Мақсат – мінсіз мемлекеттік аппарат қалыптастыру – Дархан Жазықбаев
Мақсат – мінсіз мемлекеттік аппарат қалыптастыру – Дархан Жазықбаев
© коллаж: Елдар Қаба
1,464
оқылды
Дархан Медеғалиұлы, жа­қында Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің былтыр атқарған жұ­мысын қорытындыладыңыздар. Жалпы, агенттіктің жұмысы қандай бағыттарда жүргізілді? – Былтыр біздің атқарған жұ­мыстарымыз Мемлекет басшысы қойған міндеттерді толыққанды жүзеге асыру және халыққа әділ, адал, ашық қызмет көрсететін, бюрократияға жол бермейтін, сервистік сипаттағы мемлекеттік аппарат қалыптастыру, мемле­кеттік қызметті цифрландыру ба­ғытында жүргізілді. Өздеріңізге мәлім, Мемлекет басшысы Үндеуінде «Мемлекеттік қызметкерлер барынша ашық жұмыс жүргізіп, халыққа шынайы есеп беруі керек. Мемлекеттік қыз­мет дегеніміз – жеке бастың бақ-дәулетін арттыратын жер емес. Бұл – туған халқыңның алдында айрықша жауапкершілік арқалау деген сөз» деп атап өткен болатын. Бүгінде мемлекеттік қызмет­шілерге қойылатын талаптар кү­шеюде. Өткен жылы Мемлекеттік қызметшілердің Әдеп кодексі жа­ңа редакцияда қабылданды. Он­да ашықтық, әділдік, адалдық, сы­па­йылық, адал ниеттілік, және қыз­мет алушыға бағдарлану ­мем­ле­кет­тік қызметшінің негізгі әдеп­­тік қа­ғидаттары ретінде бел­гіленді. Тұ­тастай алғанда, жасаған жұ­мыс­тарымыз мемлекеттік қыз­метті тү­бегейлі жаңғыртуға, мем­лекеттік аппаратты халық үніне құлақ аса­тын, адамға бағдарланған ашық си­­патта қалыптастыруға бағытталды. – Былтыр қаңтар айында, Мемлекет басшысы Парламент Мәжілісінің отырысында мем­лекеттік қызметке кірудегі артық кедергілерді жою және мемлекеттік қызметтен шығу тәртібін жеңілдету бойынша агенттіктің алдына міндеттер жүктеген болатын. Осы бағыттағы жасалған жұмыстарға тоқталып өтсеңіз... – Бұл бағытта агенттік тиісті заңнамаға өзгерістер әзірлеп, олар Парламентте жан-жақты талқы­ланып, қабылданды. Толықты­ру­ларға сәйкес, мемлекеттік грант­пен оқу орындарын аяқтаған үздік түлектер енді аудан мен ауылда төменгі лауазымдарға конкурстық іріктеусіз, тікелей тағайындалады. Бұл білікті жастарды мемлекеттік қызметке ынталандыруға, жас ма­мандардың аудан мен ауылдық ай­мақтарға оралуына, сонымен қатар өңірлердегі кадр тапшы­­лығын азайтуға септігін тигізіп, мем­лекеттік қызметке кіруді же­ңілдетеді. Бұған қоса, «Б» корпусының жо­ғары лауазымдарына агенттік­тің келісімімен конкурстық ірік­теусіз тікелей тағайындау мүм­кін­дігі бе­ріліп отыр. Бұл бірінші бас­шылардың өз қызметшілері үшін жауапкершілігін арттырады деп күтілуде. Сонымен қатар екі тоқсан бо­йы тиімсіз деп бағаланған қыз­мет­шілердің лауазымы төмендетіле­ді, ал төменгі бос лауазым бол­ма­ғанда қызметтен шығарылады. Бұл мем­лекеттік қызметтен шығу тәр­тібін жеңілдетеді. Біз осы жұмыстармен шектеліп қалмаймыз. Агенттік алдағы уа­қытта да мемлекеттік қызметке кіру және одан шығу тәртіптерін оңтайландыру, меритократия қа­ғидатын ілгерілету бағыт­та­рында жүйелі түрде жұмыстар жүргізеді. – Президенттің мемлекеттік аппараттың қызметін бюро­кра­тиядан арылту жөніндегі шаралар туралы Жарлығымен агенттікке жа­ңа функциялар берілген бола­тын. Бюрократиямен қалай күресіп жатырсыздар? – Былтыр агенттікке