Түркиядағы зілзалада зардап шеккен және қаза тапқан қазақстандықтар жоқ. Бұл туралы ҚР СІМ ресми өкілі Айбек Смадияров Түркиядағы жер сілкінісіне қатысты өткен брифингте мәлімдеді.
«Түркиядағы дипломаттарымыз ондағы төтенше жағдайлар басқармасымен тұрақты байланыста отыр. Осы уақытқа дейін зардап шеккен немесе қаза тапқандардың ішінде қазақстандықтар жоқ. Қираған ғимараттар астынан зардап шеккендерді құтқару жұмысы әлі жалғасып жатыр», – деді ол.
Ол атағандай, Түркияда консулдық есепте 968 қазақстандық азамат тұр.
«Анкарада – 498, Ыстамбұлда – 45, Анкарада – 198 адам. Жалпы есеп бойынша, Түркияда 8 219 қазақстандық студент бар. Жалпы, Түркияда 75 мыңға жуық Қазақстан азаматы болуы мүмкін», – деді ол.
Айта кетейік, Түркиядағы жер сілкінісінен 4 мыңнан аса адам қаза тауып, 20 мың адам жарақат алған.