«AMANAT» халықтың үмітін ақтауды мұрат етеді
«AMANAT» халықтың үмітін ақтауды мұрат етеді
583
оқылды
«AMANAT» партиясының ке­зектен тыс XXV съезі өт­ті. Іс-шараға Саяси кеңес мү­шелері, Мәжілістің VII ша­қырылымының бұрынғы де­путаттары, өңірлерден келген де­ле­гаттар, партия­ның «Жастар Рухы» жастар қанатының мүшелері, сон­дай-ақ сарапшылар, үкі­меттік емес ұйымдардың, БАҚ өкілдері секілді 2 000-нан астам делегат қа­тысты. Съезд күн тәртібіне партия Саяси кеңе­сінің құрамына өзгерістер енгізу, пар­тиялық тізімдер және бірмандатты ау­мақтық сайлау округтері бойынша сай­ланатын Қазақстан Республикасы Пар­ламенті Мәжілісінің депутаттығына кан­дидаттарды бекіту, партияның сайлауалды бағдарламасын қабылдау мәселелері қойылды. Жиынға партияның Атқарушы хатшысы Елнұр Бейсенбаев модераторлық жасады. «AMANAT» партиясының Төрағасы Ерлан Қошанов аз уақыттың ішінде партия қо­ғамның жаңа сұраныс­тарына сәйкес өзгергенін атап өтті.
«Партияға түпкілікті трансформация жасап, құрғақ уәде мен жалаң ұрандардан арылдық. Сөзден нақты іске көшіп, саяси алаңда да, қоғамдық жұмыста да барынша ысылдық, шыңдалдық. Шын мәнінде, Мемлекет басшысының қоғамдық тіре­гіне, елдегі түбегейлі реформалардың қоз­ғаушы күшіне айнала білдік. Бастысы, «AMANAT» партиясы қысылтаяң сәттерде әрдайым халқымызбен бірге болды», – деді Ерлан Қошанов.
Сонымен қатар Партия Төрағасы Қостанайдағы, Екібастұздағы табиғи, техногендік апаттар кезінде, басқа да қиын жағдайға түскен отандастарымызға де­путаттар, партия мүшелері мен волонтер жастардың бірінші болып көмек қолын созғанын сөз етті.
– «AMANAT» партиясы барлық деңгейдегі мәслихаттарға 3 821, Мәжіліске 119 кандидат ұсынды. Еліміздің барлық өкілді органына ұсынылатын «AMANAT» партиясының партиялық тізімі 75 пайызға жаңарды. Олар – Президент реформалары мен партия бағытын жүзеге асыруға қабі­летті жарқын көшбас­шылардың жаңа тобы. Оның құрамында барлық өңірдің, барлық саланың өкілдері бар. Нағыз мем­лекетшіл, патриот аза­маттар. Мемлекетшіл азамат Асхат Аймағамбетов, от ауызды, орақ тілді айтыскер ақын Ринат Зайытов, жер аманатын арқалаған белгілі заңгер Бақытжан Базарбек те осында. Одан бөлек, қаншама танымал жастары­мыз жұдырықтай жұмылып отыр. Әрқай­сысының өз орны бар. Біздің үміткерлер партияны әділ де таза жеңіске бастайды деп кәміл сенемін. Өйткені олардың артында өздеріңіздей адал партияластар мен қалың орман халқымыз бар», – деді «AMANAT» партиясының Төрағасы Ерлан Қошанов.
Ерлан Қошанов Мәжілістің VII шақы­рылы­мының бұ­рынғы депутаты Еділ Жаңбыршин эко­номикасы мықты әділ қоғам құру үшін ең алдымен ауылды аяғынан тұрғызу қажет деп есептейді.
– «Ауыл – бәрімізді тербеткен бесігі­міз! Себебі ауылда халқымыздың елу па­йызы тұрады. Ақиық ақындар да, кемеңгер жазушылар да ауылдан шыққан. Егер біз, әділ мемлекет, әділ экономика, әділ қоғам құрамыз десек, онда ең бірінші ауылды аяғынан тұрғызуымыз қажет. Әділдік сонда ғана болады! Жердің киесі мен елдің иесінің қан­шалықты маңызды екенін «AMANAT» партиясы өте жақсы түсінеді және оған қызмет етеді. Ұлттық болмысымызды сақтаудың, халқымызды тарыдай шашып алмаудың бір жолы – ол ауылдардың инфрақұрылымын дамыту. Осы мақсатты іске асыру үшін «AMANAT» партиясы алдағы бес жылда жүйелі жұмыс істейді. Тіпті, жеке шаруашылықтарды қолдау үшін «Ауыл аманаты» жобасын бастап кеттік. Бәріміздің мойнымызда үлкен парыз бен қарыз бар, ол – ауылды көр­кейту. Ауылды ұмытпайық! Жүрек­тері­мізде де, ойымызда да «ауыл» деген сөз тасқа ойылған ою құсап тұр­сын! – деді ол.
22 жасында Алматы қаласы мәслиха­тының өткен шақырылымының депутаты болған паралимпиадашы Серік Есматов қоғамның игілігі үшін еңбек ету әрбір қа­зақстандықтың қолынан келетінін айтты.
