Әлеуметтік желілер ел өміріне берік енді. Бұл платформалар демократияның бір ұстынына айналды: билікке, резонансты оқиғаларға пікірін білдіргісі келген азаматтар соған жүгінеді, транспарант көтеріп, көшеге шықпайды. Бизнес те жарнамасын әлеужеліге көшірді. Қазақстандықтар әлдебір мейрамхана-дәмханаға бармас бұрын алдымен соның Instagram парақшасын ақтарып, мәзірін қарайды, асының дәмділігіне қатысты жұрт пікірін оқиды. Әлеуметтік желі кәсіпкерлікті өркендетуде, сөз бостандығын өрістетуде, тіпті халықтың көңілін көтеруде маңызды рөл атқарады. Бұл сала Қазақстанда қалай дамуда?
Ең танымал әлеуметтік желі қайсы? Цифрлық құралдар адам мен адам, мемлекет пен халық арасындағы байланысты түбегейлі өзгертті. Бүгінде мемлекеттік кеңседе, медициналық ұйымда, білім беру мекемесінде, басқасында өзіне көрсетілген қызмет көңілінен шықпаса, азаматтар дереу интернетке кіріп, әлеуметтік желі немесе ашық диалог порталдары арқылы жоғарыға шағым жазады.«Әлеуметтік желі, интернет ақпараттың негізгі көзіне айналды. Қазіргі адамдар бетпе-бет отырып, жеке кездесуді емес, смартфон арқылы байланысуды көбірек қалайды. Мессенджерлер мен әлеуметтік желілер достармен ғана емес, бизнес серіктеспен, клиенттермен және тіпті мемлекетпен қарым-қатынастың негізгі тәсіліне айналды. Азаматтық ұстанымды білдіру енді әлдеқайда оңайлады: әркім өз пікірін әлеуметтік желілер арқылы білдіре алады және өз мәселелерін де жедел шеше алады. Мысалы, емханадағы қызмет көрсету сапасына қанағаттанбасаңыз, онда Facebook топтағы пост бұл проблеманы көптеген азаматқа жария ете алады. Мемлекеттік органдардың тиісті шара қабылдайтын жауапты өкілдеріне соған үн қатуға, назар аударуға тура келеді», – делінген Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Еңбек ресурстарын дамыту орталығының «Цифрлық шындық жолында» атты есебінде.DataReportal зерттеуіне сәйкес, 2022 жылы Қазақстанда №1 әлеуметтік желі мәртебесін Instagram иеленді: оны 11,75 миллион азаматымыз пайдаланады. Оны алда TikTok қуып жетуі мүмкін: бұл қосымшада 7,26 миллион қазақстандық тіркелген. Ересектер арасында құрметке ие Facebook-тің Қазақстандағы пайдаланушыларының саны 2,3 миллионды құрады. LinkedIn жарнамалық ресурстарын тек 1,1 млн азамат негізінен бизнес мақсаттарында, жұмыс үшін қажетке жаратады. Ал қысқа хабарларға құрылған Twitter тіпті де танымал емес: онда Президенттің өзі тіркеліп, тұрақты твит жазып тұратынына қарамастан, оны қарым-қатынас жасау үшін 202,9 мың қазақстандық қана қолданады. Айтқандай, өзін-өзі жұмыспен қамтитын фрилансерлер арасында Facebook, LinkedIn, Instagram және YouTube кең танымалдылыққа ие. Оқушылардың қалауы бұдан шамалы ерекшеленеді. Интернетке қосылған смартфоны бар мектеп жасындағы балалардың 95%-ы YouTube-ты тамашалайды. 67%-ы Тік-Ток-та отырады. 62%-ының Instagram-да парақшасы бар және осы желіні ұнатады. 32%-ы ғана Facebook-ті қолданады. 20 пайыздайы Twitch атты компьютерлік ойындар тақырыбына маманданған видеостриминг сервисін біледі және соған құмартады. 17%-ы күнделікті өмірде WhatsApp мессенджерін қолданады. Балалардың Цифрлық даму деңгейін ескере отырып, халықаралық тәжірибеде білім беру ұйымдары білім беру процесін қайта құрып жатыр. Мұғалімдер технологиялық игіліктерді оқушылардың білім беру нәтижелігін арттыру үшін жаратуға ұмтылады. Ендеше қазақстандық педагогтердің де сабақты, жаттығуларды қызықты етіп түсіндіріп, оны Тік-Ток, YouTube және басқасы арқылы таратуға тырысуы құптарлық, қолдауға тұрарлық іс. Қандай желі «әлдилейді» әлемді?
