– Дархан Медеғалиұлы, жақында Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің былтыр атқарған жұмысын қорытындыладыңыздар. Жалпы, агенттіктің жұмысы қандай бағыттарда жүргізілді? – Былтыр біздің атқарған жұмыстарымыз Мемлекет басшысы қойған міндеттерді толыққанды жүзеге асыру және халыққа әділ, адал, ашық қызмет көрсететін, бюрократияға жол бермейтін, сервистік сипаттағы мемлекеттік аппарат қалыптастыру, мемлекеттік қызметті цифрландыру бағытында жүргізілді. Өздеріңізге мәлім, Мемлекет басшысы Үндеуінде «Мемлекеттік қызметкерлер барынша ашық жұмыс жүргізіп, халыққа шынайы есеп беруі керек. Мемлекеттік қызмет дегеніміз – жеке бастың бақ-дәулетін арттыратын жер емес. Бұл – туған халқыңның алдында айрықша жауапкершілік арқалау деген сөз» деп атап өткен болатын. Бүгінде мемлекеттік қызметшілерге қойылатын талаптар күшеюде. Өткен жылы Мемлекеттік қызметшілердің Әдеп кодексі жаңа редакцияда қабылданды. Онда ашықтық, әділдік, адалдық, сыпайылық, адал ниеттілік, және қызмет алушыға бағдарлану мемлекеттік қызметшінің негізгі әдептік қағидаттары ретінде белгіленді. Тұтастай алғанда, жасаған жұмыстарымыз мемлекеттік қызметті түбегейлі жаңғыртуға, мемлекеттік аппаратты халық үніне құлақ асатын, адамға бағдарланған ашық сипатта қалыптастыруға бағытталды. – Былтыр қаңтар айында, Мемлекет басшысы Парламент Мәжілісінің отырысында мемлекеттік қызметке кірудегі артық кедергілерді жою және мемлекеттік қызметтен шығу тәртібін жеңілдету бойынша агенттіктің алдына міндеттер жүктеген болатын. Осы бағыттағы жасалған жұмыстарға тоқталып өтсеңіз... – Бұл бағытта агенттік тиісті заңнамаға өзгерістер әзірлеп, олар Парламентте жан-жақты талқыланып, қабылданды. Толықтыруларға сәйкес, мемлекеттік грантпен оқу орындарын аяқтаған үздік түлектер енді аудан мен ауылда төменгі лауазымдарға конкурстық іріктеусіз, тікелей тағайындалады. Бұл білікті жастарды мемлекеттік қызметке ынталандыруға, жас мамандардың аудан мен ауылдық аймақтарға оралуына, сонымен қатар өңірлердегі кадр тапшылығын азайтуға септігін тигізіп, мемлекеттік қызметке кіруді жеңілдетеді. Бұған қоса, «Б» корпусының жоғары лауазымдарына агенттіктің келісімімен конкурстық іріктеусіз тікелей тағайындау мүмкіндігі беріліп отыр. Бұл бірінші басшылардың өз қызметшілері үшін жауапкершілігін арттырады деп күтілуде. Сонымен қатар екі тоқсан бойы тиімсіз деп бағаланған қызметшілердің лауазымы төмендетіледі, ал төменгі бос лауазым болмағанда қызметтен шығарылады. Бұл мемлекеттік қызметтен шығу тәртібін жеңілдетеді. Біз осы жұмыстармен шектеліп қалмаймыз. Агенттік алдағы уақытта да мемлекеттік қызметке кіру және одан шығу тәртіптерін оңтайландыру, меритократия қағидатын ілгерілету бағыттарында жүйелі түрде жұмыстар жүргізеді. – Президенттің мемлекеттік аппараттың қызметін бюрократиядан арылту жөніндегі шаралар туралы Жарлығымен агенттікке жаңа функциялар берілген болатын. Бюрократиямен қалай күресіп жатырсыздар? – Былтыр агенттікке бюрократиядан арылту бойынша мониторинг пен талдау жүргізу функциялары жүктелді. Талдауды денсаулық сақтау, білім беру, еңбек және әлеуметтік қорғау