Адамзат өркениетіндегі орасан зор жаһандық өзгерістер кезеңіндегі жастардың қоғамдағы бүгінгі және болашақтағы орнын анықтау маңызды болмақ. Тарихтың кез келген кезеңіне баға берген уақытта сол замандағы азаматтардың, атап айтқанда жастардың қарым-қабілеті мен көзқарасына жүгінуді ұмытпауымыз қажет. Өйткені жастардың өзекті мәселелері тұтастай алғанда мемлекеттің проблемаларымен тығыз үйлесіп жатады. Қазақстан әлемдік қауымдастықтың белді мүшесі ретінде жаһандық үрдістерді жіті қарап отыруы тиіс. Соның ішінде БҰҰ шеңберіндегі жастар проблемасының беталысы өзіне назар аударады. БҰҰ жастар мүддесін қорғау және олармен бірге ұйым қызметін өзгерту мақсатында «Жастар-2030» стратегиясын қабылдаған еді. Осыған қатысты, соңғы төрт жылдағы БҰҰ мен мүше мемлекеттердің жұмысы қорытындыланып, БҰҰ Бас хатшысының баяндамасы да жарияланған болатын. Ұйымның мәліметі бойынша әлемде 14-24 жас аралығындағы 1,8 миллиард жас бар. Бұл – адамзат тарихындағы жастар саны бойынша ең үлкен көрсеткіш. Жастардың 90 пайызға жуығы дамушы елдерде тұрады және өз елдерінде халықтың басым бөлігін құрайды. Қазір БҰҰ Жастар стратегиясы шеңберінде әлемдегі жас азаматтардың сапалы білім мен медициналық қызметке қол жеткізуі, экономикалық құқығы мен мүмкіндігін кеңейту үшін лайықты жұмыспен қамтылуы. Құқығын қорғау, көтермелеу, сол арқылы оларды азаматтық және саяси қызметке қатысуын кеңейтуді көздеп отыр. БҰҰ Бас хатшысының осы мәселеге қатысты баяндамасында негізгі мәселе ретінде жастар арасындағы цифрлық теңсіздікті еңсеру көрсетілген. Себебі әлем халқының 95 пайызына жуығы мобильді желі тартылған аумақта өмір сүргенімен, цифрлық теңсіздік азаймай, әлеуметтік-экономикалық алшақтық күшеюде. Әсіресе, интернетті пайдаланудағы теңсіздік қала (76 пайызы) мен ауыл тұрғындары (39 пайызы) арасында сақталып отыр. Жастар (15-24 жас) интернетті басқа топтарға қарағанда жиі пайдаланады. Алайда табысы төмен елдерде жастардың үштен бірі ғана интернетті пайдаланады, ал табысы орташа деңгейден жоғары елдерде интернетті жастар түгел пайдаланады. Интернетті пайдаланушылардың арасындағы алшақтық білім деңгейіне қарай айқын аңғарылады. Мәселен, интернетті жоғары білімі бар адамдардың 94 пайызы және орта білімі бар адамдардың 85 пайызы пайдаланады, ал орта білімі толық емес немесе бастауыш білімі барлар ортасында интернетті пайдалану деңгейі әлдеқайда төмен. 2030 жылға қарай әлем бойынша жалпының интернетке қолы жетуі үшін шамамен 428 млрд доллар қажет болады екен. Есеп бойынша, инфрақұрылымға және кеңжолақты желілерді орнатуға, ІТ технология саласындағы дағдыларды дамыту, контент жасау үшін тағы 40 млрд доллар қажет. Алдағы 15 жыл ішінде әлемдегі жастардың жұмысқа орналасу қажеттілігін қанағаттандыру үшін 600 миллион жұмыс орнын құру қажет. Соңғы 15 жыл ішінде жұмысы, білімі немесе кәсіби дайындығы жоқ жастардың (NEET санатындағы) үлесі жоғары болып қала береді және қазір бүкіл әлем бойынша жас әйелдердің 30 пайызы және жас ерлердің 13 пайызы құрайды. Пандемия цифрлық теңсіздікті күшейтумен қатар жастардың еңбек нарығындағы қазіргі мәселелерін ушықтырды. 