«AMANAT» партиясының «Ұрпаққа аманат» қоғамдық дәрісі өз мәресіне жетті
«AMANAT» партиясының «Ұрпаққа аманат» қоғамдық дәрісі өз мәресіне жетті
578
оқылды
Астана қаласында «AMANAT» партиясы қолға алған «Ұрпаққа аманат» қоғамдық дәрісі өз мәресіне жетті. «Ұлттық мұра» партиялық жобасы аясында өткізілген іс-шарада биыл туғанына 130 жыл толып отырған алаш ақыны Мағжан Жұмабаевтың есімі ұлықталды. Мағжан Жұмабаев атындағы халықаралық колледжде ұйымдастырылған келелі кездесуге «AMANAT» партиясының Хатшысы Дәулет Кәрібек және танымал ғалымдар, көрнекті қаламгерлер, театр және кино артистері қатысты. Олар жастар қауымының алдында танымдық дәріс оқып, тұшымды әңгіме өрбітті. «Қазақ газеттерінің» бас директоры, академик Дихан Қамзабекұлы бұл жүздесудің мәні мен маңызын айтып, ұйымдастырушыларға шынайы алғысын білдірді. – «Мағжан – символ. Мағжан – құбылыс. Мағжан – қазақтың көркем өнерін, рухани деңгейін жаңа биікке көтерген біртуар адам. Оның шығармашылығынан халқымыздың пайым-парасаты, болмыс-бітімі анық аңғарылады. Ол өз заманының шынайы өкілі, тұғырлы тұлғасы ғана емес, ең алдымен, елді гүлдендіруді, қоғамды дамытуды ойлаған отаншыл азамат еді. Сондықтан, ақынның өмір жолы, өшпес мұрасы – жас ұрпаққа үлгі», –  деді ол. Өз кезегінде, алаштанушы, PhD докторы Алма Сайлауқызы ақынның білім саласына қосқан үлесін тілге тиек етті. – «Алты Алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі…» дейді Мағжан Жұмабаев. Яғни, алаш ардақтысы тек ақын, ұлт қайраткері ғана емес, ең алдымен, ол ұрпақ болашағына алаңдаған азамат. Соның жарқын дәлелі ретінде тарихта оның «Педагогика» сынды құнды ғылыми еңбегін қалды. Оны қазақтың дүниетанымына сай етіп ұсынды. Халқымыздың рухани, табиғи, мәдени ерекшелігін ескерді», – деді ғалым. Айта кетейік, партияның қоғамдық дәрісі бұған дейін бас шаһардағы Қайым Мұхамедханов атындағы №90 гимназияда, Абай Құнанбайұлы атындағы №87 мектеп-гимназиясында және Әлихан Бөкейхан атындағы №76 мектеп-лицейінде өткізілді.