бюро­кратиядан арылту бойынша мо­ниторинг пен талдау жүргізу функ­циялары жүктелді. Талдауды ден­саулық сақтау, білім беру, еңбек және әлеуметтік қорғау салала­рында жүргіздік. Бұған қоса, жал­пы мемлекеттік органдардың жұ­мысында көп кездесетін және жиі айтылып жүрген ішкі әкімшілік рәсімдеріне кешенді мониторинг жүргізілді. Осы жұмысқа әртүрлі сала мамандарынан, азаматтық қоғам өкілдерінен және сарап­шы­лардан құралған екі мыңға жуық адам атсалысты. Мемлекеттік органдардың қыз­метін талдау нәтижесі бойын­ш­а мемлекеттік аппараттың жұ­мысын мейлінше қызмет алушыға бағдарланған, сервистік сипатта қалыптастыруға, бюрократиялық кедергілерді азайтуға бағытталған 183 ұсыныс әзірленді. Биыл қаржы-экономика сала­сына талдау жүргізу жоспарда бар (қаржы, ұлттық экономика, сауда және интеграция министрліктері). Агенттік жанында сервистік мемлекеттік аппаратты қалыптас­тыру және оның қызметін бюро­кратиядан арылту мәселелері жө­ніндегі консультативтік-сарап­тамалық тобы құрылып, оның құрамына мемлекеттік органдар өкілдері мен сарапшылар кірді. Бұл топта мемлекеттік қызмет­тердің сапасы мен қолжетімділігін қамтамасыз ету, мемлекеттік аппарат қызметін бюрократиядан арылту бойынша өзекті мәселелер жан-жақты талқыланып, тиісті ұсы­ныстар пысықталады. Сарапта­малық топта мақұлданған 40-қа жуық ұсыныс мемлекеттік орган­дарға шешім қабылдауға жіберілді. Мәселен, Сараптамалық топ мақұлдап, Үкіметке жолданған ұсы­ныстар әзірленіп жатқан Цифр­лық кодекстің жобасында ескерілетін болып шешілді. Сон­дай-ақ топтың ұсынысы бойынша «Электронды үкімет» порталында жұмыс істемей тұрған отызға тарта қызмет қалпына келтірілді. Осы айтылғандармен қатар, мемле­кеттік қызметтер көрсету сапасына қоғамдық мониторинг жүргізудің тәсілдері қаралып, мақұлданды. – Жоғарыда мемлекеттік қыз­метті цифрландыру бойынша жұ­мыстар атқарылғанын айтып өт­тіңіз. Осыған нақтырақ тоқтала кетсеңіз... – Былтыр агенттік тарапынан мемлекеттік қызметке іріктеу мен оны өткеруді толық цифрландыру арқылы «Е-қызмет» ықпалдас­ты­рылған ақпараттық жүйесін жаң­ғырту бойынша жұмыстар жүргі­зілді. «Е-қызмет» жүйесінің сырт­қы порталы құрылды. Онда мем­лекеттік қызметке іріктеудің жаңа алгоритмі әзірленді. Конкурстық рәсімді өткізу форматы қайта қаралды. Конкурстық рәсімнің жаңа форматы үміткерлерге кез келген уақытта және әлемнің кез келген нүктесінен конкурсқа қатысуға мүмкіндік береді. Ендігі жоспарымыз – жаңа іріктеу жүйесін пилоттық сынақтан өткізу. Пилот 1 наурыздан бастап 5 мемлекеттік органда өтетін бо­лады. Олар – Мемлекеттік қызмет істері агенттігі, Индустрия және инфрақұрылымдық даму минис­тр­лігі, Сауда және интеграция ми­­нистрлігі, Ақмола облысы және Шымкент қаласы әкімдіктері. «Е-қызметте» барлық маңызды ақпараттық жүйелермен инте­гра­ция жүргізілді. Ол мемлекеттік қыз­метке үміткерлерді артық құ­жат жинаудан босатады. Өзге ақ­параттық жүйелерден үміткер ту­ралы ақпарат алу, оның соттылығы немесе өзге тәртіптік бұзушы­лық­тарға қатысы бар-жоғын тексеру, біліктілік талаптарына сай келуін қарау – бұның бәрін автоматты түрде жүйе өзі жүргізеді. Жалпы, цифрландыру жұмысы жалғаса бермек. Ендігі кезекте өзге де кадрлық процестерді цифрландыру міндеті