Жайықтың жайы жанға батады
Жайықтың жайы жанға батады
651
оқылды
Жайық өзені күн санап тартылып барады. Өзеннің экологиялық ахуалына алаң­даған мамандар оның Каспий теңізіне құяр саға­сының тереңдігі жарты ме­трге жетпейтінін айтады. Қазір сағаның тереңдігі бар болғаны 30-40 сантиметрді ғана көрсетіп отыр. Атырау облысы әкімінің орын­басары Қайрат Нұртаев соңғы жылдары Жайық өзенінде судың аздығы байқалғанын растады. Осыған байланысты өзен арнасын тереңдету жұмыстары қолға алынған. Бұл ұзақмерзімді жоба болғандықтан, өзен са­ғасын үнемі бақылауды қажет етеді. Ал сағадан шамамен 10 ша­қырым қашықтықта зерттел­ген учаскелердегі тереңдік екі метрден асқан.
«Жайық-Каспий облы­сара­лық бассейндік балық шаруа­шы­лығы инспекциясының ма­мандары таяу күндері дәл коор­динаттар арқылы әрбір нақты нүктеде өлшеу жүргізіп, терең­діктерді көрсетіп отыр­ғаны жөн. Бұл сағалық кеңіс­тіктің жай-күйін егжей-тег­жейлі зерделеуге қажет болады. Нақты деректер өзеннің теңіз құяр сағасының түбін тереңдету жұмыстарын жүргізу кезінде пайдаланылады. Мұндай дерек көктемгі су тас­қынына қарсы іс-шараларды дайындау кезінде ескеріледі», – дейді Қайрат Нұртаев.
Шын мәнінде, судың тар­тылуы Жайыққа ғана қатысты проблема емес. Қазір Еуропа елдерінің көбі құрғақшылықтан зардап шегіп отыр.
«Жауын-шашынның бол­мауы немесе аз түсуі сияқты мә­се­лелерге антропогендік жағ­дайлар әсер етіп өзен-су, көл­дердің тартылып, құрғақшы­лық жайлады. Біріккен Ұлт­тар Ұйы­мының жақында жаса­ған мәлім­демесіне сәйкес, құр­ғақшылық Африка континен­тінде көбірек байқалып отыр. Бұл тізімде Италия да бар. Құрғақшылық өзен-көлмен бірге, ауыл шаруашылығы, азық-түлік қауіпсіздігі мәселе­сіне де кері әсер етеді», – дейді эко­лог ғалым Қарлығаш Ещанова.
Сол себепті ғалым, Жайық­тың мәселесін шешуде түп те­рең­дету жұмыстарын қарқынды жүргізумен бірге, қоқыспен кү­реске де бел шеше кірісу керек­тігін алға тартады. «Рас, Атырау облысының Ре­сеймен шекарадағы Құр­манғазы ауданында канал­дар­дың түбі қазылып жатыр. 2021 жылы 243,5 шақырым каналдың түбін тереңдетуге тапсырыс бе­рілгенін білеміз. Ресей Федера­циясымен шекарадағы Қиғаш өзеніне келетін судың көлемін арттыру және гидрологиялық режимін жақсарту мақсатында тереңдету жұмыстары жал­ғасуда. Бірақ өзенді тұрмыстық қал­дықпен ластау жағынан алдына жан салмай келе жатқан аймақтардың көш басында Атырау тұрғанын да ескеру керек. Атырау қаласының өзінен тәулігіне 300 тонна тұрмыстық қалдық шығарылады. Осыдан біраз жыл бұрын Чарльз Мур есімді кеме капи­та­нының Тынық мұхитында көшіп жүрген үлкен «қоқыс аралын» анықтағанын ескерсек, бұл жеңіл қарайтын дүние емес. Осы деректі зерт­теген ғалымдар «қоқыс ара­лының» суға бат­пайтын түрлі пластмасса құты­лары мен қал­дықтар үйіндісінен тұратынын анықтады.
Осындай «ерекше» қалдық­тардың Жайықтың су жүретін арналарын бітеп жатпағанына ешкім кепілдік бере алмайды. Сондықтан, Жайықтың тар­тылуына Үкіметті, иә әкімдікті кінәлап отырғаннан ештеңе өзгермейді. Жайықты ғана емес, жалпы өзен, су қорын сақтауға әр адам үлес қосуы керек», – дейді ғалым Қарлығаш Ещанова.
Ғалым ол үшін қоғамда эко­логиялық мәдениетті қалып­тас­тыру керегін айтады. Өзен­нің қос жағалауында облыстың орта­лығы, екі аудан, барлығы 30-ға жуық елді мекен орналасқан. Жайықтың сағасы тарылып, өзен арнасы бұрынғыша тол­мағандықтан жағадағы орман­ның да күйі кетеді. Мамандардың айтуынша, Жайықтағы судың тартыла бастауы алғаш 2006 жылы байқалған. Тіпті, сол жағ­дайдан кейін Қазақстан мен Ресейдің арасында Жайықты сақтап қалуға байланысты хат­тама да жасақталыпты. Бірақ одан Жайықтың жағдайы жақ­сарып кетпеді. Атырау облысы әкімдігінен Жайықтың жағдайын жақсартуға байланысты қандай шаралар қолға алынатынын сұрадық. Әкімдік Үкіметтің резервтік қорынан Жайық және Қиғаш өзендерінің сағалық су түбін терең­дету жұмыстарына 18 мил­лиард теңге бөлуге ұсыныс бер­генін хабарлады. Балықтардың негізгі бөлігі­нің уылдырық шашатын табиғи орны саналатын Жайық және Қиғаш өзендеріне балықтар кіре алмай, мекендейтін орындарын ауыстырып, Каспий теңізінің жағалауындағы басқа елдерге қарай миграциялау жолдарын өзгертуі әбден мүмкін. Сондық­тан осы аталған жерлерге жедел түрде түп тереңдету жұмыстарын жүргізу қажет. Өзен мен теңіз арасының үзілуі, су құрамындағы оттегінің азаюы балықтардың жаппай қырылуына әкеліп соғады.

Атырау облысы