Ауылға айрықша қолдау бар
Ауылға айрықша қолдау бар
765
оқылды
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жамбыл облысына жұмыс сапарымен барды. Президент сапары ең алдымен Тараз қа­ласындағы жазушы Шерхан Мұртаза ескерткішіне гүл шоғын қоюдан басталды. Президент реформаларын қолдайды Ескерткіштің жанында жергілікті зиялы қауым өкілдерімен жүздесіп, бел­гілі қаламгердің ұлт руханиятын дамытуға зор үлес қосқанын тілге тиек етті.
– Шерағаң – халқымыздың біртуар азаматы, заңғар жазушы десек артық айтқандық емес. Жас кезімізден бастап біз бәріміз оның «Қызыл жебе» ро­ма­нын, басқа да шығармаларын оқы­дық. Әсіре­се, «Бір кем дүние» туындысы әлі күнге дейін өзекті. Халқымызға, әсі­ресе жастарға рухани азық болған дүние деп айтуға болады. Сондықтан жазу­­шының ескерткішіне арнайы келіп, тағзым етіп отырмыз, – деді Қ.Тоқаев.
Кездесу барысында жергілікті зиялы қауым өкілдері елді толғандыратын мәсе­лелерді айтып, өз ойларын ортаға салды. Олар Мемлекет басшысының бастамасымен жүргізіліп жатқан қо­ғам­дық-саяси реформаларды қолдайтынын жеткізіп, шығарма­шылық адамдарына мемлекеттің көрсетіп жатқан қамқор­лығы үшін алғыс айтты. Президент шы­ғар­ма­шылық адамдарын әрқашан қол­дайтынын атап өтті. Сондай-ақ елі­міз дамып, өркендеуі үшін ал­дағы саяси науқандар кезінде ауызбіршілік қажет екеніне назар аударды.
– Ең басты мәселе – әділ, ашық болу керек. Осындай лайықты адамдар біздің Парламентке келсе, еліміздің дамуына үлес қосады деп үмітте­немін. Дүние­жүзінде болып жатқан жағдайды өзде­ріңіз жақсы білесіздер. Ішкі саясат та, сыртқы сая­сат та сындарлы, салмақты болуы керек. Ең басты міндетіміз – мем­лекеттілігімізді сақтап қалу. Сын-қа­терлер аз емес. Сондықтан бәріміз бір ел, бір халық, бір ұлт болып ұйысып, ел үшін қызмет етейік, – деді Мемлекет басшысы.
Жастарға үлкен үміт артылған Бұдан соң Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз инновациялық институтының Студенттер үйінде оқу орнының оқытушыларымен және студент­термен кездесті. Институт ректоры Ерболат Саурықов оқу орнының маман даярлау ісіндегі жетістіктері мен алдағы даму жоспарын та­ныстырды. 2019 жылы бұрынғы «Та­раз» қонақ үйі реконструк­ция­ланды, қайта жасақталған жатақ­ханада 500 студентке барлық жағдай жасалған. Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттің білім саласына ай­рықша мән беріп отырғанын атап өтіп, бүгінде білім аламын деген адамға мүмкіндік мол екенін айтты.
– Еліміздің болашағы – жас­тар. Жаңа буын, жаңа толқын өсіп ке­леді. Білім алу өте маңызды. Абайша айтқанда, «толық адам» дегеніміз – ойы ұшқыр, зерек, білімге құштар адам. Әр нәрседе қанағат болуы керек. Бірақ білімге келгенде, қана­ғат болмауы керек. Әрдайым іздену керек. Еліміздің болашақта дамып, көркейген елге айналуы, алдымен, сіздерге бай­ла­нысты. Біз сіздерге сенеміз, үл­кен үміт артамыз. Бар­шаңызға сәт­тілік тілеймін! – деді Мемлекет басшысы.
