Жаңа оқу жылында жатақханадан орын жетпеген студенттер туған-туыстың үйін паналап, жақыны жоқтары пәтер жағалап, одан қалса қожайындарының қас-қабағына қарайлаумен күндерін өткізеді. Биыл да сабақ басталғанымен, сабылған студенттердің аудиторияда емес, түнейтін жер іздеп тентіреп кеткенін көз көрді.Өйткені бұл бір жылда ғана емес, бірнеше жылдан бері қордаланған мәселе. Осыдан үш жыл бұрын алматылық тұрғын Әлішер Сағидоллаев ірі ЖОО ғимараттарын қала сыртына шығару туралы ұсыныс тастаған. Сол кездегі қала әкімі ұсынысты талқылаған соң тиімділігін қарастыруға уәде етті. Бірақ айтылған мәселе айтулы күйінде қалды. Жүзеге аспай қалған ұсынысты биыл Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек те алға тартып, алдағы уақытта қала ішіндегі жекеменшік университеттерді қала сыртына көшіру бастамасын көтерді. Ұзаққа созылған ұсыныстың артықшылығы мен кемшілігі туралы елдегі әзірге қала сыртында орналасқан жалғыз ЖОО – Сулейман Демирель атындағы университет ректоры Әлімжан Игенбаевтан сұрап-білдік. – Әлімжан Бекежанұлы, қала сыртында орналасқан кампустың тиімділігі бар ма?
– Жатақхана – жоғары білім саласындағы күрделі мәселелердің бірі. Бұл жағынан алғанда министрдің жоғары оқу орындарын қаланың сыртына көшіру туралы ұсынысы өте маңызды. Сондықтан кампустарды қала сыртына көшірудің тиімділігі көп. Негізі, халық көп шоғырланған кез келген қаланың белгілі бір санын студенттер құрайды. Олар өз кезегінде міндетті түрде мобильді көлік қолданады. Ал қоғамдық қатынас қаланың тұрмыс-тіршілігіне үлкен әсер етеді. Сондай-ақ олар үшін қажетті оқу орнының ғимаратынан бастап жатақхана, кітапхана, ойын-сауық орталықтарына дейін қала ішіндегі транспорттық хал-ахуалға ықпал етеді. Қаланың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайына тікелей әсер ететін осындай бірнеше жағдайды есепке алар болсақ, қала сыртында бөлек кампустардың болуы студент үшін де, сол жердің әлеуметтік-экономикалық өсімі үшін де артықшылығы бар. Университеттерді қала сыртындағы елді мекендерге көшіру арқылы мегаполистегі автобустардың жүктемесін жеңілдетуге мүмкіндік туады. Қалада тұратын білім алушылардың санын азайтып, студенттік өмірдің өзіндік мәдениетін қалыптастыруға тікелей әсер етуге септігін тигізеді. Бірақ ол үшін кампуста оқу ғимаратының аумағы мен студенттің білім алуына қажетті барлық жағдай жасалуы керек. Бұл студент үшін маңызды. Біз осы тәжірибені қолданып жатқан университет болғандықтан, қала сыртындағы кампустың артықшылығын көп айтар едім.
Университетімізде студенттердің білім алуына қажетті жағдай толық жасалды деп айта аламыз. Себебі кампустың ішінде жатақхана мен кітапхана, дәрісханаларына дейін бір жерден қамтамасыз етілген. Бұл студенттердің сапалы білім алуы үшін керек. Яғни, олардың ізденісіне қажетті барлық жағдай жасалған. 46 мың шаршы метрден асатын кампусымыз, 1 200 студентке арналған жатақханамыз бар. Оның ішінде әлеуметтік қажеттіліктерін өтеуге арналған жаттығу залдары да ойластырылды. Кампустарымыз таудың етегінде, табиғаттың аясында орналасқан. Сондықтан керемет атмосфера қалыптасқан кампустарда білім алу күнделікті күйбең тіршілікке толы ығы-жығы қалаға қарағанда студенттерге көбірек шабыт сыйлайды деп ойлаймын.
– Дұрыс екен. Бірақ алдыңғы кезекте жатақханаға әлеуметтік аз қамтамасыз етілген отбасылардың балалары мен алыс аймақтан келген студенттерге орын беріледі. Ал жатақханаға қол жеткізе алмаған студенттеріңіз қаладан келуге мәжбүр болып жүрген жоқ па екен?