2020 жылы жұмыс істемейтін, білім алмаған және кәсіптік даярлықтан өтпеген жастар үлесі 23,3 пайызға дейін өсті, ал 2022 жылы 73 миллионға жуық жас азамат жұмыс таба алмаған (2019 жылмен салыстырғанда 6 миллионға көп). Цифрлық экономикада жастардың жұмысқа орналасу мүмкіндіктерін құру бірқатар бағыт бойынша күш-жігерді талап етеді. Қолайлы саяси жағдай, қолжетімді байланыс пен халықтың цифрлық дағдыларының жеткілікті санын қамтамасыз ету. Қазір әлемде жастардың жұмыспен қамтылуы құрылыс пен ақпараттық-коммуникациялық технология секторында шоғырланғанымен, тұтыну кеңейген сайын 2030 жылға қарай жұмыспен қамтудың ең үлкен салдары дистрибуция және бөлшек сауда секторларында байқалады. Осыдан туындайтын цифрлық тәуелділік денсаулыққа кері әсер етуі мүмкін. Мысалы, жастарға оқшаулау және карантин режимі кезінде отырықшы өмір салтының салдары, кибербуллинг және экран алдында өткізілетін уақыт күйзеліс әкелген. Жастар әлеуметтік медианы жаңалықтың қайнар көзі ретінде жиі пайдаланады, бұл жалған ақпаратты кең таратуға ықпал етуі ықтимал. БҰҰ деңгейінде цифрлық теңсіздіктің жастар денсаулығына әсерін төмендету шешу үшін бірқатар шара қабылдануы мүмкін. Мысалы, ұлттық және халықаралық деңгейде цифрлық платформаларда жастардың денсаулығын қорғауға бағытталған заңнама қабылдауға болады. Болашақта жастардың цифрлық технологияны белсенді қолдануының жағымсыз психологиялық салдарынан қорғану үшін цифрлық сауаттылық құралдарына кеңірек қол жеткізу қажет. Ата-аналардың сауатын нығайту арқылы жастардың интернеттен сенімді медициналық ақпаратты табуына көмектесіп, қажетті цифрлық дағдыларды дамытуға болады. Қазақстанда байқалып отырған бұрын-соңды болмаған зияткерлік ренессанс мемлекеттің адами капиталға инвестициялауының арқасында пайда болды. Адами капиталдың жаңа сапасы жастардың өзін-өзі дамытуы мен өзін-өзі жүзеге асыруынан ғана өзінің шынайы ерекшеліктеріне ие болады. Қазір елімізде жастардың шамамен 6,5 пайызы білім беру және еңбек қызметіне тартылмаған. Жастардың жоғарғы жас шегі 35 жасқа дейін көтерілуімен аталған көрсеткіштің де артатыны белгілі. Жастар тұжырымдамасында қазіргі қалыптасқан жағдай толығымен сипатталғанымен, жоғарыда көтерілген цифрлық теңсіздікті еңсеру, цифрлық тәуелділіктің денсаулыққа кері әсері мен еңбек нарығындағы үлкен өзгерістер алдағы уақытта назардан тыс қалмауы керек. 2023-2030 жылдар аралығында жастар саны 78 миллион адамға өседі. Бұл өсімнің жартысына жуығы табысы төмен елдерге тиесілі. Білім беру және оқыту жүйелері бұл сынаққа жауап беруі керек. Сондықтан Қазақстан Республикасы мемлекеттік жастар саясатының 2023-2030 жылдарға арналған тұжырымдамасында белгіленген «жастар үшін» парадигмасын «жастармен бірге» бағытына ауыстыру мақсаты жаңа мәнге ие болмақ. Өйткені жастармен бірлесе отырып қана жастардың мәселесін нақты шешуге болады. Елдегі жастардың қазіргі ахуалы мен болашақтағы болжанған өзгерістерді ескере отырып, бүгінгі басты міндеттің бірі – алдағы сын-қатерлерге дайын болу.
Риззат ЕЛУБАЕВ, Қазақстандық қоғамдық даму институтының сарапшысы