«Әлеуметтік желілер заманауи адам өмірінің ажырамас бөлшегіне айналды. БАҚ, мемлекеттік ұйымдар, атақты адамдар түрлі әлеужеліге көшіп алды, сонда жаңа тұлғалар атақ пен даңқ табуда. Әлеужелілер жұртшылық өкілдерінің өз ұстанымын білдіретін, реакциясын паш ететін, пікір алмасатын алаң қызметін атқарады. Бір ғана шағын пост алапат ауқымдағы толқуды тудыра алатын қуатқа ие. Халық арасына таралған әлемдегі ең алғашқы әлеуметтік желі Classmates.com (соның үлгісін ресейлік Одноклассники көшірген) 1995 жылы пайда болды. Ал 2003-2004 жылдарды әлеужелілердің жаһандық дүмпуі басталған кезең ретінде атауға болады, LinkedIn, MySpace және Facebook өмірге жолдама алды», – деп жазады Ranking мониторинг агенттігі.Datareportal.com дерегінше, 2022 жылдың үшінші тоқсанында әлемде әлеужелілерді пайдаланушылар саны 4,74 миллиард адамға жетті. Қатары бір жыл ішінде 4,2%-ға өскен. Яғни, Жер шарының барлық тұрғынының шамамен 59,3%-ы, ал жасы 13-тен аспаған балаларды қоспағанда, 75,9%-ы немесе әрбір төрт адамның үшеуі әлеуметтік желіде отырады. Басқа да таңғалдырарлық көрсеткіш бар: интернетке қосылған дүниежүзіндегі бүкіл адамның 93,4%-ы әлеужеліде тіркелген. 2022 жылғы үшінші тоқсанда әлемде 16-64 жастағы адамдардың әрқайсысы әлеуметтік желіде тәулігіне орта есеппен 2 сағат 28 минут отырды. Әрине, күніне немесе бірнеше күнде бір-ақ рет кіретін адамдар бар. Бірақ күндіз-түні, тіпті көшеде жүріп, содан шықпайтын адамдар да көп, міне солар статистиканы ұлғайтады. Әлеуметтік желіде көп уақытын өткізетін халық – Нигерия тұрғындары: тәулігіне 4 сағат 20 минутын арнайды. Нигериялықтар орасан зор көлемде контент генерациялайды, олар өздері, өз өмірі туралы әңгімелеуге, соның бәрін түсіруге құмар. Әрине, онысы өзге адамзат үшін қызықты болмаған соң бізге жете бермейді, жүздеген миллион қаралым жимайды. Төрткүл дүниедегі ең жылдам интернеттің бірін ұсынатын Airtel Nigeria провайдері де осы елде орналасқан. Екінші орынға кедей Бразилия және Оңтүстік Африка республикасы шықты (3 сағат 44 минут). Әлеужеліге аз уақытын ғана бөлетін елдердің көшін Жапония бастады: тәулігіне 49 минут. Одан ары Оңтүстік Корея (1 сағат 11 минут) және Аустрия (1 сағат 30 минут) тұр. Бір қызығы, әлеуметтік желілердің әлемдегі танымалдылық деңгейі Қазақстандағыдан қатты ерекшеленеді. Дүниежүзінде бүгінде ең танымал әлеуметтік желі – Facebook: 2,9 миллиард пайдаланушы тіркелген. Содан соң YouTube видеохостингі (2,5 млрд) және WhatsApp мессенджері (2 млрд) келеді. Үздік бестікке Instagram (1,4 млрд) мен қытайлық WeChat (1,3 млрд) енді. Дегенмен адамдар тіркеліп, аккаунт ашқанымен, белсенді пайдаланбауы мүмкін. Бұл тұрғыда әлемде ең көп сұранысқа ие болғандарының көшін YouTube бастады: адамдар орта есеппен айына 23,4 сағатын соны қарауға шығындайды. TikTok еншісіне айына 22,9 сағат, Facebook-ке – 19,7 сағат, WhatsApp-қа – 17,3 сағат, Instagram-ға – 11,7 сағат, Line-ға – 11 сағат, Twitter-ге – 5,5 сағат, Telegram-ға 4 сағат сарп етілген. Еститін, бірақ көрінбейтін Үкімет керек Жалпы, адам өміріне енген жоғары технологиялар интернетпен, әлеужелімен шектелмейтіні сөзсіз. Бұл мұзтаудың ұшы ғана. Қазақстандықтардың әлеуметтік желіні тез игеріп, соған жаппай көшуі Үкімет үшін цифрландыруды енгізуді жеңілдетті. Бұл туралы кеше «Инновациялық технологиялар индустриясын дамытудың заманауи жаһандық сын-қатерлері» тақырыбын арқау еткен Digital Almaty Цифрлық форумында айтылды.