Өз кезегінде Мемлекет бас­шысы Байзақ ауданының Көктал ауылдық орта мектебінің жұмы­сымен танысты. Ұстаздар қауымы­мен жүздесіп, жаңа әрі жайлы мек­тепте білім алып жатқан оқу­шы­ларға табыс тіледі. Бұл білім ор­дасының ғимараты былтыр са­лынып, пайдалануға берілген. Мек­теп директоры Аят Сенбек­ұлының айтуынша, білім орда­сында 1207 оқушы оқиды. шахматшылар Үш қабатты мектеп ғимараты газбен жылытылатын дербес қа­зандыққа, орталықтандырылған ауызсу желісіне қосылған. Мектеп материалдық-техникалық жағы­нан толық жабдықталған: 32 оқу ка­бинеті, 4 компьютер кабинеті, 2 лингофон кабинеті, 1 роботтехника кабинеті, 1 спорт залы, шебер­ха­на­сы, кітапханасы, медициналық пункті және асханасы бар. Мектепте маңайдағы ауылдардан қатынап оқитын балалар үшін көлік тасыма­лы ұйымдастырылған. 2023-2025 жылдары «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында Жамбыл облы­сында 9500 орындық 13 мектеп салу жоспарланып отыр. Оның сегізі келесі жылы пайдалануға берілуге тиіс. Жалпы, Президенттің тапсыр­масымен 2023-2025 жылдары «Жай­лы мектеп» ұлттық жобасы аясында республика бойынша 800 мың оқушыға арналған 400-ден астам жайлы мектеп салынады. Құс шаруашылығын дамыту жайын баяндады Жұмыс сапары аясында Пре­зидент Байзақ ауданына қарасты Мырзатай ауылындағы «Әулие Ата Феникс» құс фабрикасына барды. Мемлекет басшысы өндіріс орнын­дағы цехтарды аралап көрді. Қа­сым-Жомарт Тоқаевқа құс фабри­касының жетекшісі Фарида Жү­нісова кәсіпорынның жұмысы ту­ралы баяндады. Қазір голланд тех­нологиясымен 1 миллион балапан өсіретін өндіріс орнында 250-ге жуық ауыл тұрғыны жұмыс істейді. Кәсіпорын жыл сайын 8 мың тонна бройлер етін өндіреді, сондай-ақ өнім ішкі нарыққа жеткізіледі және Ресейге, Қырғыз Республикасына экспортталады. Биыл құс фабрика­сының өндірістік қуатын 12 мың тоннаға дейін арттыру үшін жалпы құны 1,4 миллиард теңгені құрай­тын 6 нысан салу жоспарланып отыр. Кәсіпорын жұмысымен та­нысу барысында Қасым-Жомарт Тоқаевқа өңірдегі құс шаруашы­лығының дамуы жөнінде мәлімет берілді. Кооперативке бірігу – пайдаға кенелу Сондай-ақ Мемлекет басшысы Байзақ ауданы Талас ауылында орналасқан «Қостөбе-2019» ауыл шаруашылығы өндірістік коопе­ративінің жұмысымен танысты. Президентке «Ауыл аманаты» бағ­дарламасының жүзеге асырылу барысы жөнінде баяндалды. Бұл жоба бойынша 2025 жылға дейін Жамбыл облысының 153 ауылдық округ халқына 2,5 пайыз мөлшерлемемен 87,8 миллиард теңге несие беріледі. Бағдарламаның бес бағыты бойынша Қостөбе ауылдық округінің 256 тұрғынына кәсіппен айналысуға 886 миллион теңгеден астам несие берілген. Бұл қаржы ауыл халқына төрт түлік мал, бау-бақша өсірумен, басқа да кә­сіппен айналысып, отбасылық та­бысын арттыру үшін бөлінді. Бұған қоса «Қостөбе-2019» кооперативіне лизинг арқылы ауыл шаруашылығы техникаларын алуға жеңілдетілген несие берілді. Қазір кооператив қарамағында 12 ауыл шаруашылығы техникасы мен 401 гектар жері бар. Оған 175 шаруа мүше. Олардың қатары біртіндеп көбейіп келеді. Кооператив мүшелері бақша да­қыл­дарын өсірумен қатар, мал ша­руашылығына жем-шөп әзірлеумен шұғылданады. құс фабрикасы Жалпы, «Ауыл аманаты» бағ­дарламасын республиканың бар­лық өңірінде жүзеге асыру үшін облыс әкімдіктеріне 2023 жылы 52,4 миллиард теңге бөлінеді. Сонымен қатар Мемлекет бас­шысы «Қостөбе-2019» коопера­ти­вінде облыстағы ауыл шаруашы­лығы өнімін өндіруші шаруалармен кездесті. Президент ауыл шаруа­шылығы кооперативтерін құрудың оң тәжірибесін еліміздің басқа да өңірлерінде таратудың маңызды екенін атап өтті.