– Балалық шағым тынымсыз дайын­дықпен өтті. Жүзумен айналысып, бокс құрамасында болдым. Сол кездегі ар­маным Олимпиада чемпионы атану еді. «Адам жоспарлайды, Алла шешеді» демекші, әп-сәтте өмірім өзгеріп шыға келді. Жазым аяқасты ғой, 13 жасымда пойыздың астына түсіп, екі аяғымнан айырылдым. Сол сәтте «анама не ай­тамын?» деген сұрақ мазалады. Алла­ның арқасында аман қалдым, соған шү­кір­лік етуім керегін түсіндім. Алғашқы жар­ты жыл бойы арпалысып, ота жасап, аман қалдым. Шыны керек, бұл күйіме күйін­дім, өзіме ғана емес, бүкіл әлемге ренжулі едім. Бірде айнаға қарап тұрып: «Мен кіммін? Қалауым не?» деп сұрадым. Сонда тіршілік ету емес, өмір сүруге бел будым. Сөйтіп, бір жылдан кейін Паралим­пиада чемпионы атандым. Сол себепті елге айтарым, әр адамның әлеуеті шексіз, өз өміріміз де, еліміздің болашағы да өзіміздің қолымызда. Сондықтан әділ және заманауи Қазақстанды бірге құрайық! – дейді Серік Есматов.
Экс-министр Асхат Аймағамбетов «AMANAT» партиясының кезектен тыс XXV съезінде өзінің еңбек жолындағы тәжірибесін мысалға келтіріп, азаматтарды өзгерістерге сенуге, сол бағытта жұмыла қызмет етуге шақырды.
– Қазір елімізде үлкен өзгерістер бо­лып жатыр. Осы өзгерістердің заңды жал­­ға­сы ретінде алда өткелі отырған сай­лауды айтар едім. Бұл сайлау елімізді түбегейлі өзгертуге жаңа мүмкіндіктер береді. Сон­дықтан болашағымыз жарқын болуы үшін бәсекеге қабілетті болуымыз қажет. Ол үшін саяси реформаларды, білім мен ғылымды дамыту қажет. Бізге бәсекеге қа­білетті білім керек. Біз, Әділетті Қазақ­стан дегенде кейде оған тұтынушы ретінде қараймыз. Өзімен-өзі бір заң немесе шешім арқылы әділеттілік пен заңдылық пайда болатын сияқты. Ол тек Президент, Үкімет, әкімдіктің жұ­мысы сияқты болып тұрады. Анығында олай емес. Әділетті Қазақстанды құру үшін қоғамның барлығы түгел жұмыл­дырылуы керек, – деді Асхат Аймағамбетов.
XXV съезі Сондай-ақ съезде журналист, Алматы қаласы мәслихатының VII шақырылы­мының экс-депутаты Сергей Пономарев, «Жастар Рухы» жастар қанатының белсендісі Ариана Белобжицкая, Түркістан облысы Сарыағаш ауданы мәслихатының депутаттығына кандидат Жұлдыз Жұманқызы және ақын Алмас Ахметбекұлы сөз сөйледі. Пікір алмасудан және дауыс беру рәсімінен кейін «AMANAT» пар­тия­сының кезектен тыс XXV съезінің ше­шімімен партиялық тізімдер мен бір­мандатты ау­мақ­тық сайлау округтері бойынша сай­ланатын Мәжіліс депутат­тығына канди­даттардың тізімін және партияның Сайлауалды бағдарламасын бекітті. «AMANAT» партиясының Төрағасы Ерлан Қошанов қорытынды сөзінде бұл тарихи жағдайды үш ұғымның аясында сипаттады. – Ол – ҮМІТ, СЕНІМ, ТӘУЕКЕЛ. Үміт – қанаттандырады. Сенім – талаптандырады. Ал тәуекел жеңіске жетелейді.
 Кешегі жалпыхалықтық референдум мен Президент сайлауындағы елдің риясыз қолдауы да мемлекетке, Әділетті Қа­зақстанға, Президентке берілген сенім мандаты болатын. Сол сенімнің артында тұтас ұлтымыздың тағдыры тұр. Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев та әлем­дегі алмағайып, аласапыран жағдайға қара­мастан, нар тәуекел деп ауқымды өз­ге­рістерді қолға алды. Мемлекеттің тәуел­сіз­дігі мен өркен­деуі жолында тәубе­шіл емес, тәуекелшіл болу керектігін өзі бас болып, көрсетіп отыр. Реформаларды аяғына дейін жеткізіп, халықтың үмітін ақтау – «AMANAT» пар­тиясының тарихи мис­сиясы, тарихи тәуекелі! Ол үшін білек сыбанып, бір кісідей жұмылып, бар күш-жігерімізді салайық! НАР ТӘУЕКЕЛ! – деді ол.
Жалпы, соңғы 9 айдың өзінде 30 мың адам партияға мүше болды. Бүгінде «AMANAT»-тың 800 мыңнан аса мүшесі бар. 365 күн бойы, 24 сағат үзіліссіз, ты­ным­сыз жұмыс істеген партия соңғы бір жылда өңірлер мен ауыл-аймақта мың­даған кездесу өткізіп, 200 мыңнан астам тұрғынның талап-тілегі мен мұң-мұқ­тажын арқалады. Партия ауыл халқының тұрмыс-тіршілігін жақсартуға барынша күш салып, оларға сапалы білім мен медицина, әлеуметтік, құқықтық, қаржы­лық көмектің қолжетімді болуын үнемі назарында ұстайды.