«Қазір Қазақстан FinTech және GovTech-жобаларын жүзеге асыруды қамтитын мемлекеттік басқарудың Цифрлық трансформациясы бағытын ұстанып отыр. Жалпы, мемлекеттің ашықтығы мен бизнес технологиясының арқасында республикада цифрлық саладағы күнделікті өмірде қолданылатын нақты нәтижелердің жоғары деңгейіне қол жеткізілді. Цифрландыру еліміздің барлық азаматы үшін тең мүмкіндіктер мен әділеттілікті қамтамасыз етудің маңызды құрамдас бөлігі», – деді Премьер.Бір қызығы, мемлекеттік қызмет толық цифрландырылған соң Үкімет жұрттың көз алдынан... «жоғалып» кетуі мүмкін. Яғни, адамдар әкімдіктің, министрліктердің, жергілікті басқармалардың нақты қай жерде орналасқанын білмеуі, оны білуге еш қажеттілік болмауы керек. Бұл үшін жұртшылық еңселі кеңселердің табалдырығын тоздырып, сенделу проблемасынан құтылуы қажет. Барлығы өздігінен жасалып жатқан сияқты болғаны жөн. Ал егер әлдебір сұрақтар туа қалса, жаңа өзгерістерге қатысты түсініктеме беру талап етілсе, билік халықпен ақпарат құралдары, әлеуметтік желі, интернеттегі диалог алаңдары арқылы байланысады. Әлихан Смайылов Қазақстан Үкіметі мемлекеттік басқаруды цифрландырудың Invisible Government (Көрінбейтін Үкімет) сапалы жаңа тұжырымдамасына көшіп жатқанын мәлімдеді. Онда мемлекеттік саясат адамның және оның қажеттіліктері мен мүдделеріне сай құрылуы тиіс. Нәтижесінде, бұл проактивті мемлекеттік қызметтерді енгізуге серпін береді: азамат жүгінбей жатып, қызмет алдын ала көрсетіледі. Тиісінше, жас босанған анаға жәрдемақылары, жұмыстан шығып қалған қызметкерге әлеуметтік төлемі, зейнет жасына жеткен жанға зейнетақысы автоматты түрде тағайындалуы мүмкін.
«Қазір 40 мемлекеттік қызмет түрін проактивті форматқа ауыстырдық. Бұдан басқа, сыртқы платформаларға, яғни банктердің қосымшаларына 15 мемлекеттік қызметті шығардық. Сондай-ақ қосымшаларда 20 цифрлық құжат қолжетімді. Мемлекеттік қызметтердің 80%-ын және барлық цифрлық құжаттарды азаматтар төл смартфоны арқылы ала алады. Бүгінде Қазақстанда электронды қызметтердің жалпы үлесі 92%-ға жетті. Осылайша, «Көрінбейтін Үкімет» тұжырымдамасын жүзеге асыру бағытында тиісті жұмыстарды атқарудамыз», – деді Цифрлық даму министрі Бағдат Мусин.Илон Масктың игілігі қазақ ауылына жете ме? Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Digital Almaty форумында «Көрінбейтін Үкімет» (Invisible Government) концепциясын түсіндірді.
