Мұхамеджан Тазабеков Астанадағы ең үлкен мешітке барып, түркиялықтарға дұға жасады
Мұхамеджан Тазабеков Астанадағы ең үлкен мешітке барып, түркиялықтарға дұға жасады
2,270
оқылды
Қоғам қайраткері, дінтанушы Мұхамеджан Тазабеков түркиялықтардың тілеуін тілеп, Астана қаласындағы мешітке барды. Бұл туралы ол әлеуметтік желідегі парақшасына жазды. 
"Бүгін Астанадағы үлкен мешітке арнайы зиярат етіп, Түркиядағы зілзала құрбандары мен қиындықта қалған бауырларға жамағатпен дұға қылдық. Абдыраған ағайынға Алла пана болса екен. Әлем назары ауып, жанашыр жұрттың бәрі көмек қолын созуда. Әйтсе де, қаза көбейіп, қасірет қанат жайып барады. “Жұт жеті ағайын” дегендей, зілзала болған күннен бастап қар да жауып, аяз да қысып, қиналған жұрт одан бетер қыспақта қалуда… Көпірлер қирап, жолдар жарылып, аэропорттар да толық қызмет көрсете алмай, көмекке ұмтылған жандар мен керекті техникалар дер кезінде жете алмай қол қысқаруда. Аллаға шүкір, қаракөз қандастарымыз бірінші күннен жанұшырып, қолдан келген қамқорлығын апатты елге арнап-ақ жатыр. Бірі қаражат жинап, керекті дүниені сатып ап аттандырып жатса, бірі киіз үй қамдап, келер күннің қажетін де жеткізіп беру үшін жанталасуда… Не көрмеген Шам елі?! Не қыспақты бастан өткермеген Түркия?! Бұл ауыртпашылыққа да арқасын тосып, елдікпен, өрлікпен өмір үшін күресуде… Алланың әмірінде не хикмет бар?! Бір Алладан басқа ешкім білмейді. Бұл – оқиғадан сыр іздейтін емес, мұқтаждарға керек су іздейтін, көмекке пұл іздейтін, үйіндінің астынан аман қалуы мүмкін қыз бен ұл іздейтін уақыт… Алла басқа салмасын! Басына сынақ келген бауырлас елге Жаратқан сабыр, шыдам, қажыр-қайрат берсін!", – делінген жазбада.