Заманауи құлдық зардабы
Заманауи құлдық зардабы
327
оқылды
Жақында Қостанай облысындағы Жітіқара ауданының полицейлері 5 жыл бойы 33 жастағы ер адамды құлдықта ұстаған жергілікті тұрғынның қолына кісен салды. Иә, осы сияқты қылмыс Қазақстанда әлі күнге басты мәселе болып тұр. Биылғы жылдың қаңтар айынан бастап елімізде адам саудасымен ұсталғандарға жаза қатайды. Қылмыскерлер бұрын кем дегенде үш жылға түрмеге тоғытылса, енді ол төрт жылға ауыстырылды. Бірақ бұдан жағдай өзгере ме?  

«STOP трафик»

Өткен жылы Ішкі істер министрлігі «STOP трафик» атты кезекті опера­ция­ның қорытындыларын жариялады. Елі­міз бойынша тіркелген 48 қыл­мыстық істің 3-еуі – құлдыққа жегу мақсатымен заңсыз бас бостандығынан айыруға, 2-еуі – адам саудасына, 8-і – жезөкшелікпен айналысуға (соның ішінде кәмелеттік жасқа толмаған балалар да бар) мәжбүрлеуге, 35-і жезөкшелік және жеңгетайлықпен айналысуға арналған притондарды құру, ұстауға қатысты болған. Сонымен қатар 2019 жылы Нұр-Сұлтан қалалық полиция департа­мен­тінің Қылмыстық полиция басқарма­сының қызметкерлері адам саудасына қатысты 8 фактіні (жеңгетайлық) анықтады. Қылмыстық кодекстің 309-бабы (жезөкшелікпен айналысу үшін притондар ұйымдастыру мен құру және жеңгетайлық) бойынша қылмыс­тық іс қозғалды. Бұған қоса, жеңіл жү­рісті қыздар интимдік қызмет түрле­рін ұсынатын бөлмелерді жалға берген 7 нысанның қожайындарына қатысты Әкімшілік құқықбұзушылық кодек­сінің 450-бабы бойынша әкімшілік хаттамалар толтырған. Көбінесе пәтерлерді, сауналарды жалға беруші қожайындары мен олар­дың сенімді өкілдері туралы, олардың бөлмелерінің притонға айналғаны жөнінде барлық мәлімет полиция қызметкерлерінің араласуынан кейін анықталады. Тәртіпке сәйкес, ондай бөлмелердің иелері әкімшілік жауап­кершілікке тартылады. Мәселен, өткен жылы елордадағы мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының судьялары жезөкшелікпен айналысуға және жеңгетайлыққа бөлмелерді жалға бергені үшін 5 адамды жазалаған, олар­ға 1,2 миллионнан аса теңге айыппұл салыныпты. Былтыр Ақмола облысының по­лиция қызметкерлері 40 жастағы монша кешенінің үйлестірушісін қолға түсірді. Әйел моншаға келушілерге жы­ныстық қатынасқа түсу үшін жас қыздарды жіберіп отырғаны үшін қо­мақты «сыйақысын» алып келген. Қыл­мыстық кодекстің 309-бабы 1-тар­мағы бойынша жеңгетайлық қызме­ті және притон ұйымдастырғаны үшін моншаның үйлестірушісі мен қожа­йынының үстінен қылмыстық іс қозғалды. Сондай-ақ Солтүстік Қазақстан облысында кәмелетке толмаған қыз баланы өзінің туысы жезөкшелікпен айналысуға итермелеген. Ол да қыл­мыстық жауапкершілікке тартылды.  