тұр. Биыл «Е-қызмет» жүйесінің 14 модулі жаңартылады, оның ішінде «Тәртіптік бақылау», «Ба­ғалау», «Іс-сапарлар», «Тағы­лым­дама», «Оқыту» модульдері бар. Бұл жұмыс осы жылы аяқталып, жаңартылған жүйе жыл соңына дейін іс жүзінде пайдалануға бе­ріледі деп жоспарланады. «Е-қыз­мет» жүйесіне барлық мемлекеттік орган қосылады. – Мемлекеттік қызметшілердің жауапкершілігі қашанда қоғам на­зарында. Осы орайда, Агенттік қызметінің негізгі бағыттарының бірі – мемлекеттік қызмет сала­сындағы бақылауды жүзеге асыру. Осы бағыттағы жұмыс көрсет­кіш­тері қандай? – Өткен жылы мемлекеттік қыз­мет саласындағы бақылау ба­ры­сында азаматтар мен мемле­кеттік қызметшілердің құқықта­рын қорғауға баса назар аударылды. Осы тұрғыда, агенттік қоғам өкіл­дерінің мемлекеттік басқару жүйе­сіндегі рөлін ескере отырып, Әдеп жөніндегі кеңес құрамына БАҚ және белсенді қоғам өкілдерін тарттық. Әдеп жөніндегі кеңестерде қа­ралған тәртіптік істердің саны жыл­дан-жылға төмендеу тенден­циясын атап өтуге болады. Мә­селен, 2022 жылы 385 іс қозғалған болса, бұл көрсеткіш 2021 жылмен салыстырғанда 29 пайызға, ал 2020 жылмен салыстырғанда 25 пайыз­ға азайып, жауаптылыққа тар­тылған­дар саны 1,5 есеге дейін төмендеген. Кеңестерде қаралған мәсе­ле­лердің 64 пайызы профилакти­калық бағытты құрап, 2021 жылмен салыстырғанда 12 пайызға өскен. Жыл қорытындысы бойынша ке­ңес ұсынымдарының орындалуы 97 пайызды құрады. Агенттіктің үйлестіруімен әдеп жөніндегі уәкілдер тарапынан ау­қымды түсіндірме жұмыстары ат­қарылып, 20 мыңнан астам аза­мат пен қызметшіге жеке консуль­та­тивтік көмек көрсетілді. Бақылау жұмыстарына тоқта­лар болсам, өткен жылы жүргізіл­ген бірқатар шараның нәтижесі бойынша қабылданған шешім­дер­дің арқасында 248 азаматтың құқығы қорғалды. Бұл бағыттардағы жұмыстар қашанда біздің жіті назарымызда. – Халыққа мемлекеттік қызмет көрсетудің ауқымы жылдан-жылға ұлғайып келеді. Былтыр агенттік қандай шараларды жүзеге асырды? – Былтыр қызмет алушы­лар­дың құқықтарын проактивті түр­де, олардың шағымдарын күтпей-ақ, қашықтан мониторинг жасап, құқықбұзушылық болған жағдайда заңдылықты орнату тәжірибесін бастадық. Көрсетілетін қызметтердің ақ­параттық жүйесіне қол жеткізген сәттен бастап, жүргізілген мони­то­ринг қорытындысы бойынша 124 қызмет алушының құқығы қорғалды. Жалпы, өткен жылы 756 тексеру өткізілді. Оның 290-ы профилактикалық негізде, 466-сы жоспардан тыс жүргізілді. Агенттік талдау және монито­ринг негізінде 21 орталық мемле­кет­тік органға және «Ұлттық ақ­параттық технологиялар» акцио­нерлік қоғамына бұзушылық­тар­дың алдын алуға және қызмет алу­шылардың құқықтарын қор­ғауға бағытталған 1 200-ден астам ұсыныс жіберді. Ақпараттық жүйелердің жұмы­сына мониторинг жүргізіліп, оның қорытындылары Үкіметке жол­данды. Нәтижесінде, Цифрлық даму министрлігі агенттік анық­таған кемшіліктерді жою жөніндегі кешенді жоспарды бекітті. Жоспар порталда жұмыс істемей тұрған 25 электрондық қызметті қал­пына келтіруді, 9 қызмет бойынша ақпа­раттық жүйелердің функцио­налын пысықтауды, 11 дерекқорды ық­палдастыруды көздейді. – Мемлекет басшысы халыққа Жолдауында «Мемлекеттік қызмет істері агенттігі толыққанды стра­тегиялық HR институтына айналуға