– Ауыл шаруашылығына ай­рықша мән беріп отырмыз. Пре­зидент болып сайлағаннан кейін, ең алдымен, Ауылдық аумақтарды дамыту тұжырымдасын әзірлеу туралы Жарлыққа қол қойдым. Алдағы үш жылда кооперацияларды дамытуға 1 триллион теңге бөлеміз. Осы қомақты қаржыны тиімді пайдалану керек. Мемлекет ауыл шаруашылығы еңбеккерлеріне әрқашан қолдау білдіреді, – деді Президент.
Бұл міндет сайлауалды бағдар­ламасына енгізілгенін, сондықтан оның орындалу барысы Президент Әкімшілігінің тікелей бақылауында болатынын ескертті. Тоқаев Бұдан кейін Мемлекет басшысы қарапайым ауыл тұрғынының тұр­мыс-тіршілігімен танысу үшін жеке қосалқы шаруашылығын жүргізіп отырған Қостөбе ауылы тұрғынының үйіне барды. Ауыл тұрғыны Саламат Рахманбердиев 2020 жылы «Ауыл аманаты» бағдар­ламасы аясында 2,5 пайызбен 3,6 миллион теңге несие алып, 6 бас мүйізді ірі қара, 3 бас жыл­­қы, 10 бас қой сатып алған. Кә­сіп­кер мал бордақылап сатумен ай­налысады. Қазір төл басын арт­ты­рып, тапқан табысына жүк кө­лігін сатып алған. Ол өз нәпақасын та­бумен қатар, ауылдың екі тұр­ғы­нын жұмыспен қамтып отыр. Са­ламат Рахманбер­диев алдағы уа­қытта жем сататын дүкен ашып, мал басын көбейту үшін тағы да жеңіл­дікпен 10 мил­лион теңге кредит алуға ниет­­­теніп отырғанын жеткізді. Мем­ле­кет басшысы ең­бекқор жі­гіт­­тің кә­сібіне табыс ті­леп, өз аты­нан дән уатқыш аппа­ратын сыйға тартты. Мемлекет басшысы Сарыкемер ауылындағы жаңа емханаға барды. Емхана заманауи жоғары техноло­гиялық құрылғылармен жабдық­талған. Аудан тұрғындарына 260-тан аса дәрігер, орта және кіші са­наттағы медицина қызметкерлері қызмет көрсетеді. Мемлекет бас­шысына компьютерлік томогра­фия, цифрлық рентген және мам­мография аппараттары таныс­тырылды. 2023-2024 жылдары өңір­де 30 медицина нысанын салу жоспарланған. Былтыр медицина қызметкерлерінің жалақысы 20-30 пайызға артты. Биыл тағы сондай көлемде өседі. Президенттің тап­сырмасымен қолға алынған «Ауыл­дағы денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында республика бойынша 309 медициналық-сани­тариялық алғашқы көмек нысаны салынып, 12 орталық аудандық ау­руханаға күрделі жөндеу жұмыс­тары жүргізіледі. Ұлттық жоба ая­сында денсаулық сақтау ұйымдарын 575 дана заманауи медициналық құрылғымен жабдықтау қарас­тырылған. 2023 жылы қосымша 2,4 миллионнан астам ауыл халқы арнаулы медициналық көмекпен қамтамасыз етіледі.