салаларында жүргіздік. Бұған қоса, жалпы мемлекеттік органдардың жұмысында көп кездесетін және жиі айтылып жүрген ішкі әкімшілік рәсімдеріне кешенді мониторинг жүргізілді. Осы жұмысқа әртүрлі сала мамандарынан, азаматтық қоғам өкілдерінен және сарапшылардан құралған екі мыңға жуық адам атсалысты. Мемлекеттік органдардың қызметін талдау нәтижесі бойынша мемлекеттік аппараттың жұмысын мейлінше қызмет алушыға бағдарланған, сервистік сипатта қалыптастыруға, бюрократиялық кедергілерді азайтуға бағытталған 183 ұсыныс әзірленді. Биыл қаржы-экономика саласына талдау жүргізу жоспарда бар (қаржы, ұлттық экономика, сауда және интеграция министрліктері). Агенттік жанында сервистік мемлекеттік аппаратты қалыптастыру және оның қызметін бюрократиядан арылту мәселелері жөніндегі консультативтік-сараптамалық тобы құрылып, оның құрамына мемлекеттік органдар өкілдері мен сарапшылар кірді. Бұл топта мемлекеттік қызметтердің сапасы мен қолжетімділігін қамтамасыз ету, мемлекеттік аппарат қызметін бюрократиядан арылту бойынша өзекті мәселелер жан-жақты талқыланып, тиісті ұсыныстар пысықталады. Сараптамалық топта мақұлданған 40-қа жуық ұсыныс мемлекеттік органдарға шешім қабылдауға жіберілді. Мәселен, Сараптамалық топ мақұлдап, Үкіметке жолданған ұсыныстар әзірленіп жатқан Цифрлық кодекстің жобасында ескерілетін болып шешілді. Сондай-ақ топтың ұсынысы бойынша «Электронды үкімет» порталында жұмыс істемей тұрған отызға тарта қызмет қалпына келтірілді. Осы айтылғандармен қатар, мемлекеттік қызметтер көрсету сапасына қоғамдық мониторинг жүргізудің тәсілдері қаралып, мақұлданды. – Жоғарыда мемлекеттік қызметті цифрландыру бойынша жұмыстар атқарылғанын айтып өттіңіз. Осыған нақтырақ тоқтала кетсеңіз... – Былтыр агенттік тарапынан мемлекеттік қызметке іріктеу мен оны өткеруді толық цифрландыру арқылы «Е-қызмет» ықпалдастырылған ақпараттық жүйесін жаңғырту бойынша жұмыстар жүргізілді. «Е-қызмет» жүйесінің сыртқы порталы құрылды. Онда мемлекеттік қызметке іріктеудің жаңа алгоритмі әзірленді. Конкурстық рәсімді өткізу форматы қайта қаралды. Конкурстық рәсімнің жаңа форматы үміткерлерге кез келген уақытта және әлемнің кез келген нүктесінен конкурсқа қатысуға мүмкіндік береді. Ендігі жоспарымыз – жаңа іріктеу жүйесін пилоттық сынақтан өткізу. Пилот 1 наурыздан бастап 5 мемлекеттік органда өтетін болады. Олар – Мемлекеттік қызмет істері агенттігі, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі, Сауда және интеграция министрлігі, Ақмола облысы және Шымкент қаласы әкімдіктері. «Е-қызметте» барлық маңызды ақпараттық жүйелермен интеграция жүргізілді. Ол мемлекеттік қызметке үміткерлерді артық құжат жинаудан босатады. Өзге ақпараттық жүйелерден үміткер туралы ақпарат алу, оның соттылығы немесе өзге тәртіптік бұзушылықтарға қатысы бар-жоғын тексеру, біліктілік талаптарына сай келуін қарау – бұның бәрін автоматты түрде жүйе өзі жүргізеді. Жалпы, цифрландыру жұмысы жалғаса бермек. Ендігі кезекте өзге де кадрлық процестерді цифрландыру міндеті тұр. Биыл «Е-қызмет» жүйесінің 14 модулі жаңартылады, оның ішінде «Тәртіптік