тиіс» деп атап өткен болатын. Агент­тіктің жоспары қандай? – Агенттік тиісті ұсыныстар әзір­леді. Қазіргі кезде Үкімет дең­гейінде Жол картасын бекіту мә­селесі пысықталып жатыр. Жос­парға сәйкес, біріншіден, агент­тіктің рөлі және оның мемлекеттік органдармен өзара қатынасы өзгереді. Агенттіктің назары мемлекеттік органдардың операциялық кадр қызметін сүйемелдеуден, персо­налды басқару, іздеу, «тұрақтан­дыру» және дамыту мәселелеріне ауысады. Агенттік мемлекеттік органдардың стратегиялық HR-әріптесіне айналады. Кадр рәсім­дерін цифрландыруға, конкурстың ашықтығын қамтамасыз етіп, меритократия қағидатын күшей­туге назар аударылады. Агенттіктің жұмысында рек­рутинг (қызметкерді іздеу, тарту), талант-менеджмент, ассесмент (бағалау) және өзге де жаңа құрал­дар қолданылады. Агенттік мемле­кеттік қызметшілердің құқық­та­рын қорғап, кадр саясатының тиімділігін қамтамасыз етіп, мем­лекеттік қызметке «кіруден» бас­тап зейнетке шыққанға дейін сүйемелдеуді жүзеге асырады. Екіншіден, мемлекеттік орган­дардағы кадр қызметтерінің рөлі ұлғаяды. Олар өз органдарында HR-стратегиясын жоспарлайтын болады. Сондай-ақ оларға кадрлық шешімдер қабылдау құқығын беру ұсынылады (бағалау, марапаттау, жазалау, т.б.). Үшіншіден, мемлекеттік қыз­меттегі HR-құралдар қайта қарас­тырылады. Атап айтқанда, мемле­кеттік қызметшілерге қойылатын талаптар мен құзыреттерді, оларды бағалау және оқыту жүйелерін, әдеп жөніндегі уәкілдің қызметін қайта қарастыру ұсынылады. Бұл ұсыныстар агенттікті стратегиялық HR-институт ретінде қалыптас­ты­руға мүмкіндік береді деп отырмыз. – Бір сұхбатыңызда «Елімізде жүргізіліп жатқан реформалардың оңтайлы жүзеге асуы үшін мем­лекеттік аппаратқа деген халықтың сенімі артуы қажет» депсіз, осы орайда кадрлық әлеуетке көп нәрсе байланысты емес пе? – Өте орынды мәселені көтеріп отырсыз. Кадрлық әлеуеттің артуы мемлекеттік қызметті жаңа сапаға көтеруде маңызды рөл атқарады. Биыл Президенттік жастар кадр резервіне кезекті іріктеу өтеді. Мемлекет басшысының баста­масымен қолға алынған жастар кадр­лық резервін қалыптастыру – жаңа буынды мемлекеттік бас­қа­ру ісіне тартуға бағытталған. Пре­зидент атап өткендей, «Жастар кадрлық резерві – мемлекеттің резерві». Жастар кадрлық резерві өзі­нің тиімділігін көрсетіп отыр. Жыл өткен сайын қабілетті, да­рынды жастардың бұл жобаға қа­тысуға қызығушылығы артуда. Резервшілерді жұмысқа орна­ластыру кезінде әртүрлі қиын­дық­қа тап болатынымызды мойындау керек. Кейбір органдарда он шақ­ты резервші тағайындалған болса, кейбіреуінде резервші мүлдем жоқ. Денсаулық сақтау, энергетика, білім беру сияқты экономиканың аса маңызды салаларында ре­зервшілердің саны өте аз. Осыған орай, резервшілердің салалық топ­тарын қайта қарастырамыз. Сон­дай-ақ үміткерлермен әңгімелесу міндетті түрде салалық орталық ор­ганның қатысуымен өтетін болады. Агенттік Президенттік жастар кадр резервін жетілдіру бойынша үнемі жұмыс жүргізіп келеді. Жел­тоқсан айында резервтен шығу тәртібін бекітетін Жарлық қабыл­данды. Соған сәйкес, ре­зервші өз еркімен өзге елдің аза­маттығын алған, Қазақ­стан­ның азаматтығын жоғалтқан, жұ­мыстан теріс се­бептер бойынша босатылған жағ­дайларда резерв­тен шығарылады. Сонымен