айтматов шығармаларының бүкіл адамзат үшін маңызы аса зор гуманистік миссиясы болғанын көреміз. Біздер де Шыңғыс Айтматовты бала күнімізден оқып өстік. Оның туындылары бірнеше буынның дүниетанымын қалыптастырды десек, артық бола қоймас. Сондықтан қазақ оқырмандары үшін қаламгердің орны бөлек», – деді Мәулен Сағатханұлы.
Небәрі 20 жастағы Шоқан Уәлиханов «Манас» жырын еуропалық тұрғыда тұңғыш зерттеп: «Манас» – қырғыздың ескі мифтерінен, аңыздарынан, ертегілерінен жиналып, бір адам Манас төңірегіне топталған энциклопедия. «Манас» даланың Иллиадасы», – деп бағалаған. Бұл дәстүрді жалғастырушы Мұхтар Әуезов «Манас» дастанын терең зерттеген болатын. Қазақтың заңғар жазушыс ы, Мемлекеттік және Лениндік сыйлықтар жөніндегі комиссия мүшесі Мұхтар Әуезов жас жазушы Шыңғыс Айтматовтың «Жәмила» хикаятын жаңашыл, тың туынды ретінде бағалайды. Аталған шығарма «Новый мир» журналына 1958 жылы Мұхтар Омарханұлының алғысөзімен жариялануынан бастап, Кеңес Одағы мен әлем оқырмандарына Шыңғыс Айтматовтың аты мәшһүр болды.
«Менің шетелге шығарда төлқұжатымдай қастерлеп өзіммен ала кететін екі ұлы есім бар. Бірі – Манас та, екіншісі – Мұхтар Әуезов. Мен әрқашан сол екеуінің әруағына сыйынып жүремін», – деген Шыңғыс Айтматовпен қазақтың ақын-жазушылары Зейнолла Қабдолов, Қалжан Нұрмаханов, Тахауи Ахтанов, Қалтай Мұхамеджанов, Сейдахмет Бердіқұлов, Асқар Сүлейменов, Шерхан Мұртаза, Әбіш Кекілбаев, Нұрлан Оразалин, Мұхтар Шаханов үлкен достық қарым-қатынас жасап, бауырлас екі халықтың сыйластық үлгісін көрсетті.
Шыңғыс Айтматов есімін әр қазақ ардақ тұтады. Айтматовтың бүкіл шығармашылығы мен өмірі қазақ халқымен тығыз байланысты болды. Жазушы қазақ ауылымен іргелес, қоныстас жерде туып-өскен. Әкесі Төреқұлды Тұрар Рысқұлов қолынан жетектеп жүріп, Ташкентке оқуға түсірген. Кейін қырғыздың көрнекті қоғам қайраткері болды, 1938 жылы «халық жауы» ретінде атылып кеткен Төреқұл Айтматов Т. Рысқұловтың тікелей тәрбиесін көрген шәкірті болған.
Шыңғыс Айтматов орта мектептің 8-сыныбын бітіргеннен кейін, Жамбыл мал дәрігері-зоотехникалық техникумының «ветеринария» бөліміне түсіп, оны ойдағыдай тәмамдаған. Шыңғыс Айтматовтың жоғары білімді маман ретіндегі тұңғыш еңбек жолы Қазақстанда басталған. Жамбыл мал дәрігері-зоотехникалық техникумын аяқтағаннан кейін Қазақстанның Жамбыл облысы Талас ауданындағы Қазақ зоотехникалық-малдәрігерлік ғылыми-зерттеу институтының эксперименттік фермасында зоотехник болып 1953 жылдан 1956 жылға дейін қызмет істейді.
Бұл күнде Айтматов шығармалары ұрпақтан-ұрпаққа жететін құнды мұраға айналды. Қанша буын әйгілі жазушы туындыларын оқып, сусындап өсті. Оның шығармалары 176 тілге аударылып, әлемнің 128 елінде 100 миллион данамен басып шығарылған. Қазақ Елі Шыңғыс Айтматовтың еңбектерін жоғары бағалап, оған Қазақстанның Халық жазушысы деген құрметті атақ беріп, марапаттады. Астанада бауырлас елдер – Қазақстан мен Қырғыз Республикасы арасындағы достық-туыстық байланыстың тамаша үлгісі ретінде жазушының атына көше берілді.