бақылау», «Бағалау», «Іс-сапарлар», «Тағылымдама», «Оқыту» модульдері бар. Бұл жұмыс осы жылы аяқталып, жаңартылған жүйе жыл соңына дейін іс жүзінде пайдалануға беріледі деп жоспарланады. «Е-қызмет» жүйесіне барлық мемлекеттік орган қосылады. – Мемлекеттік қызметшілердің жауапкершілігі қашанда қоғам назарында. Осы орайда, Агенттік қызметінің негізгі бағыттарының бірі – мемлекеттік қызмет саласындағы бақылауды жүзеге асыру. Осы бағыттағы жұмыс көрсеткіштері қандай? – Өткен жылы мемлекеттік қызмет саласындағы бақылау барысында азаматтар мен мемлекеттік қызметшілердің құқықтарын қорғауға баса назар аударылды. Осы тұрғыда, агенттік қоғам өкілдерінің мемлекеттік басқару жүйесіндегі рөлін ескере отырып, Әдеп жөніндегі кеңес құрамына БАҚ және белсенді қоғам өкілдерін тарттық. Әдеп жөніндегі кеңестерде қаралған тәртіптік істердің саны жылдан-жылға төмендеу тенденциясын атап өтуге болады. Мәселен, 2022 жылы 385 іс қозғалған болса, бұл көрсеткіш 2021 жылмен салыстырғанда 29 пайызға, ал 2020 жылмен салыстырғанда 25 пайызға азайып, жауаптылыққа тартылғандар саны 1,5 есеге дейін төмендеген. Кеңестерде қаралған мәселелердің 64 пайызы профилактикалық бағытты құрап, 2021 жылмен салыстырғанда 12 пайызға өскен. Жыл қорытындысы бойынша кеңес ұсынымдарының орындалуы 97 пайызды құрады. Агенттіктің үйлестіруімен әдеп жөніндегі уәкілдер тарапынан ауқымды түсіндірме жұмыстары атқарылып, 20 мыңнан астам азамат пен қызметшіге жеке консультативтік көмек көрсетілді. Бақылау жұмыстарына тоқталар болсам, өткен жылы жүргізілген бірқатар шараның нәтижесі бойынша қабылданған шешімдердің арқасында 248 азаматтың құқығы қорғалды. Бұл бағыттардағы жұмыстар қашанда біздің жіті назарымызда. – Халыққа мемлекеттік қызмет көрсетудің ауқымы жылдан-жылға ұлғайып келеді. Былтыр агенттік қандай шараларды жүзеге асырды? – Былтыр қызмет алушылардың құқықтарын проактивті түрде, олардың шағымдарын күтпей-ақ, қашықтан мониторинг жасап, құқықбұзушылық болған жағдайда заңдылықты орнату тәжірибесін бастадық. Көрсетілетін қызметтердің ақпараттық жүйесіне қол жеткізген сәттен бастап, жүргізілген мониторинг қорытындысы бойынша 124 қызмет алушының құқығы қорғалды. Жалпы, өткен жылы 756 тексеру өткізілді. Оның 290-ы профилактикалық негізде, 466-сы жоспардан тыс жүргізілді. Агенттік талдау және мониторинг негізінде 21 орталық мемлекеттік органға және «Ұлттық ақпараттық технологиялар» акционерлік қоғамына бұзушылықтардың алдын алуға және қызмет алушылардың құқықтарын қорғауға бағытталған 1 200-ден астам ұсыныс жіберді. Ақпараттық жүйелердің жұмысына мониторинг жүргізіліп, оның қорытындылары Үкіметке жолданды. Нәтижесінде, Цифрлық даму министрлігі агенттік анықтаған кемшіліктерді жою жөніндегі кешенді жоспарды бекітті. Жоспар порталда жұмыс істемей тұрған 25 электрондық қызметті қалпына келтіруді, 9 қызмет бойынша ақпараттық жүйелердің функционалын пысықтауды, 11 дерекқорды ықпалдастыруды көздейді. – Мемлекет басшысы халыққа Жолдауында «Мемлекеттік қызмет істері агенттігі толыққанды стратегиялық HR институтына айналуға тиіс» деп атап өткен болатын. Агенттіктің жоспары қандай? – Агенттік тиісті