– Біз үшін бірнеше минутта белгілі бір анықтаманы онлайн алу әдеттегі іс болып кетті. Қазір мемлекеттік қызметтер әлемін онсыз елестете алмаймыз, бәрі тез әрі жеңіл. Бірақ мұның ар жағында қаншама ауқымды жұмыс тұрғанын, сізге қажетті ақпаратты алғызу үшін қаншама жүйені біріктіру және байланыстыру керегін екінің бірі біле бермейді. Сондықтан eGov және eGov Mobile мобильді қосымшасын дамытуға күш салдық. Онда мемлекеттік қызметтердің 80%-ы қолжетімді. Мұндағы түпкі басты мақсаттардың бірі – Invisible Government, «Көрінбейтін Үкімет» құру. Онда азамат өмір бойы талап етілетін түрлі қызметті проактивті форматта ала алады. Біз азаматтың өмірлік циклінің барлық кезеңінің бизнес-процестерін реинжинирингтеумен айналысып, халық арасында аса сұранысқа ие өмірлік жағдайларды қайта қарап жатырмыз, – деді министр Б.Мусин.Мәселен, «баланың тууы» өмірлік кезеңі талданды, сонда босанған ана жәрдемақы алуы үшін көптеген кедергі, түсініксіз процестер бары анықталды. Оларды жою арқасында 2023 жылы бала туған аналардың жәрдемақы алу уақыты 15 күннен 1 сағатқа дейін қысқартылады. Мұның сыртында соңғы кезде жиі ауызға алынатын «Отбасының цифрлық картасы», «Әлеуметтік әмиян», E-Otinish сияқты жобалар да Invisible Government тұжырымдаманың бір бөлігі саналады. Сондай-ақ Densaulyq жаңа сервисі іске қосылды: онда азаматтар өмірден өткен соң өз ағзаларын сырқаттарға табыстауға рұқсат беріп немесе одан бас тартып, донорлық мәртебесін анықтай алады. Бұл да әлеуметтік желіде қызу талқыланған мәселелердің бірі болатын. Сервисте электронды рецепттер, медициналық қарсы көрсетілімдер, жүкті әйелдерді есепке алу, емдеуге жатқызу және басқалары бойынша кеңейтілген ақпарат жинақталған. Осы арқылы бір жағынан, бюрократиядан бас тартылады, екінші жағынан, әлеуметтік жүйеде жұрт жиі шағымданатын бір түйткілдің түйіні тарқауы мүмкін: сырқаттар өзіне қатысты барлық ақпаратқа қол жеткізеді. Әйтпесе, емханада, ауруханада дәрігер ұзақ шұқшиып, компьютерлік базаға әлденелерді жазады. Онда өзіне қатысты нақты не жазылғанын пациенттер көре алмайтын.
– Мұндай жетістіктер Қазақстанның Орталық Азия өңіріндегі Цифрландыру көшбасшыларының бірі болуына мүмкіндік береді және одан әрі дамуын ынталандырады. БҰҰ-ның электронды Үкімет бойынша рейтингінде Қазақстан 28-орында орналасқан. Бірақ рейтинг басты мақсат емес, нәтиже маңызды. Мұратымыз – Қазақстанды бюрократиядан, сыбайлас жемқорлықтан және жаңа әлемдегі басқа да кеселдерден арылтып, әр азаматқа қамқорлық жасайтын мемлекетке, Жерұйық мекенге айналдыру, – деді Цифрлық даму министрі.Жалпы, таяу жылдары әлеуметтік желілерді ғана емес, электронды мемлекеттік қызметтерді пайдаланушылар саны күрт өсетін түрі бар. Президент Қ.Тоқаев қазақстандықтарды қолжетімді және сапалы интернетпен 100% қамтамасыз ету міндетін қойды. Мемлекет басшысы айтқандай, жалпы саны 300 мыңнан астам адам тұрып жатқан біраз ауылда интернет жоқ. Үкімет оларға сымды, оптикалық талшықты байланысты тарту экономикалық тұрғыдан орынсыз деп отыр. Шенеуніктердің бірі әзілдегендей, бұлар «интернет байласа, тұрмайтын жерлер». Сондықтан Цифрлық даму министрлігіне шалғайдағы ауылдарды төменгі орбитада орналасқан жерсерік жүйелері арқылы интернетпен қамту жүктелді. Бұл жерде Үкімет SpaceX және OneWeb төмен орбиталы спутник жүйелеріне Қазақстанды қосу бағытында келіссөздер жүргізіп жатқан көрінеді. Қазірдің өзінде Starlink тәрелкелерін интернет арқылы сатып алуға болады. Бірақ олар ТМД көлемінде тек Украинада аулайды. Егер Қазақстан да Илон Масктың осы ғаламдық интернетіне қосыла алса, онда еліміздегі қиян жатқан ауылдардың кез келген тұрғыны сол тәрелкені шатырына орната салып, ұшқыр интернеттің қызығын көре алар еді. Цифрлық даму министрлігінің дерегінше, халықты жоғары жылдамдықтағы сапалы интернетпен қамтамасыз ету мақсатында байланыс саласын және «Қолжетімді интернет» ұлттық жобасын дамыту қолға алынды. Осы жоба аясында алда 3 мыңға жуық елді мекенге оптикалық интернет жеткізіледі. 5G, яғни 5-ші буынның ұялы байланыс желілерін 20 қалаға орнату басталады. Қорыта айтқанда, әлеуметтік желі адамзатты жоғары технологияларға жылдам жұмылдыра, ынтықтыра алды. Бұл өз кезегінде жаңа технологиялардың жаңа толқынына деген зор сұраныс тудырды. Яғни, бұлар бірін-бірі түртетін, бірінсіз бірінің күні жоқ дүниелерге айналып барады.