Тегін жұмыс істеп тентірегендер

Әйелдерді жыныстық саудаға сал­са, ерлерді тегін жұмысқа жегетін аш­көздер де арамызда жүр. Мысалы, Сембол Төлеухан осыдан 6 жылдай бұрын Моңғолиядан тарихи Отанына оралған. Жұбайымен ажырасып, базар маңында жалданып, азын-аулақ ақша тауып келіпті. Кейін ауылда қо­жа­­лық­та істеймін деген бір жігіт жұ­мысқа шақырған. «Ақмола облысында құлдықта болып, 3 ай бойы тегін жұ­мыс істедім. Алданып қалдым, адам төзгісіз жағдайда өмір сүрдім. Қожалық иесінің үстінен сотқа арыз бердім», – дейді Сембол. Құлдықта жүріп, мал баққан азамат бірнеше рет қашуға әре­кет жасаған. «Үлкен базасын сал­дық. 90-дай сиыр бақтық. Оның тезегін тазалаймыз. Барлық жұмысты істедік. Бірақ көк тиын бермеді. Бір рет қашып көрдім. Пойыздың ішінен ұсталып қалдым», – дейді ол. Құлдықтан қаштым деген Сембол Төлеухан полицияға арыз жазған. Астаналық тәртіп сақшылары істі Ақ­мола облысының полиция департамен­тіне жолдапты. Ал Қостанай облысындағы Жіті­қара ауданының полицейлері 5 жыл бойы 33 жастағы ер адамды құлдықта ұстаған жергілікті тұрғынның қолына кісен салды.  

75 мың адам күң мен құл

«Қазақ жерінде 75 мың адам құл­дықта жүр» деп тәуелсіз сарапшылар да­был қақты. Олар мәжбүрлі түрде тән саудасы мен ауылдық жерлерде қара жұмысқа жегілгендер, үй құрылысында жүргендерді осы топқа қосыпты. Жыл сайын елімізде 100-ден астам адам құлдықтан құтқарылатын көрінеді. Қазақстан адам саудасының көрсеткіші бойынша 167 елдің ішінен 83-орын алған. Халықаралық FATF тобының мә­ліметіне қарағанда, 2018 жылы бүкіл әлем бойынша адам саудасының ақша айналымы 150,2 млрд АҚШ долларына жеткен. Құлшылықта жүргендердің 71 пайызы қыз-келіншектер екені де алаң­­датарлық. Олардың арасында ер­кінен тыс тұрмыс құрғандар да бар. Құл­­дар саны жөнінен Солтүстік Корея – 1 орында. Ал алғашқы ондық құрамына Эритрея, Бурунди, Ауғанстан, Пә­кістан, Иран мен Камбоджа кіреді. 2019 жылы астанада осы мәселені талқыға салған семинар өтті. Жиы­лыс­та БҰҰ есірткі және қылмыс жөніндегі басқармасының өңірлік үйлестірушісі Данилио Камписи Қазақстанмен қоса, жалпы Орталық Азия бойынша адам саудасының көлемі туралы нақты дә­лелденген дерек жоқ екенін айтқан бо­латын. «Біз осы бағытта үлкен сарап­тама­лық зерттеу бастадық. Келесі жы­лы соның қорытындысын жариялай­мыз. Осы кезде аймақтағы нақты ахуал­ға баға беруге болады. Әзірге Ор­талық Азия елдері мұндай тенденциямен мейлінше белсенді кү­ресуге ниет таны­тып отыр», – деді ол. Данилио Кам­пи­сидің айтуынша, бүкіл әлемде миллион­даған адам табыс көзі ретінде сауда құр­банына айналып, заңсыз миграция­ны басынан өткереді. «Адам саудасына қатысты заңсыз әре­кеттердің бәрі ұйым­дасқан қылмыстық топтарға ба­рып тіреледі. Қылмыстық топтар адам­дарды сексуалдық мақсатта немесе күш­теп жұмысқа салу үшін пай­да­ла­нады. Көші-қон жөніндегі ха­лықаралық ұйымның мәліметіне сүйенсек, заңсыз мигрант әкелу жүйе­сінде әлем бойынша 5-7 млрд АҚШ доллары айналымда жүр. Мұндай заң­сыз табыстың ар жа­ғында трансұлттық қылмыстар жа­тыр», – деді Данилио Камписи. Қазір қызды күң, ерді құл қылатын заман емес. Олай болса, осы адам сау­дасына қарсы күресті әлем болып кү­шейту уақыты келді десек те болады.    width=Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