ұсыныстар әзірледі. Қазіргі кезде Үкімет деңгейінде Жол картасын бекіту мәселесі пысықталып жатыр. Жоспарға сәйкес, біріншіден, агенттіктің рөлі және оның мемлекеттік органдармен өзара қатынасы өзгереді. Агенттіктің назары мемлекеттік органдардың операциялық кадр қызметін сүйемелдеуден, персоналды басқару, іздеу, «тұрақтандыру» және дамыту мәселелеріне ауысады. Агенттік мемлекеттік органдардың стратегиялық HR-әріптесіне айналады. Кадр рәсімдерін цифрландыруға, конкурстың ашықтығын қамтамасыз етіп, меритократия қағидатын күшейтуге назар аударылады. Агенттіктің жұмысында рекрутинг (қызметкерді іздеу, тарту), талант-менеджмент, ассесмент (бағалау) және өзге де жаңа құралдар қолданылады. Агенттік мемлекеттік қызметшілердің құқықтарын қорғап, кадр саясатының тиімділігін қамтамасыз етіп, мемлекеттік қызметке «кіруден» бастап зейнетке шыққанға дейін сүйемелдеуді жүзеге асырады. Екіншіден, мемлекеттік органдардағы кадр қызметтерінің рөлі ұлғаяды. Олар өз органдарында HR-стратегиясын жоспарлайтын болады. Сондай-ақ оларға кадрлық шешімдер қабылдау құқығын беру ұсынылады (бағалау, марапаттау, жазалау, т.б.). Үшіншіден, мемлекеттік қызметтегі HR-құралдар қайта қарастырылады. Атап айтқанда, мемлекеттік қызметшілерге қойылатын талаптар мен құзыреттерді, оларды бағалау және оқыту жүйелерін, әдеп жөніндегі уәкілдің қызметін қайта қарастыру ұсынылады. Бұл ұсыныстар агенттікті стратегиялық HR-институт ретінде қалыптастыруға мүмкіндік береді деп отырмыз. – Бір сұхбатыңызда «Елімізде жүргізіліп жатқан реформалардың оңтайлы жүзеге асуы үшін мемлекеттік аппаратқа деген халықтың сенімі артуы қажет» депсіз, осы орайда кадрлық әлеуетке көп нәрсе байланысты емес пе? – Өте орынды мәселені көтеріп отырсыз. Кадрлық әлеуеттің артуы мемлекеттік қызметті жаңа сапаға көтеруде маңызды рөл атқарады. Биыл Президенттік жастар кадр резервіне кезекті іріктеу өтеді. Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған жастар кадрлық резервін қалыптастыру – жаңа буынды мемлекеттік басқару ісіне тартуға бағытталған. Президент атап өткендей, «Жастар кадрлық резерві – мемлекеттің резерві». Жастар кадрлық резерві өзінің тиімділігін көрсетіп отыр. Жыл өткен сайын қабілетті, дарынды жастардың бұл жобаға қатысуға қызығушылығы артуда. Резервшілерді жұмысқа орналастыру кезінде әртүрлі қиындыққа тап болатынымызды мойындау керек. Кейбір органдарда он шақты резервші тағайындалған болса, кейбіреуінде резервші мүлдем жоқ. Денсаулық сақтау, энергетика, білім беру сияқты экономиканың аса маңызды салаларында резервшілердің саны өте аз. Осыған орай, резервшілердің салалық топтарын қайта қарастырамыз. Сондай-ақ үміткерлермен әңгімелесу міндетті түрде салалық орталық органның қатысуымен өтетін болады. Агенттік Президенттік жастар кадр резервін жетілдіру бойынша үнемі жұмыс жүргізіп келеді. Желтоқсан айында резервтен шығу тәртібін бекітетін Жарлық қабылданды. Соған сәйкес, резервші өз еркімен өзге елдің азаматтығын алған, Қазақстанның азаматтығын жоғалтқан, жұмыстан теріс себептер бойынша босатылған жағдайларда резервтен шығарылады. Сонымен қатар республиканың