Сенат Төрағасы «Қырғыздың белгілі режиссерлері Болот Шамшиев және Толомуш Өкеев Мұхтар Әуезовтің «Қараш-Қараш оқиғасы» мен «Көксерегін» кинотуындыға айналдырды. Айтматовтың «Қош бол, Гүлсарысын» қазақ режиссері Ардақ Әмірқұлов кино тілінде қалың көрерменге жеткізді. Қазіргі таңда осы ынтымақтастық жалғасын табуда. Бірнеше ай бұрын Қазақстанда Қырғыз Республикасының Мәдениет күндері табысты өткені белгілі. Мұндай мәдени іс-шаралар екі ел арасында жүйелі түрде өткізіліп келе жатыр. Осы қалыптасқан дәстүрді әрі қарай нығайта түскен жөн деп есептейміз», – деп алдағы мәдени-рухани байланыстар арнасына қатысты ұсыныстарын жеткізді.
«Қазір әлемдік ахуал өте күрделі. Жаһанда және өңірімізге жақын аумақтарда болып жатқан оқиғалар бәрімізді алаңдатып отыр. Осындай қиын-қыстау кезеңде біз ортақ тарих қалыптастырған бірлігімізге бекем болуға тиіспіз. Әлеуметтік-экономикалық және өзге де бағыттар бойынша бірлесіп жұмыс істеу аса маңызды. Сол себепті, екі елдің басшылары қысқа мерзімде бірнеше рет кездескенін жақсы білеміз. Расымен, біздің болашағымыз бүгінгі қарым-қатынасымызға тікелей байланысты. Бұл ретте де зиялы қауым өкілдерінің алатын орны бөлек. Жалпы, интеллигенцияның арасындағы қарым-қатынасты салалық деңгейде, тар ауқымда қарастырмау керек», – деп Мәулен Сағатханұлы екі бауырлас ел арасындағы рухани дәнекерлік жүгін зиялы қауым көтеруі тиіс деген ойды айтты.
Зиялы қауым ортақ әдеби-мәдени құндылықтарымызды байытып қана қоймай, екі халықтың ынтымағын арттыруда маңызды рөл атқаратыны сөзсіз. Зиялы қауымды «рухани елшілер» деп бекер атамайды. Өзара бауырластықты бекемдеуде Қазақстан мен Қырғыз Республикасының зиялылары екі елді одан әрі жақындастыру үшін бірлесіп, нәтижелі еңбек етері анық.
Сондай-ақ қазақ-қырғыз байланысын нығайту ісінен екі елдің халық қалаулылары да қалыс қалып жатқан жоқ. Осы кездесулер барысында парламентаралық ынтымақтастықты бекемдеу мәселелеріне назар аударылды. Бұл бағытта 9-10 ақпан күндері Түркістан төрінде тұңғыш рет Орталық Азия мемлекеттерінің парламентаралық форумы өткізіледі. Форумда ортақ тарихи-мәдени мұрамызды дәріптеуге, сол арқылы өзара ынтымақтастығымызды арттыруға мән беріледі. «Бірлік – берекенің бастауы» дейді. Сондықтан Орта Азия елдерінің ынтымағын нығайту қашан да маңызды. Алдағы уақытта осы бағыттағы жан-жақты қарым-қатынасты дамытуы қажет. Бұл істе Парламенттер де өз әлеуетін толық көрсетуге тиіс. Осы бағытта Парламент депутаттары қырғыз әріптестерімізбен бірге қоян-қолтық жұмыс істеуге ниетті.
Қазақ пен қырғыз бір-бірін аудармасыз-ақ түсінеді.
«Жәмила» повесіндегі «О, айналайын кең таалам! Қазақ боордошум жердеген алп таалам! Мынакей, биздин тооларду эки жакка керип таштап, чий менен шыбакка ыргалып, көз жетпеген деңиздей көлку жатасың. Ким билет сендеги жаткан күчтү! Жарыктык, сыртыңдан караан, эч бир жан жоктай бозоруп жатканын жаткан. Биорк кечеги эле эстен кеткис жайда согуш башталып, душмандар өлкөбизге кол салганда, туш-туштан оттор жалындап, туш-тушка чабармандар ат коюп, жоокерлер минсин деп, айдаган канаттуу күлүктур ысык чаң тумандатып, дүбүртүнөн асма чайпалды. Ошондо аркы өүйездө токтай калган кабарчы казак, ат оозуын жыя:
– Аттан, кыргыз, аттан! Жау келди! – деп чуу коюп, саратан куюнга аралаш дагы да алда кайда чапкылаган» – деген сөзді кез келген қазаққа аударуып берудің еш қажеті жоқ.