қатар республика­ның барлық аймағында Өңірлік жастар кадр резервтері құрылатын болады. Резервке іріктеуге 35 жас­тан аспай­тын, жоғары білімді, кемінде 3 жыл жұмыс өтілі бар жастар қа­тысады. Бұл өңірдегі жастарға әлеуметтік лифт болмақ. Қазіргі кезде өңірлік резервке қа­тысты тү­зетулерді заңға енгізу және ұйым­­дастыру бойынша жұ­мыстар пысықталып жатыр. Жалпы, әрбір мемлекеттік қыз­метші мемлекетшіл болуы ке­рек. Ол үшін тек білімді және құ­зы­ретті болу жеткіліксіз. Алаш қайраткері Әлихан Бөкейхан «Ұлт­қ­а қызмет ету білімнен емес, мі­незден» деген. Бұл жерде мінез деп адамның ішкі рухын, адамдардың игілігі үшін елге қызмет етсем де­ген жүрек қалауын айтып отыр емес пе?!. Елге қызмет ету – абы­ройлы міндет. Осы қағиданы әрбір мемлекеттік қызметші қаперінде ұстауы керек. Түйіндей айтқанда, біздің не­гіз­гі міндетіміз – халыққа әділ, адал, ашық қызмет көрсететін мем­­­лекеттік аппарат қалыптас­тыру. – Мемлекеттік қызмет сала­сында биыл қандай өзгерістер болады? – Агенттік былтыр мемлекеттік қызметті жетілдіру жөнінде заң жобасын әзірлеп, Парламенттің қа­рауына енгізді. Заң жобасы қа­был­данған жағдайда, бірқатар өз­герісті жүзеге асыру көзделіп отыр. Мәселен, Президент шеші­мімен саяси қызметшілерді «сенім жоғалтуына» байланысты жұ­мыстан шығару мүмкіндігі енгі­зіледі. Мұндай себеппен шыға­рылған қызметші мемлекеттік қызметке үш жыл бойы қайтып келе алмайды. Сонымен қатар өзге өңірге ротацияланған қызметшіге үй жалдауға төлем енгізу күтілуде. Бұл қызметшілерді өңірлерге рота­циялануға ынталандырады. Мемлекеттік органдарға нақты бір жобаны жүзеге асыру үшін уақытша келісімшарт бойынша маманды жұмысқа алуға мүмкіндік беріледі. Мұндай жұмыскерлер мем­лекеттік лауазымдарды атқар­майды және белгіленген уақытқа ғана алынатын болады. Бұл жаңа­шылдық Мемлекеттік басқаруды дамыту тұжырымдамасына сай енгізіліп жатыр. Бұған қоса, мемлекеттік қыз­мет­шілердің жұмыс уақыты сақ­талуына мониторинг жүргізіледі. Осы айтылғандармен қатар, мемлекеттік органдардағы басқа­рушы және атқарушы лауазым­дар­дың саны реттеледі. Қазіргі кезде, кейбір мемлекеттік органдарда бір не екі қызметшіден құрылған бө­лімшелер бар екенін көріп отыр­мыз. Біздің мақсатымыз – мем­лекеттік органдардың оңтайлы және тиімді құрылымын қалып­тастыру. Бұл мәселелер Парламент қа­рауында жатқан заң жобасында көзделген маңызды нормалар. Жал­пы, жұмысымыз жалғасын та­батын болады. Алда кешенді шаралар атқару міндеті тұр. Мемлекеттік қызметті заман талабына сай түбегейлі жаңғырту тек құқықтық нормативтік құжат­тарға өзгертулер енгізумен шек­телмейді. Мұндағы басты міндет­тердің бірі – мемлекеттік қызмет­шінің кәсіби-тұлғалық болмысын жетілдіру. Ол үшін мемлекеттік қызметшіге саналы тұрғыда өзгеріс қажет. Ол ниет қалаулары мен ұста­нымдық принциптерін өзгерту талабын тудырады. Агенттік мемлекеттік қызмет­шілердің кәсіби және тұлғалық болмысын жетілдіру, саналы тұр­ғыдан жаңғыруына ықпал ету, олар­дың ұстанымдары мен құн­дылықтарын, қоғамның сұраны­сына жауап бере алатын мақсатты дағдыларын жүйелеуге қатысты жұмыстарды да алда тұрақты түрде жүргізуді жоспарлап отыр. – Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан Ардақ СҰЛТАН