барлық аймағында Өңірлік жастар кадр резервтері құрылатын болады. Резервке іріктеуге 35 жастан аспайтын, жоғары білімді, кемінде 3 жыл жұмыс өтілі бар жастар қатысады. Бұл өңірдегі жастарға әлеуметтік лифт болмақ. Қазіргі кезде өңірлік резервке қатысты түзетулерді заңға енгізу және ұйымдастыру бойынша жұмыстар пысықталып жатыр. Жалпы, әрбір мемлекеттік қызметші мемлекетшіл болуы керек. Ол үшін тек білімді және құзыретті болу жеткіліксіз. Алаш қайраткері Әлихан Бөкейхан «Ұлтқа қызмет ету білімнен емес, мінезден» деген. Бұл жерде мінез деп адамның ішкі рухын, адамдардың игілігі үшін елге қызмет етсем деген жүрек қалауын айтып отыр емес пе?!. Елге қызмет ету – абыройлы міндет. Осы қағиданы әрбір мемлекеттік қызметші қаперінде ұстауы керек. Түйіндей айтқанда, біздің негізгі міндетіміз – халыққа әділ, адал, ашық қызмет көрсететін мемлекеттік аппарат қалыптастыру. – Мемлекеттік қызмет саласында биыл қандай өзгерістер болады? – Агенттік былтыр мемлекеттік қызметті жетілдіру жөнінде заң жобасын әзірлеп, Парламенттің қарауына енгізді. Заң жобасы қабылданған жағдайда, бірқатар өзгерісті жүзеге асыру көзделіп отыр. Мәселен, Президент шешімімен саяси қызметшілерді «сенім жоғалтуына» байланысты жұмыстан шығару мүмкіндігі енгізіледі. Мұндай себеппен шығарылған қызметші мемлекеттік қызметке үш жыл бойы қайтып келе алмайды. Сонымен қатар өзге өңірге ротацияланған қызметшіге үй жалдауға төлем енгізу күтілуде. Бұл қызметшілерді өңірлерге ротациялануға ынталандырады. Мемлекеттік органдарға нақты бір жобаны жүзеге асыру үшін уақытша келісімшарт бойынша маманды жұмысқа алуға мүмкіндік беріледі. Мұндай жұмыскерлер мемлекеттік лауазымдарды атқармайды және белгіленген уақытқа ғана алынатын болады. Бұл жаңашылдық Мемлекеттік басқаруды дамыту тұжырымдамасына сай енгізіліп жатыр. Бұған қоса, мемлекеттік қызметшілердің жұмыс уақыты сақталуына мониторинг жүргізіледі. Осы айтылғандармен қатар, мемлекеттік органдардағы басқарушы және атқарушы лауазымдардың саны реттеледі. Қазіргі кезде, кейбір мемлекеттік органдарда бір не екі қызметшіден құрылған бөлімшелер бар екенін көріп отырмыз. Біздің мақсатымыз – мемлекеттік органдардың оңтайлы және тиімді құрылымын қалыптастыру. Бұл мәселелер Парламент қарауында жатқан заң жобасында көзделген маңызды нормалар. Жалпы, жұмысымыз жалғасын табатын болады. Алда кешенді шаралар атқару міндеті тұр. Мемлекеттік қызметті заман талабына сай түбегейлі жаңғырту тек құқықтық нормативтік құжаттарға өзгертулер енгізумен шектелмейді. Мұндағы басты міндеттердің бірі – мемлекеттік қызметшінің кәсіби-тұлғалық болмысын жетілдіру. Ол үшін мемлекеттік қызметшіге саналы тұрғыда өзгеріс қажет. Ол ниет қалаулары мен ұстанымдық принциптерін өзгерту талабын тудырады. Агенттік мемлекеттік қызметшілердің кәсіби және тұлғалық болмысын жетілдіру, саналы тұрғыдан жаңғыруына ықпал ету, олардың ұстанымдары мен құндылықтарын, қоғамның сұранысына жауап бере алатын мақсатты дағдыларын жүйелеуге қатысты жұмыстарды да алда тұрақты түрде жүргізуді жоспарлап отыр. – Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан Ардақ СҰЛТАН