Онкологиялық есепте 200 мыңнан астам қазақстандық тұр
Онкологиялық есепте 200 мыңнан астам қазақстандық тұр
862
оқылды
4 ақпан – Дүниежүзілік қатерлі ісікке қарсы күрес күні Жыл сайын 4 ақпанда Халықаралық қатерлі ісікке қарсы одақтың (UICC) бастамасымен Дүниежүзілік қатерлі ісікке қарсы күрес күні атап өтіледі. Мақсаты – халықтың онкологиялық аурулардың алдын алу және ерте анықтау туралы хабардарлығын арттыру, өз денсаулығына жауапкершілікпен қарауды қалыптастыру, қолжетімді скринингтік тексерулер туралы хабардар ету. Қазақстанда жыл сайын 39 мыңға жуық адам қатерлі ісікке шалдығады, 14 мыңнан астам адам қайтыс болады, онкологиялық есепте 200 мыңнан астам қазақстандық тұр. ҚР-ның өлім-жітім көрсеткішінде онкологиялық аурулардан болатын өлім өлім-жітім құрылымындағы үшінші орынды алып тұр.
«2022 жылы біз Қазақстан Үкіметінің қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасында онкологиялық аурулармен күрес жөніндегі 2018-2022 жылдарға арналған Кешенді жоспардың міндеттерін іске асыруды аяқтадық. Кешенді жоспардың мақсаты – қатерлі ісіктердің ауыртпалығын азайту. Онкологиялық аурулармен күрес жөніндегі 2018-2022 жылдарға арналған Кешенді жоспардың іс-шараларын іске асыру кезінде қатерлі ісіктерден болатын өлім-жітімнің төмендеуінің оң үрдісі бар (2018 жылы – 100 мың тұрғынға шаққанда 78,1, 14 369 жағдай, 2022 жылы – 100 мың тұрғынға шаққанда 66,4, 13 033 жағдай), көрсеткіштің 9 пайызға төмендеуі байқалды. Өлім-жітімнің төмендеуі барлық аймақтарда тіркелген», – деді  Денсаулық сақтау министрлігінің штаттан тыс бас онкологі, «Қазақ онкология және радиология ҒЗИ» АҚ басқарма төрайымы, Қазақстан онкологтер қауымдастығының президенті Диляра Қайдарова Алматыда  өткен Бүкіләлемдік қатерлі ісікке қарсы күрес күніне арналған баспасөз-мәслихатында.
2022 жылы республикада қатерлі ісіктермен сырқаттанушылық 100 мың тұрғынға шаққанда 199,2 болды, бұл деген  39 096 жағдай, алдынғы жылға карағанда сырқаттанушылықтың 4,7% -ға өсті. Онкологиялық сырқаттанушылық құрылымында бірінші орында – дәстүрлі түрде сүт безі обыры, екінші орында – өкпе обыры, үшінші орында – колоректальды обыр, төртінші орында – асқазан обыры. Өлім құрылымында бірінші орында – өкпе обыры, екінші орында – асқазан обыры, үшінші орында – колоректальды обыр және төртінші орында  сүт безі обыры тұр.
«Қазір қатерлі ісік ауруын ерте кезеңде анықтау 29 пайызды құрайды. Яғни, әрбір үшінші науқас бізге 0 және 1 обырдың сатыларымен келеді, бұл жалпы бізді қуантады. Жақсы көрсеткіш – онкологиялық аурулардан болатын өлім-жітімнің төмендеуі. Сонымен қатар 5 жылдық өмір сүру көрсеткіші жақсарды. Қазір диспансерлік есепте 200 мыңнан астам онкологиялық науқас болса, олардың 55 пайызы 5 жыл және одан да көп өмір сүруде. Бұл   жақсы көрсеткіш. Дегенмен  барлық өңірлерде онкологиялық аурулардың саны артқан. Мысалы, 2018 жылы бізде 32 мыңға жуық жаңа қатерлі ісік ауруы анықталса, биылдың өзінде онкологиялық аурулардың 39 мың жаңа жағдайы тіркелді», – деді Диляра Қайдарова.
