Алматының іргесіндегі Талғар ауданына қарасты Талдыбұлақ ауылында Рашитбек Зәкиұлы есімді біздің газеттің ұзақ жылдан бергі тұрақты оқырманы тұрады. Кейіпкеріміз «Айқынды» үзбей оқып қана қоймай, газет тігінділерін жинап, сақтап отырады екен. Біз басылымның шын жанашырын арнайы іздеп бардық. – Рашитбек аға, әңгімемізді өзіңізді таныстырудан бастасақ.
– Қытай Халық Республикасы Іле-қазақ автономиялық облысы Қаба ауданында 1944 жылы дүниеге келгенмін. Әкем мен анам ұзақ жылдар оқу-ағарту саласында еңбек еткен. Әкеміз Қытайдағы әйгілі «Мәдениет» төңкерісі кезінде біраз қуғындау мен азап көрген адам. Өзім ата-анамның жолын қуып мұғалім болдым. Шыңжан университетінің қытай-ұйғыр тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі мамандығын бітіргенмін.
– Жаңа сөзіңіздің басында әкем Қытайдағы «Мәдениет» төңкерісінің кесірінен қуғындау көрген жан еді» деп айтып қалдыңыз. Оның салқыны өзіңізге де тиген жоқ па?
– Маған дәл сондай адамның баласысың деп тікелей айып таға қойған жоқ. Бірақ университетте оқып жүргенімде біздің топта оқитын 23 баланың 12-сі қазақ едік. Осы 12 баланы «өздігінен ұйым құрмақ болып жүр» деген күдікпен арнайы орындардың саяси бақылауына қойды. Оның себебі оқу орны басшылығына «Бізде неге сабақтар қазақ тілінде оқытылмайды, неге қазақтың мәдениеті мен әдебиетінен арнайы дәрістер өткізілмейді?» деген сияқты талаптар қоя бастадық. Осы кезден бастап, 1987 жылға дейін арнайы орындардың бақылауында болдым. Маған тек туған ауылымдағы мектепте мұғалім болуға ғана рұқсат етілді.
– Ол бұғаудан қалай құтылдыңыз?
– Өзімнің ақ екенімді дәлелдеп, тиісті орындарға тынбай жазумен, арызданумен болдым. Нәтижесінде, 1987 жылы Қытай үкіметі нақақтан жала жабылған екен деген шешім шығарып мені бақылаудан босатты. Одан кейін Іле-қазақ автономиялық облысының Радио және телевизия мекемесінің телефильмдерді қытай тілінен қазақ тіліне аудару бөлімінің режиссері етіп жұмысқа шақырды. Ол жерде 15 жыл қызмет етіп, 2004 жылы зейнетке шықтым.
– Елге қашан келдіңіз?
– Елге 2005 жылы қоныс аудардым. 2019 жылы азаматтық алдым. Ата-бабамның қонысы – Шығыс Қазақстан облысы Зайсан ауданында. Арғы бетке сол жақтан кеткен. Менің арғы атам Жүктібай деген кісі 1911-1919 жылдар аралығында Зайсан өңірінде үш мәрте болыс болып сайланған. Жоғарыда айтқанымдай, әкемнің қудалануына да сол аталарымның болыс болғаны да бір себеп болған көрінеді. Осы болыстық құрған жылдарында Зайсанның Үлкен Қаратал деген ауылында төрт сыныптық мектеп салдырады. Бұл мектеп ескіше діни сауат ашатын емес, халықтық ағарту мектебі болып ашылған. Осы мектепте алғашқылардың бірі ретінде Ахмет Байтұрсынұлы емлесі оқытыла бастаған. Себебі мектеп алашордашылардың бастамасымен салынған. Қазір бұл мектептің орны жоқ. 2014 жылы бұзылып қалыпты. Бірақ сол кездегі мектеп ауласына отырғызылған ағаш әлі күнге дейін тұр. Аталған тарихи мектеп туралы Мемлекеттік архивте «Благодарная (қазіргі Қаратал) мектебі болыс қарамағындағы мектеп. Бұл жердегі адам саны – 773 жан. 1912-13 оқу жылындағы есеп бойынша 8-13 аралығындағы бала саны – 70, оқып жатқан балалардың саны – 42» деп анық жазылған дерек бар. Қазір жергілікті билікке мектептің орнында қалған 110 жылдан аса тарихы бар үйеңкі ағашы қоршалып, тарихи жәдігер ретінде қорғауға алынса деген ұсынысымды айтып жүрмін. Екінші ұсынысым аталған тарихи мектептің орнында тұрған мектепке Ахмет Байтұрсынұлының есімі берілсе деймін. Мектеп кеңестік кезеңде басқаша аталып келген екен. Тәуелсіздік алған соң «Қазақстан» мектебі деп аталыпты. Осы атауды ұлт ұстазының атына ауыстырса, тарихи әділеттілік болар еді. Бұл туралы мерзімді баспасөзде де жаздым. Әзірге ешқандай бір өзгеріс немесе қолдау бола қойған жоқ.
– Біздің «Айқын» газетін қай жылдан бері жаздырып ала бастадыңыз?
– Мен бұл басылымды 2006 жылдан бері жаздырып алып оқимын. Сонымен қатар осы жылдар аралығындағы бірде-бір санын қалдырмай қаттап жинап отырмын.
– Бәрекелді! Бұл басылым өзге басылымдарға қарағанда сізге несімен айрықша ұнады?
– «Айқын» – өте байсалды басылым. Бұл газеттегі әрбір мақала барынша терең зерттеліп жазылады. Кейбір басылымдар секілді билікті біржақты мақтап немесе тек жамандап жазбайды. Ақты ақ, қараны қара дейтін бірден-бір басылым деп айтар едім. Халық пен биліктің ортасында алтын көпір миссиясын адал атқарып отырған газет. Сондықтан мен бұл басылымды ерекше жақсы көремін.
– Есептеп қарасам, «Айқынның» 16-17 жылдан бері тұрақты оқырманы екенсіз. Осы жылдар ішінде өзіңізге ерекше ұнап, есіңізде қалған мақала немесе айдарларды айта аласыз ба?
– Газеттегі әрбір мақала қоғамның жүгін көтеріп тұр. Біраз жыл бұрын сіздерде «Ақ сөйле» деген керемет айдар болды. Осы айдармен небір керемет сұхбаттар шығатын еді. Сол сұхбаттардан мықты тарихшыларымыз бен ғалымдарымыздың өткен тарихымызға қатысты пікірлерін оқып риза болатын едім. Соңғы кезде осы айдар шықпай кетті.
– Тұрақты оқырман ретінде газеттің мазмұнына қатысты қандай да бір ескертпе, ұсыныстарыңыз бар ма?
– Осы жылдан бастап «Айқын аптаны» қайта шығара бастадыңыздар. Бұл мені қуантты. Осыған қатысты бір-екі ұсынысымды айта кетейін. Осы қосымша сенбі күні шығатын болғандықтан та нымдық мақалалар көбірек басылса екен деймін. Одан бөлек, әдеби дүниелерге де орын берілсе. Сүйікті басылымымнан ара-кідік жақсы поэзия немесе прозалық шығарма оқып тұрғым келеді.