– Студенттерді жатақханамен толыққанды қамту мүмкін емес. Дегенмен біз алдыңғы кезекте 1-2 курс студенттерін жатақханамен қамтамасыз етуге тырысамыз. Сосын әрбір курстағы студенттеріміздің жағдайы әртүрлі. Тәжірибеге баратын, ғылыми ізденістерге көбірек уақытын арнайтын жоғары курс студенттерінің оқу кестесіне өзгеріс енгізіп, олардың барып-келуін ыңғайлы етіп жасадық. Өздеріңіз білесіздер, кептелістің дені таңертең және кешке болады. Бұл уақытта елді мекендерден қалаға баратындардың қарасы қалың. Ал студенттер таңертең қаладан қала сыртына шықса, кешкісін керісінше қалаға қатынайды. Кептеліс қарама-қарсы бағытта жүретіндіктен, студенттер үшін оқу кестесінің ыңғайлы болғаны жағдайды жеңілдетіп берді. Сол үшін студенттеріміздің Алматы қаласына барып-келу жағдайы біршама шешілген. Бірақ жатақхана жетіспеушілігі жалпы Қазақстанға ортақ. Студенттердің жатақханаға орын іздеп сабылатын екі қаласы – Алматы мен Астана. Қазір осы қалалардағы университеттердің өзі студенттерін жатақханамен толыққанды қамтамасыз ете алмай жатыр.
Кампустардың теориясы сол, университет жатақханасының да біздің түсінігіміздегі қалыптасқан қарапайым жатақхана түріндегі емес, үш жұлдызды қонақүйлердің үлгісінде жасалған. Сондықтан студенттің тұрмысы үшін қажетті дүниелердің барлығын қамтамасыз етуге тырыстық. Студент тек қажетті киім-кешегімен келеді. Қалған тұрмысқа қажетті заттарының барлығын өзіміз жасап береміз. Тіпті, тазалық жұмыстарын да өздері істемейді. Біздің жатақханаларда 24 сағат тазалық қызметі ойластырылған. Таңғы және кешкі астың бағасы нарықтағы бағамен салыстырғанда қолжетімді. Студенттердің арасында әртүрлі отбасынан келген студенттер бар. Оларға да грант-офис қызметі жұмыс істейді. Бұл әлеуметтік жағдайы төмен отбасылардан шыққан студенттер үшін жасаған қызмет түрі. Онда «қолдау білдіремін», «демеушілік жасаймын» деген өзіміздің түлектер, кәсіпкер азаматтарымыз бар. Сол кісілердің қолдауының арқасында көмекке мұқтаж отбасылар өтініш қалдыру арқылы жатақхана, оқу ақысы бойынша арнайы төлемдерді, жеңілдіктерді ала алады. Кір жуатын техникасына дейін қарастырдық. Ал студент бұл уақытта өздерінің бос уақытын тиімді жұмсауы тиіс. Олардың спортпен шұғылданып, денсаулығына қарауына, тіпті шаштараз қызметін де кампус ішіне алдырттық. Сондай-ақ кофехана, шағын маркет және медициналық емхана да жұмыс істейді. Яғни, студенттің басқа нәрсеге мұқтаж болмай, бар зейінін білімге арнағанын қалаймыз. Сол себепті артық уақытын тиімді нәрсеге жұмсауына жағдай жасап бердік. Өзіндік ерекшелігі де осы. Ата-аналар балаларын оқуға жіберген кезде олардың қауіпсіз ортада болғанын қалайды. Әрбір студент өзін қауіпсіз сезінуі керек.
Дегенмен әрбір елді мекенді дамыту жағдайына қарасақ, алғашқы 5-10 жылдың көлемінде кампустарды көшірудің өзіндік қиындығы бар. «Көш жүре түзеледі» демекші, барлығы бірден шешіліп кетпейді. Студенттердің аймаққа көптеп келуі елді мекенге де өзгеріс алып келді. Қазір Қаскелең стратегиялық маңызға ие қала болғандықтан, әлеуметтік-экономикалық дамуы көш ілгері дамып келеді.
– Жастар жаңа дүниені іздеп тұрады. Олардың бар уақытын білімге жеге алмаймыз ғой. Мүмкін олар уақытын көңілді өткізетін ойын-сауық орындарына, мәдени ошақтарға барғысы келетін шығар...