Екі елдің ғасырлардан жалғасқан байланысын дәуірлерге ұластырудың мәні зор. Бұл әрбір жаңа буынның бұлжымас миссиясы болуы қажет. Сондықтан қазақ-қырғыз қарым-қатынасы аясында жастарды да қамту аса маңызды. Соның ішінде шығармашыл, креативті, ғылымда жүрген жастарды қолдауға көңіл бөлген орынды. Осы ретте олардың білімін жетілдіру жолындағы бірлескен жобалардың берері мол. Бірлескен жобалар жастарымыздың өзара етене араласуына жол ашады. Ал, бұл өз кезегінде қазақ-қырғыз қарым-қатынасына жаңа серпін беретіні анық. Жалпы, алдыңғы буын ағалардың қарым-қатынасы келер буынға үлгі болуға тиіс.
Мәртебелі жиынды ашып, жүргізген Қырғыз Республикасының Мемлекеттік хатшысы С.Қасмамбетов сөзге шешен, кісілігі зор, көшелі азамат екен. Ақ өлеңге салып, арасында екі елдің туыстық байланысын өлең жолдарымен дәнекерлеп отырды.
Форумда Қырғыз елінің білім министрі У.Мамбетакунов, Қазақстанның ақпарат және қоғамдық даму министрі Д.Қыдырәлі, Қырғыз Республикасының халық Ассамблеясының төрағасы А.Эркебаев, қазақтың көрнекті ақыны Нұрлан Оразалин, Ш.Айтматов атындағы тіл өнері институтының директоры А.Ахматалиев, жазушы Смағұл Елубай, ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі О.Ибраимов, қырғыз елінің халық әртісі М.Бегалиев, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, манасшы Баянғали Әлімжанов, жазушының қарындасы Роза Айтматова сөз сөйледі. Роза Айтматова атасы Айтмат, әкесі Төреқұл, ағасы Шыңғыс туралы, олардың бәрінің өмірі қазақ елімен, қазақ жерімен байланысты болғанын айтып, өткен күндерді есіне алды.
«Бұл өлкеде пойыздар шығыстан батысқа қарай, батыстан шығысқа қарай жүйткіп жатады... Бұл өлкеде темір жолдың қос қапталынан басталып сахара cap даланың кіндік тұсы – Сарыөзектің ұланғайыр жазығы көсіліп жатады. Бұл өлкеде қашықтық атаулы, уақыттың Гринвич меридианы бойынша өлшенгендей, темір окоптың алыс-жақындығына қарай өлшенеді. Ал пойыздар шығыстан батысқа, батыстан шығысқа қарай жүйткіп жатады..», – деп Шыңғыс Айтматов суреттегендей, қазақ даласының жазушы дүние-танымын қалыптастыруға тікелей ықпал еткенін жеткізді. Сөз арасында «жазушының туындыларын алғаш үлкен сахнаға алып шыққан қазақ бауырлар еді» деп ағынан жарылды.
Сенат Төрағасы «Біз Қырғыз еліне тағы бір үлкен миссиямен келіп отырмыз. Шын мәнінде, елдеріміздің байланысы – достық пейілдің, бауырлас көңілдің жарқын көрінісі. Екі елдің азаматтары осы ынтымақтастықты арттыруға барлық деңгейде үлкен үлес қосып келеді. Бұл істе белсенділік танытып жүрген тұлғаларға деген біздің ықыласымыз ерекше. Олар әрдайым елдеріміздің басшылығының назарында. Соның бір айғағы ретінде бірқатар қырғыз қайраткері Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Жарлығымен мемлекеттік наградалармен марапатталғанын жеткізгім келеді. Бұл марапат – сол азаматтардың қазақ-қырғыз байланысын нығайту жолындағы еселі еңбектеріне берілген лайықты баға», – деп бірқатар қырғыз елінің көрнекті тұлғаларына Қазақстан Президентінің марапатын тапсырды.
Сенат Төрағасы өз сапарының соңында Бішкектің қақ ортасындағы Абай Құнанбайұлының ескерткішіне гүл шоғын қойып, тағзым етті.
Шыңғыс Айтматов тек жазған туындыларымен ғана қазақ пен қырғыз арасындағы достықты, бауырластықты жалғап қойған жоқ, дүниеден өтсе де арттағы буынға тұлғалық қасиетімен үлгі болып қалғанын айтуымыз керек. Көзі кетсе де, сөзі қалды. Өмірден өткеніне он бес жылдан асса да өнегесімен екі ел арасын жақындастырып жатыр.
Иә. Өмір солай. «Жерді дүрсілдетіп, дүр сілкіндіріп иә шығысқа, иә батысқа қарай пойыздар зулап өтіп жатыр».
Нұртөре ЖҮСІП,
Сенат депутаты