2004 жылғы тамыз айының басы. «Атырау-ақпарат» медиахолдингінің ауласы. Екінші курсты әлі бастай алмай жүрген студент. Көңілі алаң. «Не болар екен? Қалай болар екен?». Өзінен де бар, оқу-өндірістік тәжірибеден кейін Мейірхан ағай «жұмысқа қабылдаймын, қала сал» дегеніне көнбей, тырағайлап қашып кетіп еді. «Ауылға барып, кітап оқимын» деп, оқымыстылығы қысып. Онымен сәлден кейін ауылға сыймай, кері қайтып кеп тұрғаны – мынау. Келсе, «Алтын Орда» газетінің бас редакторы Мейірхан Ақдәулетұлы қызметін тапсырып, Атыраудан біржола қоныс аударыпты. Орнына Алматыдан жаңа басшы келеді екен. Әзірге редакцияға ие – жиырмадан жаңа асқан өңкей өрімдей қыздар. Мейрамгүл, Нұргүл, Жанар, Нұрлыгүл, басқа да кейінірек қосылған әріптестер... айтулы басылым жалауын жықпауына айтарлықтай үлес қосып жүрді.
Ойымен әбігерленіп тұрғанында бірер бейтаныстың заулатып өте шыққанына кешірек мән берді. Беталысы анық, аяқалысы нық. Жастау көрінді. Яғни, «күтіп жүрген пайғамбары» болмаса керек. Кім «Алтын Ордадай» республикалық айбарлы басылымның тізгінін әлгіндей екпінді құйынтайға ұстата қойғандай дейсің?! ...Дегендейін қисынмен Жайық жағалап қайқайды.
Бір айналып қайтса, төртінші қабат абыр-сабыр. Шағын редакция болғанымен, басшы ауысуы байқалмай қалатын өзгеріс емес. Келіпті. Жаңа ғана ғимаратқа сенімді енген жас жігіт. Есім-сойы – Дәурен Қуат екен. Кезегіміз жеткенде, қабылдауына батылсыздана кірдік. Көп созбады: «Будем работать, будем сотрудничать». Бірінші басшы ретінде келе сала жұмысқа қабылдағаны біз сияқтымыз. Ол кісі де біздің қызмет жолымыздағы алғашқы басшымыз болып еңбек кітапшамыздың беташарын жасады. Әр нәрседен жылу күтіп жүргеніңмен, дәл сол сәтте жарқын да жарасымды қарым-қатынастың басы екенін ойлап тұратын романтик жоқ еді ол жерде.
Сонымен, Дәурен ағай «Алтын Орда» дәуірін жалғастырды да кетті. О кезде орталықтан шеткері аймақта өңкей жастардан жиналған құраммен газет шығару – оңай еместің оңай емесі. Интернет байланысы мүлдем сөз қылғысыз. Қосылуынан үзілуі жиі. Бір ғана компьютерге он бес адам кезектесіп отырады. Оның үстіне, ақпарат көздері бүгінгімен салыстыруға келмейді. Беттеуші, әрлеушілердің біліктілігі туралы әңгіме тіптен қызық. Қайрат сияқты өздігінен оқып, біліп жетілген «самородоктар». Меншікті тілшілерден материалдар факс арқылы алынып, компьютерде теріледі. Әнебір адам аярлық жағдай болмаса да, қазақ баспасөзінің бір кезеңінің ерекшелігі – осы.
Басшымыздың мәтін редакциялаудағы адалдығы әп дегеннен айырықша аңғарылды. «Басқаша қалай болуы мүмкін, негізгі міндеті ғой» дерсіз. Алайда жоқтан жонып, жаңқадан ағаш жасап шығарғанын талай көрдік. Қатынас қиын, ағылып жатқан хат жоқ, олай етпегенде қайтер еді!
Редакцияға өзіміздің құрдастарымыз жиі келіңкіреп жүретін. Жазғандарын көрсетеді, газет шығару үрдісін қызықтайды. Әйтеуір, «болайын» деген талаптың ісі. Бірде ізденіп жүрген тақырыбы бойынша мақаласын алып, бас редакторымызға талапкер студент Бауыржан барыпты. Оның қолындағысын басылым жетекшісі ерінбей-жалықпай оқып, шимай-шимайын шығарып, қайтарып береді. Осы жерден олимпиадалық төзімді сынайтындай процесс басталады. Сол қайтарғаннан мол қайтарады. Біздің Бауыржан да табанды «бәле» ғой, алдыңғы түзету, ескертулерін енгізіп, тоғызыншы рет алып кіріпті. Сөйтіп, бүгінде «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы, талапшыл Дәукең ағамыз бен бүгінде «Қызылқоға» газетінің бас редакторы, талапты жас Бауыржан Сисенов екеуінің «шығармашылық тандемінен» Нұрпейіс Байғаниннің поэмасы туралы «Нар қыз» мақаласы жарық көреді. Жастарды кәсіби даярлауымен байланысты жоғарыдағыдай мысалдың біразын түзуге болатын шығар. Бұл жердегі қорытынды Алматы көрген маманның Атыраудайын өңірдің журналистикасына қосқан салымын лайықты бағалауға қатысты.
Ерболат ҚАМЕН