Ой мен бойды ойын түзейді
Ой мен бойды ойын түзейді
862
оқылды
Соңғы уақытта елдегі ерекше балалардың ата-анасы бейімделген спорт бойынша қызығушылығын арттырып, өз бетінше шекара асып білімін жетіл­діруге бел буған. Болмаса осындай балалардың ата-анасы бірігіп қор ашып, өз қотырларын өздері қасуға мәжбүр. Өйткені әлі күнге дейін мүгедектігі бар балалардың көп жерде мүмкіндігі шектеліп келеді. Ерекше балалар «екінші» сұрыпты емес Мақаланы жазу барысында қаладағы бірқатар спорт секциясы мен үйірмеге қоңырау шалып көр­дік. Өкінішке қарай, біз хабарласқан бірде-бір спорт секциясы ерекше және мүмкіндігі шектеулі балаларды тегін түгілі ақылы негізде қабылдай алмайтынын бірден кесіп айтты. Себебі ондай балаларды спортқа бейімдейтін маман жоқ. Бұл мүге­дектігі бар балалардың спортпен шұғылдануына мүмкіндік жасалма­ғанын және бейімдік спорт түріне көңіл аударылмайтынын көрсетеді. Салдарынан елдегі ерекше оқытуды қажет ететін балалар физикалық және психологиялық жағынан қол­дауды сезінбей келеді. Дәл осындай мәселемен бетпе-бет келген «Ерек­ше бала» орталығының негізін салушы, бейімделген спорт маманы Берікбол Әсербаев шекара сыр­тында білім алуға бел байлаған. Айтуынша, ерекше балалармен жұмыс істейтін бейімделген спорт мамандарын елде ешбір университет даярламайды. «Біздің елде мүгедектігі бар және психикалық дамуы бар ба­лаларға арналған үйірмелер, пара­лимпиадаларға дайындайтын спорт секциялары өте аз. Жалғыз Алма­тыда ғана бейімделген футбол үйір­месін ашқан Юрий Куликов деген жаттықтырушы бар. Бізде мұндай балалармен жұмыс істейтін маман жоқ. Кейбір жерде мүгедектігі бар балаларды жүзуге алады, бірақ оның өзінде санаулы ғана маман жұмыс істейді. Ал ерекше оқытуды қажет ететін балаларға арналған үйірме жоқ. Мемлекет те мұндай балаларды ұмыт қалдырған секілді. Тіпті, осын­дай балаларға арналған орта­лықтардың ашылып жатқаны тура­лы естіген жоқпыз», – дейді бейім­делген спорт маманы. Оның ай­туынша, қазір оның ашқан орталы­ғына келген ата-аналардың көбі белгілі бір диагнозы бар, сөйлеу тілі мен психикасы кенжелеп қалған бала­ларын қайда апарарын білмей жүр­генін айтады екен. Сөйлей алмай­тын, тілінің шығуы қиындаған ба­ла­ларын ешбір спорт секциясы қабылдамайды. Ал мұндай балалар физикалық тұрғыда моторлы түрде дамымаса, денсаулығы жақсаруы екіталай. Сол себепті Берікбол Әсер­баев та бейімделген спорт са­ласын дамыту үшін Ресейде білімін жетілдірген. Әзірге Қазақстанда мұн­дай спорт түріне оқыту Алма­тыдағы Спорт және туризм акаде­миясы мен Оралда ғана қолға алыныпты. Оның өзінде оларда паралимпиада жаттықтыру­шыла­рын оқытады. Сонда тілі шықпай қалған, сөйлеуі қиындаған ерекше диагнозы бар балалар көлеңкеде қалып қоюы керек пе? Осылай деген Берікбол Әсер­баев «Аутизм, Даун синдромы бар балаларға арналған ешқандай спорт түрлері бойынша қолдау жоқ. Жал­ғыз ғана Жанат Қаратай адаптипті сырғанауды қолға алып жатыр. Оның өзі маусымдық кезде ғана. Ал осындай психикалық тұрғыда бұзы­лысы бар балаларға арналған тегін сабақ беру үйірмелері жоқ», – дейді. Оның сөзінше, «Ерекше бала» орталығы қазір осындай ба­лалардың кішкентай спорттан үл­кен спортқа жолдама алуына тын­бай тер төгіп келеді. «Бейімделген спорт – пси­хикалық және физи­калық бұзылысы бар баланы белгілі бір спорт түріне бейімдеу. Өйткені ондай балалар жүгіру, секіру, артына қарау дегенді білмейді. Сондықтан осының бар­лығын саты- сатысымен үйретеміз. Бұл