Ерлан Қошанов: «AMANAT» партиясы қысылтаяң сәттерде әрдайым елмен бірге болды
Ерлан Қошанов: «AMANAT» партиясы қысылтаяң сәттерде әрдайым елмен бірге болды
Фото: newtimes.kz
2,191
оқылды
Партия Төрағасы Ерлан Қошановтың «AMANAT»-тың кезектен тыс XXV съезінде «AMANAT» партиясы қысылтаяң сәттерде әрдайым халқымызбен бірге болғанын сөз етті. «Біз азғана уақыттың ішінде халқымызбен, қоғаммен бірге өзгердік. Партияға түпкілікті трансформация жасадық. Бұрынғыдай құрғақ уәде мен жалаң ұрандардан арылдық. Сөзден нақты іске көшіп, саяси алаңда да, қоғамдық жұмыста да барынша ысылдық, шыңдалдық. Шын мәнінде, Мемлекет басшысының қоғамдық тірегіне, елдегі түбегейлі реформалардың қозғаушы күшіне айнала білдік. Ең бастысы, «AMANAT» партиясы қысылтаяң сәттерде әрдайым халқымызбен бірге болды», –  деген партия Төрағасы бүгінде «AMANAT» партиясы додаға түскен партиялардың мүмкіндіктері бірдей әрі тең екенін жеткізді.  «Біз өз күшімізге сенімдіміз. «AMANAT»-тың 800 мыңнан  аса мүшесі бар. Артымызда қалың қол тұр. «AMANAT» бір сайлаудың немесе бір науқанның партиясы емес. Біз 365 күн бойы, 24 сағат үзіліссіз, тынымсыз жұмыс істеп келеміз. Соңғы бір жылдың өзінде өңірлерде, ауыл-аймақта мыңдаған кездесу өткізіп, нәтижесінде тұрғындардан 200 мыңнан астам талап-тілек пен ұсыныс жиналды. Өткен жыл мемлекетіміз үшін де, халқымыз үшін де ауыр сынақ жылы болды. Қаңтарда ел тағдыры көкпарға түсті. Тәуелсіздігімізге қауіп төнді. Қоғамның тыныштығы, береке-бірлігі нілдей бұзыла жаздады. Таразының бір басында үрей мен күдік, екінші басында үміт пен келешек тұрды. Осындай алмағайып уақытта Мемлекет басшысы бар жауапкершілікті өз мойнына алып, батыл да шұғыл шешімдер қабылдады. Президент халқына, халқы Президентіне арқа сүйеді. Соның арқасында ҮМІТІМІЗ үзілген жоқ, Туымыз жығылған жоқ. Ең бастысы, халқымыз таңдаған жолымыздың дұрыстығына көз жеткізді. Президент реформаларының төңірегіне топтасты», –  деді Ерлан Қошанов.