– 2011 жылы кампусымыз жаңадан ашылғанда студенттердің бұл қажеттілігін орындауға қиналғанымыз рас. Одан бері он жылдан астам уақыт өтті. Сол жылдармен салыстырсақ, қазір оқу орнының көшірілуі елді мекенге айтарлықтай серпін берді. Бұрынғыға қарағанда мәдени ошақтар мен ойын-сауық орталықтарының да көптеп ашыла бастағанын байқауға болады. Мәдени ошақтар да салынып жатыр. Сұраныс туса, ол міндетті түрде іске асады.
Рас, алғашқы жылдары профессорлық оқытушылық құрамды жұмысқа алдыртуда біраз қиындық болды. Студенттің барлығын жатақханамен толық қамтамасыз ете алмадық. Кампустың маңайындағы жер үйлерді жерсінген оқытушылар мен студенттер де болды. Бірақ қазір Қаскелең ауылының тұрғындарына студенттеріміз үлкен серпіліс жасап берді. Мәселен, студенттерге арналған арнайы тұрғын үйлер салынып жатыр. Бір сөзбен айтқанда, осыған дейінгі университеттің де, елді мекеннің де мәселесі өзінен өзі шешіле бастады. Сондықтан бүгін мәселе деп санаған дүниелер 4-5 жылдан кейін «мәселе» деп айтуға да келмей қалады.
– Ал студенттердің рухани дамуына қажетті кітапхана қоры жеткілікті ме?
– Кітапхана қоры – студент үшін мол азық. Кампус ашылғалы бері бұл мәселе біз үшін үлкен маңызға ие. Алдағы стратегиялық жоспарымыздағы ең үлкен мәселенің бірі деп айтар едім. Себебі кітапхана студенттің ізденуі үшін негізгі білім алатын орын. Бұл орайда кампусымызда қазір студенттердің білім алуы үшін кітапхана қызметі толыққанды қамтамасыз етілген. Үш қабатты кітапхана LCC жүйесі бойынша жұмыс істейді. Ғылыми кітапханамыз да бар. Одан кейін кітапхананы қолдану уақытының тиімділігіне дейін қарастырдық. Мысалы, студенттер сабақтан кейін кешкі уақыттарда сабаққа дайындалуы мүмкін.
Қазір 400 мыңға дейін кітапхана қорымыз бар. Сондай-ақ кітаптарды алу, тарату, оқырмандарға жеткізу қызметінде соңғы заманауи ақпараттық технологиялар қолданысқа енгізілген. Ғылыми кітапханамыз да толығымен автоматтандырылған. Электрондық құрал-жабдықтар арқылы жүзеге асырылады. Бізге келіп түскен сұранысқа байланысты кітап қоры жаңартылып, толықтырылып жатыр. Сонымен қатар электронды кітап қоры да толықтырылып, шетелдің ең озық кітапхана қорларымен жұмыс істейтін онлайн жүйесі ойластырылған. Студенттерімізге қажетті ғылыми кітаптарды тауып беруге жұмыс істейтін арнайы ғылыми қызметкерлер де бар. Мысалы, ғылым жолына түскен студентімізге оқулықтар қажет болса, бұл кітаптарды онлайн кітапханалар арқылы сұраныс жасап алдыртамыз. Кітапхана қорымызда құнды жазбалар да, қолжетімсіз кітаптар да жеткілікті.
– Дұрыс екен. Ал университетке оқытушыларды тарту мәселесі қалай шешімін тауып жатыр?
– Бағана айтып өткенімдей, алғашқы жылдары оқытушылар құрамын жасақтауда қиындық болды. Алайда қазір бұл мәселе де өз шешімін тауып келеді. «Болашақ» бағдарламасының түлектері көптеп келіп жатыр. Облыс көлемінде жұмыс істеу олардың өзі үшін де тиімді. Өйткені жұмыс өтеу уақыты қаламен салыстырғанда қысқарақ. Екіншіден, оқытушылардың жалақысы жоғары. Сол үшін оқытушылар бірнеше жұмыс істеп көңілі бөлінбейді, ал студенттер жағдайы жасалса, уақытын тиімді жұмсап, алаңсыз білім алуға барын салады. Кампустың ерекшелігі де сол.
– Әңгімеңізге рақмет!