Қазақстанда 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап 77 мыңнан астам медицина қызметкерінің жалақысын арттыру жоспарланып отыр.
2027 жылы кімдердің жалақысы 40 пайызға дейін өсетіні белгілі болды
277
оқылды

Жаңа тәртіп бойынша қосымша ақы мамандардың үздіксіз еңбек өтіліне байланысты төленеді, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, өзгеріс медициналық-санитариялық алғашқы көмек ұйымдарында жұмыс істейтін учаскелік қызмет мамандарына қатысты. Атап айтқанда, емханалардағы жалпы практика дәрігерлері мен мейіргерлердің табысы өседі. Бұл бастама Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес жүзеге асырылмақ. Жоспар бойынша учаскелік қызмет мамандарының жалақысы үздіксіз еңбек өтіліне қарай 40 пайызға дейін артады.

Министрлік ұсынған тетікке сәйкес, үздіксіз еңбек өтілі екі жылдан асқан мамандарға лауазымдық айлықақысының 20 пайызы, үш жылдан асқандарға 30 пайызы, ал бес жылдан асқандарға 50 пайызы мөлшерінде қосымша ақы төлеу қарастырылған. Бұл ретте қосымша ақының лауазымдық айлықақыға қатысты мөлшері мен жалпы жалақының өсу көрсеткіші бірдей емес. Жалақының нақты қаншаға артатыны маманның еңбек өтіліне, лауазымына және жұмыс орнына байланысты болады.

Министрліктің алдын ала есебіне сәйкес, ауылдық жерлерде еңбек өтілі жоғары жалпы практика дәрігерлерінің жалақысы 534 мың теңгеден 760 мың теңгеге дейін өсуі мүмкін. Ал орта медицина қызметкерлерінің еңбекақысы 284 мың теңгеден 401 мың теңгеге дейін артады деп болжанып отыр. Қалаларда еңбек өтілі жоғары жалпы практика дәрігерлерінің жалақысы 425 мың теңгеден 607 мың теңгеге, ал орта медицина қызметкерлерінің еңбекақысы 224 мың теңгеден 318 мың теңгеге дейін жетуі ықтимал.

Еңбек өтілі аз мамандардың да табысын арттыру көзделген. Мәселен, ауылдағы жалпы практика дәрігерлерінің жалақысы 386 мың теңгеден 450 мың теңгеге, ал қаладағы дәрігерлердікі 307 мың теңгеден 358 мың теңгеге дейін өсуі мүмкін. Бұл сомалар – министрліктің алдын ала есептеулері. Сондықтан барлық медицина қызметкерінің жалақысы бірдей мөлшерде көтерілмейді.

Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарованың айтуынша, жаңа төлемдерді енгізу үшін 2027–2029 жылдары жыл сайын шамамен 137 миллиард теңге қажет болады. Оның 34 миллиард теңгесін республикалық бюджеттен, ал 103 миллиард теңгесін міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі есебінен қаржыландыру жоспарланған. Министрлік бұл шара емханалардағы кадр тапшылығын азайтып, тәжірибелі мамандарды жұмыс орнында сақтап қалуға ықпал етеді деп күтеді.

Жаңа төлем тәртібін 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап енгізу жоспарланып отыр.