біздің елде арнайы мамандық ретінде оқытылмайды. Маман­дардың тапшылығын тудыр­мау үшін қолымыздан келгенше орта­лықта бейімделген спорт бо­йынша арнайы курстар ұйымдас­тырып жатырмыз. Арнайы диплом бер­месек те, тәжірибеден өткізіп, өзіміз оқып келген әдіс-тәсілдерді бөлісіп келеміз. Біздің дәрістен өткен мамандар қазір 6 өңірден орталық ашты. Қазір олардың өзін­де кезекте тұрған балалар өте көп. Демек, осындай спортқа деген сұ­раныс бар, бірақ мемлекет тара­пынан бұл сұранысты өтеуге тиісті шаралар қабылданған жоқ. Амал жоқ, өз қо­тырымызды өзіміз қаси­мыз. Ал мұндай балаларды қоғамнан ал­шақ ұстауға болмайды», – деп ағынан жарылды бейімделген спорт маманы. Қатардан қалмауына көңіл бөлсе... Өкінішке қарай, біздің елде ғана емес, бүкіл әлем бойынша мүмкін­дігі шектеулі балалар саны жыл санап артып келеді. Ал олардың спорт үйірмелеріне бірдей қатыса алуы – елдің даму деңгейінің көр­сеткіші. Сол үшін «Тең мүмкіндіктер әлемі» қоғамдық қорының негізін қалаушы Нұргүл Ұлжекова бала кезінен спортқа қатысу арқылы ерекше балалардың болашақта от­басын құрып, жұмысқа бейімделіп, қоғамымызға үлес қосуына мүм­кіндік беретін, бойында жеке-дара тұлғалық қасиеті мен өз құндылығын арттыруға септігін тигізу қажет екенін жиі көтеріп жүр. ой мен бой Оның сөзіне қарағанда, қазір елде 170 мыңнан аса ерекше білім беруді қажет ететін бала бар. Бірақ осы балалардың физикалық тұрғыда дамуы үшін мемлекет тарапынан қолға алынған арнайы жүйе де жоқ. Салдарынан ерекше балалардың спортпен тұрақты айналысуына жағдай жасалмаған. «Бізде ондай балаларға арналған қолжетімді спорт залдары жоқ. Осы салаға бейімделген маман тапшы. Нор­мативтік-құқықтық қаулылардың өзінде ерекше балалар назардан тыс қалған. Мәдениет және спорт ми­нистрлігі тарапынан жүйелі жұ­мыстың жоқтығынан мүмкіндігі шектеулі балалардың спортпен айналысуы мұңға айналды. Өйткені біздің қоғамның өзінде ондай адамдарға спорт емес, оңалту жұ­мыстары ғана керек деген қасаң түсінік қалыптасқан. Сол себепті біз балаларымызды Оқушылар сара­йына, аула клубтарына, тіпті мүге­дектігі бар балаларға арналған спорт клубтарына қабылдата алмаймыз. Ондай орталықтар барлық баланы қабылдамайды. Мүгедектігі бар ба­лаларды алуы мүмкін, ал Даун син­дромы, аутизм немесе интелек­туалды дамуы кешеуілдеген бала­ларды қабылдаудан біржола бас тартады», – дейді ол. Оның себебі біз­дегі нормативтік-құқықтық ба­зада ерекше балалардың тең мүм­кіндігі туралы норма қарасты­рыл­маған. Егер заңды құжатта ерекше балалардың құқығы басқа бала­лар­мен бірдей қарастырылып, қосым­ша білім беру орталықта­рына міндет етіліп қойылса, бе­йімделген спорт түріне арналған түрлі спорт секция­сына қызығу­шылық артар еді. Сондай-ақ Нұргүл Ұлжекова ерекше балалармен жұмыс істейтін жаттықтырушыларды көптеп тарту үшін мемлекет тарапынан моти­вация болу керек дегенді айтады. Ол үшін бейімделген спорт жаттық­тырушының айлығы қарапайым жаттықтырушының жалақысынан жоғары болуы тиіс. Себебі мүге­дектігі бар баламен жұмыс істейтін жаттықтырушылардың физикалық және моралдық тұрғыдан жұмыс жүктемесі бірнеше есе артық. Ал олардың айлығын көтеріп, мемлекет қолдау білдіріп ерекше балалардың ертеңіне қызығушылық танытуға еш­кім құлықты емес. Бір сөзбен айт­қанда, мүгедектігің бар және ерекше балаларды қолдау ауадай қажет. Бұл баланың өз-өзіне деген сенімділігін арттырып, өмірге деген көзқарасын өзгертуге септігін тигізеді.