Ақмаралмен тілдескен кез келген адам оның екпіні мен көзіндегі жалынға таңданары анық. Ішіңнен «спортшы болуға жаралған деген осы болар» дерсің. Адуынды қыздың татамиден алыстағанда шешімді спорттан кетуден емес, парадзюдоға ауысудан тапқаны тіпті жігерлендіреді. Осыған сай әлем чемпионатының алтынын алғаны тағы бар.
Екінші тынысым ашылды
Парадзюдодан Бакуде өткен Әлем чемпионатында жеңіске жеттім. Әр кәсіпқой спортшы сияқты бұл жеңіс оңайлықпен келген жоқ. Жетістікке жетер жолда жарақат мазалап, сенімсіздік күшейген кез болды. 2021 жылдың қаңтар айында дзюдодан гран-при жарысына дайындық кезінде көзім жарақаттанды. Жарты жыл үзіліс алып, үлкен спортқа қайта оралудың бар амалын қарастырдым. Дәрігерлер мансабымды жалғастыруға рұқсат бермей, «осымен тоқтат» деп кесіп айтты. Бірақ бұл шешіммен келіскім келмеді. Сол тұста отбасымның, жолдасымның, қазіргі бапкерім Айдын Жұматұлының қолдауының арқасында бар қиындыққа төзіп, парадзюдоға ауыстым. Спортта егер жарақат алып, ары қарай нәтиже көрсетпесең, сен ешкімге керек емессің. Сенің жетістіктерің бір мезетте ұмытылып кетеді. Бірақ жоғарыда айтқан адамдардың маған сенім артқаны үмітімді үзбей, алға ұмтылуға күш берді.
Көзіме ота жасаған соң дзюдоға қайта оралудың қамын жасадым. Оралғым келді, татамиді, ондағы атмосфераны сағындым. Бірде бапкерім Айдын Жұматұлы парадзюдоға ауыса алатынымды, J1 және J2 категориясы барын айтты. Халықаралық классификация бойынша J2 санатын алдым. Осылайша, алғаш рет парадзюдодан елордадағы гран-при жарысына қатыстым. Парадзюдошылар – шетінен жігерлі, күрескер. Қатардағы қыздар да осал емес.
Иә, көрермен үшін парадзюдомен дзюдоның айырмасы белдесу басталған тұста қарсыластардың бір-бірінің жағасынан ұстаумен білінеді. Ал өзім үшін айырмасы көп болды. Мысалы, маған қарсыласқа мұндай басымдық берген ыңғайсыз. Көбінесе, дзюдода өзім шабуылға шығып, маған қарсы әдіс жасатпауға тырысатынмын. Сол жағы маған қиынға соқты. Біразға дейін бой үйрете алмадым. Жаттықтырушылар барынша демеп, уақыт өте келе белдесу басталған мезетте әдіске түсіп қалмай, күшпен ұстап тұруды меңгердім. Одан бөлек, жаттығу жайын, іштегі атмосфераны ерекше атап өтуге болады. Парадзюдода үлкен отбасы сияқты болып кеттік. Жаттықтырушылар, спортшылар, тіпті федерация басшылары бір үстелде бас қосып, әңгіме-дүкен құрамыз. Ал дзюдода мұндай болмаған. Басшылармен бірге отыруды былай қойғанда, түрін де көрмейтінбіз.
Анамның сенімі күш берді
Ал Бакудегі әлем чемпионатына келсек, үш белдесу өткіздім. Рейтингте жоғары орында тұрған соң алғашқы белдесуге қатыспай, кезек күттім. Екінші айналымда украин қызына қарсылас атандым. Дайындық барысында осы қыздың күресін көріп, қарсы амал-айла ойластырдым. Дегеніме жетіп, жартылай финалда Тайбэй қызы кезікті. Бапкерлерім бұрын белдесуіне талдау жасаған екен. Маған соның септігі тиді. 10 секундқа жетпей, кездесуді жеңіспен аяқтадым. Ал ақтық сында азулы қарсылас тап болды. Ол Рио Олимпиадасында алтын, Токиода күміс еншілеген француз қызы еді. Негізі, аталған қарсыластың әйтеуір бір алдымнан шығатынын білдім. Сондықтан тізеден лақтыру әдісін дайындап келгенмін. Негізі, бұл әдіс маған қатты ұнай қоймайтын. Бірақ ойым іске асып, алғашқы вазари ұпайын алдым. Уақыт созып, осы басымдықты ұстау ойымда тұрды. Бірақ қарсыласым маған әдіс жасаймын деп қателесіп, өзі әдіске түсіп қалды. Осылайша, екінші вазари ұпайын алдым. Сөйтіп, екі вазари бір иппонға теңесіп, жеңіске жеттім. Сол сәтте алаңнан анамды іздеп, көзіме жас толып кеткені бар. Осы сәт таспаланған видео әлеуметтік желіде жылдам таралып кетті. Анамның менімен бірге Бакуге ұшып келгенін білемін. Бірақ жарыс күні алаңдамасын дегендей мазалаған жоқ. Белдесу барысында жанкүйерлер тарапынан «Ақмарал алға!» дегенді жиі естідім. Жанымда анамның болғаны үлкен күш берді. Өйткені дзюдоға келуіме, парадзюдоға ауысуыма оның көп көмегі тиді.
Додаға толы жыл
Қазір парадзюдоның жағдайы жақсы. Мемлекет те, федерация да көңіл бөліп жатыр. Әлем чемпионатына дайындық барысында жанымызда дәрігер де, массажист та болды. Барлық витамин берілді. Жапон спортшылары қандай кимоно кисе, бізге де сондайы бұйырды. Білесіздер, әлемдегі ең сапалы киманоны жапондықтар киеді. Жалпы, парадзюдо тарихы елімізде 2015 жылдан бастау алады. Әр жыл сайын спортшыларға қолайлы жағдай жасауға көңіл бөлініп келеді. Қаншама жыл дзюдода жүрсем де, парадзюдо туралы көп білмейтінмін. Қазір ақпарат көп. Мұның өзі қоғамнан өзін бөлек ұстайтын, бірақ спортқа жақын жандарға демеу. Бізді, параспортшыларды көріп, олар да спортпен айналысуға көңіл бөледі. Экраннан сөйлеп, БАҚ-қа сұхбат беріп жатқанымыз бірінің болмаса да бірінің кеудесінде үміт отын жақса шын қуанамыз. Осы орайда, кез келген жанның әр істің шешімі бар екенін есте ұстағанын қалаймын.
Жазып алған Айзат АЙДАРҚЫЗЫ