Шын дос қуаныштан бұрын жұбанышты сәттерде қасыңнан табылуы керек. Қазақтың ежелгі тәмсілі осындай ойға жетелейді. Егер досың һәм бауырың тұтас мемлекет болса, жауапкершілік тіптен бөлек. Түркиядағы зілзала Анадолы жұртына ғана зардап әкелген жоқ, әрісі күллі адамзатты алаңдатса, берісі түбі бір туысқан мемлекеттердің сыналар шағын туғызды. Ал Қазақстан осынау сәтте қапы қалмады. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тікелей тапсырмасымен Түркияға дер кезінде көмек көрсетуге бекінді.
Әлбетте, Түркияның оңтүстік шығыс аймағын ойсыратып, оннан астам қалаға зақым келтірген, кейбір аудандарды жермен жексен еткен зілзаланың зардабын әзірге бағалау оңай болмай тұр. Жер сілкінісінен қаза тапқандар мен жараланғандар саны күн санап өсіп барады. Түркия экономикасына нақты қандай зиян келгенін болжау қиын. Тіпті, әзірге экономика жайлы айтып, ақша санаудың да қажеті жоқ сияқты. Ең маңызды іс – адамдарды құтқару, қажетті көмекті дер кезінде ұсыну. Өзгесі рет-ретімен бола жатар. Содан да болар, Түркия мен Таяу Шығыстың өзге де бірқатар елін шарпыған алапат зілзаланың хабары шыққан бетте қазақстандықтар да елеңдесіп қалды. «Қайтпек керек?» дескендердің қарасы мол еді. Бұқара Қазақ мемлекеті қандай қадамға баратынын күткендей көрінген. Ал Қазақстан бауырлас жұртқа жәрдемге ұмтылды.
Президент пәрмен берді, Үкімет іске кірісті
6 ақпан күні таңда Түркияның Қаһраманмараш қаласында қуаты 7,7 балл болатын жер сілкісіні болғаны жайлы ақпарат Қазақстан аумағында түске қарай тарай бастады. Өйткені Түркия мен Орталық Азия елдері уақытының арасында 3-4 сағаттық айырмашылық бар. Қаралы хабардың кеш жеткені содан. Ал Қазақстан Президенті түс ауа Түркия басшысы Режеп Тайып Ердоғанға көңіл айтуы жеделхатын жолдады. Жеделхатта «Түркия Республикасында болған аса күшті жер сілкінісі салдарынан көптеген адамның қаза тапқаны туралы суыт хабарды зор күйзеліспен қабылдадым. Осындай қиын сәтте жақындарынан айырылған отбасыларға, сондай-ақ бүкіл түрік ағайындарымыздың ауыр қайғыларына ортақтасып, Қазақстан халқының және жеке өзімнің атымнан көңіл айтамын» деп жазған Қасым-Жомарт Тоқаев.
Сол күні кешке қарай Түркия Президентімен телефон арқылы сөйлесті. Шамасы зілзаланың қаншалықты ауқымды болғаны, зардабының қандай ауыр болуы мүмкін екенін түріктер де түс ауа ұғынған сыңайлы. Оның үстіне, Түркия уақытымен бесін кезінде 7,5 балдық афтершок болғаны тағы бар. Демек, Түркияның жәрдемге мұқтаж болуы әбден мүмкін еді. Осы жағдайды ескерген болуы керек, Р.Ердоғанмен телефон арқылы сөйлескен Қазақстан Президенті іздестіру-құтқару жұмыстарына қажет көмек беруге даяр екенін айтты. Күндіз жолдаған жеделхатында да Қазақстан басшысы Түркияға көмектесуге даяр екенін жазған-ды.
Сөйтіп, Президент арнайы тапсырма берді. Қазақстандық құтқарушы топ 6 ақпаннан 7 ақпанға қараған түні-ақ даярлыққа кірісті. Төтенше жағдайлар министрлігінің 41 маманы мінген ұшақ Түркияның әуе кеңістігіне 7 ақпан күні 15.30-да енді. Ұшақ Газиантеп қаласына қонған бетте құтқарушылар бірден іздестіру-құтқару жұмыстарына кірісті. Сөйтіп, ақпанның 7 ақпаннан 8 ақпанға қараған түні үйінді астынан бір әйел адамды шығарып алды. Осылайша, Қазақстан бауырлас жұртқа дер кезінде қол ұшын созып, тиісті мамандарын жіберген алғашқы елдердің қатарына кірді. Кейін белгілі болғандай, оқиға орнына жеткен қазақстандық мамандар апаттың аса ауқымды болғанын көзбен көрген соң қосымша күш сұратқанға ұқсайды. Ал шетелге әскери немесе әскериленген күштерді ешбір министр Президенттің рұқсатынсыз жібере алмайды. Сол себепті 7 ақпаннан 8 ақпанға қараған түні Қасым-Жомарт Тоқаевтың қосымша Түркияға 60 құтқарушы жіберу туралы тағы тапсырма бергені белгілі болды. Қазақстан құтқарушыларының екінші тобы 60 адамнан жасақталды. Олардың ішінде ТЖМ құтқарушылары, Апаттар медицинасы орталығының дәрігерлері, кинологиялық есептері бар. ТЖМ жедел әрекет ету күштері Түркияға авариялық-құтқару құралдары мен жабдықтардың 150-ге жуық және дәрі-дәрмектердің 160-тан астам түрін алып барды.
Ардақ СҰЛТАН