ҚР-да онкологиялық көмекті жетілдіру Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтауды дамытудың 2026 жылға дейінгі тұжырымдамасын іске асыру шеңберінде жүзеге асырылады. Онкологиялық аурулармен күрес жөніндегі 2018-2022 жылдарға арналған Кешенді жоспардың қорытындылары: • Қатерлі ісіктерді емдеу хаттамалары халықаралық стандарттарға сәйкестендірілді. • Халыққа онкологиялық көмек көрсетуді ұйымдастыру стандарты бекітілді. • Қатерлі ісікке күдікті науқастар үшін «жасыл дәліз» жүзеге асырылды, оған сәйкес диагноз қою және емдеуді бастау уақыты нақтыланды. • 2019 жылы Павлодар қаласында жоғары технологиялық желілік үдеткіші бар жаңа онкологиялық орталық іске қосылды, қазір  аппаратта сәулелік терапия қызметтері көрсетіледі. • 2020 жылы жаңа Маңғыстау облыстық онкологиялық орталығында (Ақтау қ.) іске қосылды, бүгінде желілік үдеткіште жоғары технологиялық сәулелік емдеу көрсетіледі. • 2021 жылы Өскемен қаласында (ШҚО) желілік үдеткіш іске қосылды. • 2021 жылдың қазан айында ҚазОжРҒЗИ базасында Томотерапия орталығының жұмыс істеуі басталды. • Семей қаласында Ядролық медицина және онкология орталығы іске қосылды, онда онкологиялық науқастар қалқанша безінің қатерлі ісігіне арнайы радиотерапия ала алады. • Тараз қаласында Жамбыл облыстық онкологиялық диспансерінің құрылысы аяқталды. Бұл орталықты жабдықтау кезінде сызықтық үдеткіш, КТ-симулятор, МРТ аппараты және т.б. орнатылған. • 2022 жылдың шілдесінде Шымкент қалалық онкологиялық орталығында желілік үдеткіш іске қосылды. • Еліміздің онкологиялық ұйымдарында пациенттерге қашықтан жоғары технологиялық сәулелік терапия (томотерапия, стереотаксис, IMRT, IGRT), интраоперациялық сәулелік терапия, аз инвазивті хирургия ұсынылады. • 2022 жылы Қазақстанда алғаш рет ҚазОжРҒЗИ жағдайында онкоортапедияда бірегей реконструктивті-пластикалық операцияларды (3D протездеу) жүргізу басталды. • Клиникалық тәжірибеде әртүрлі биологиялық маркерлерді (иммуногистохимия, молекулалық-генетикалық зерттеулер) анықтау бойынша қызметтер ұсынылады, бұл онкологиялық науқастарды дербестендірілген емдеуге мүмкіндік береді және молекулалық-биологиялық ерекшеліктерін неғұрлым егжей-тегжейлі зерттеу мүмкіндіктерін кеңейтеді. • Онкологиялық ауруларға күдікті пациенттерге кешенді жоспар шеңберінде диагностикалық КТ және МРТ зерттеулері кеңінен жүргізіледі. • 2019 жылдан бастап республикада өкпе обыры бар науқастарға (EGFR, PDL1, ALK, ALK/ROS1 гендік мутацияларын анықтау), тері меланомасына (BRAF гендік мутацияларын анықтау) және колоректальды обырға (KRAS гендік мутацияларын анықтау) диагнозды нақтылау және дербестендірілген терапияны тағайындау мақсатында мақсатты және иммунологиялық препараттарды іріктеу үшін молекулалық-генетикалық зерттеулер жүргізілуде. • Диагностикалық күрделі жағдайларда телепатология жүйесін пайдалана отырып, халықаралық сарапшылардың телеконсультациялары Қазақстанда алғаш рет 2019 жылдан бастап енгізілді. Онкологиялық науқастарға паллиативтік көмектің қолжетімділігін жақсарту үшін кешенді жоспар шеңберінде барлық өңірлерде мобильді бригадалар ұйымдастырылды. Өзекті мәселелердің бірі өңірлерде ПЭТ орталықтарды ұйымдастыру болып тұр. Бүгінде Қазақстанда 9 аппараты бар 7 ПЭТ орталық жұмыс істейді: – 2018 жылдан бастап РДО (2) (Астана), – 2019 жылдан бастап ПІБ (Астана), – 2020 жылдан бастап ҚазОжРҒЗИ (Orhun Medical ПЭТ/КТ) (Алматы), – 2021 жылдан бастап Семей қаласының ядролық медицина және онкология орталығы (2), – Алматы қаласындағы 2 жеке медициналық орталықтарда (Сұңқар және МИГ ядролық медицина орталығы) ПЭТ-центрлері; – 2022 жылдың қазан айынан бастап Шымкент қаласында ПЭТ орталық іске қосылды. 2023 жылы келесі ПЭТ орталықтарын іске қосу жоспарлануда: – ПІБ (Астана) – ҰҒО (Астана) – Ақтөбе қаласында. 2022 жылы Қазақстан Республикасында онкологиялық аурулармен күрес жөніндегі 2018-2022 жылдарға арналған Кешенді жоспарды іске асыруды аяқтауды ескере отырып, ҚР ДСМ «Қазақстан Республикасының денсаулық сақтауды дамытудың 2026 жылға дейінгі тұжырымдамасын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2022 жылғы 24 қарашадағы №945 (даму Тұжырымдамасы) қаулысымен, ҚазОжРҒЗИ-ға 2023 жылғы сәуірге дейін 2023-2025 жылдарға арналған онкологиялық аурулармен күрес, оған сәйкес ел халқына онкологиялық көмекті жетілдірудің одан әрі перспективалары қалыптастырылатын болады. Анықтама: Еліміздің ересек тұрғындарына онкологиялық көмекті келесі республикалық ұйымдар жүзеге асырады: • «Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институты» АҚ (ҚазОжРҒЗИ), • «Ұлттық ғылыми онкологиялық орталық» АҚ (ҰҒОО), • 16 онкологиялық диспансерлер/орталықтар, • 5 көпбейінді стационарлар жанындағы онкологиялық бөлімшелер (Ақтөбе қаласы, М.Оспанов атындағы БМҚМУ жанындағы онкология бөлімшесі, Жезқазған қаласының орталық ауруханасы жанындағы онкологиялық бөлімше, Ақмола облысы – МОБ құрамындағы бөлімше, Түркістан облысы – Түркістан облыстық көпбейінді ауруханасы құрамындағы онкология бөлімшесі, СҚО – көпбейінді ауруханасы жанындағы онкологиялық бөлімше). Қазір радиациялық онкологияның жоғары технологиялық орталықтары Алматы, Астана (+»Үміт» Томотерапия орталығы), Ақтөбе, Семей, Қарағанды, Павлодар, Ақтау, Өскемен, Шымкент және ҚазОжРҒЗИ (+Томотерапия орталығы) қалаларында жұмыс істейді. Көмектің бұл деңгейі кешенді жоспарды іске асыру шеңберінде де белсенді дамып, жетілдірілуде. Дереккөз: Қазақ онкология және радиология ҒЗИ-дың баспасөз қызметі.