Әлеуметтік желідегі Unknownkazak парақшасын жастар қызығып оқиды. Қазақ тарихының қатпарлы парақтарынан, тұлғалардың ұлағатты өмірінен сыр шертетін жобаның авторлары – ерлі-зайыпты Диас пен Әйгерім Камеридановтар. Жақында бұл жоба «AMANAT» партиясы жанындағы «Жастар Рухы» жастар қанаты ұйымдастырған «Рухтастар» сыйлығын да иеленді. Осыған орай, жоба жетекшілерімен тілдестік.
Unknownkazak блогының авторы Диас Камериданов ешқашан тарихшы болуды армандамаған. Ол елордадағы №11 лицейді бітіріп, Қазақ гуманитарлық заң университетіне оқуға түсіп, заңгер мамандығын алады. Мамандығы бойынша бүгінге дейін жұмыс істейді. Алайда Диастың тарихқа деген қызығушылығы қоғамдық салада белсенді болуына әсер етті. Instagram желісіндегі Unknownkazak парақшасына 156 мың адам жазылған. Тек қана тарихи деректер мен даулы тақырыптарды қозғайтын парақша үшін бұл үлкен көрсеткіш. Диас өзін әзілдеп «астананың құрылысшысы» деп атайды. Себебі кейіпкеріміздің ата-анасы 1997 жылы астананың Ақмолаға ауысып жатқан кезінде көшіп келген. Ал Диастың тарихқа деген қызығушылығы Арқалықтағы үйінің кітапханасынан басталыпты. «Болат Жандарбековтың «Сақтар» романын ерекше жақсы көрдім. Бұл кітапты бесінші сыныпта оқыдым», – деп балалық шағын есіне алды Диас Камериданов.Осылайша, Қазақстан тарихы туралы барлық көркем шығармаларын оқып, кейін публицистика мен ғылыми-көпшілік әдебиетке бет бұрады. Мессенджерлер пайда болған кезде ол өзінің білген ақпараттарын топтық чаттарда, туыстарымен, достарымен бөлісе бастайды. Бірақ жақындары тарапынан Диастың тың деректеріне кері байланыс болмайды. Мұны байқаған Әйгерім жұбайының тарихқа деген қызығушылығын бағалап, Unkownkazak блогын құру жайлы ой тастайды.
– 2018 жылы осы блогты құру идеясы келді. Әуеліде Telegram каналынан бастағанбыз. Адамдардың қызығушылығын көрген соң Instagram-да парақша ашуды жөн көрдік. Бұл жобаның артықшылығы авторлардың болуында шығар. Себебі оқырмандарымызға біздің стильдегі, яғни авторлық ақпараттар ұнайды, – дейді Әйгерім Камериданова.Қысқа мерзім ішінде ерлі-зайыптылар Telegram-да 100-ден астам жазылушыны жинайды. Бірақ сол жылдары қоғамда Instagram желісі танымал болатын. Осылайша, жарнамаға 15 доллар салып, бірнеше күн ішінде Диас пен Әйгерім Instagram-да 300 адамнан тұратын аудитория жинайды. Сондай-ақ Әйгерім Диастың мәтіндерінің тұрақты редакторы.
Бастапқыда ерлі-зайыптылар жазбаларын өз есімдерін көрсетпей, жасырын түрде жариялап жүрді. «Біздің аватарымызда сақ жауынгерінің маскасы болды. Оқырмандар жазбалардың авторы кім екенін білмеді», – дейді Әйгерім.Бірақ олар көп ұзамай аудиторияның белгісіз авторлардың ақпараттарына толық сенім білдірмейтінін байқайды. Себебі тарих ғылымының өзі екіұшты. Даулы оқиғаларға әр тарихшы әртүрлі пікір білдіреді. Оқырмандардың сеніміне ие болу үшін 2019 жылы Диас пен Әйгерім өздері жайлы айтуға шешім қабылдайды. Диастың айтуынша, unknownkazak парақшасын авторлық блогқа қайта форматтау туралы шешім олардың жұмысына жаңа серпін берді. Біріншіден, оқырмандар блогтың жұмбақ меценаттардікі еместігіне көз жеткізді. Екіншіден, жазбаларға арналған тақырыптар тізімі кеңейді. Диас пен Әйгерім оқырмандарға өздерінің саяхаттары туралы айтып, жеке өміріндегі сәттерімен де, тіпті қызықты бизнес идеялары туралы да бөлісе бастады. Қазір олар басқа әлеуметтік желілерді – YouTube, TikTok-ты біртіндеп игеруде.
– Жалпы, әлеуметтік желідегі блогымызды бастаған кезде «қандай да бір медиа болу», «атақты болу» деген мақсат болмады. Ол – біз үшін қарапайым хобби еді. Тарихқа, мәдениетке, мифологияға бұрыннан қызығатындықтан, оқыған, түйген, жинаған ақпаратымызды басқа адамдармен бөліскіміз келді. Бастапқыда оқырмандарымыз тек айналамыздағы достарымыз бен таныстарымыз ғана еді. Ал қазір ұсынып отырған контентіміз кең ауқымда таралып, оқырман саны күнде көбейіп келеді, – дейді Диас.Тыйым салынған тақырыптар азайды Unknown kazak сөзі «Белгісіз қазақ» деген мағынаны білдіреді. Осылайша, жоба авторлары еліміздің мәдениеті, салт-дәстүрі, тарихы туралы қызықты мақалалар мен бейнероликтерді жастар арасында насихаттап жүр. Айталық, «НеАстана» атты бейнероликтер сериясында Диас қала тұрғындарының елорданың топонимикасы мен Қазақстан тарихы бойынша білімдерін тексерді. Сұрақтар қатты қиын емес, мектеп бағдарламасы негізінде жасалған. Қаланы аралап жүріп, ол жастардан көшеге есімдері берілген тұлғалар туралы сұрады. Дегенмен сауалнама нәтижесі көңіл көншітпеді. Алаш арыстары Әлихан Бөкейханов мен Міржақып Дулатовты танымайтын да тұрғындар бар болып шықты. Авторлардың айтуынша, қазақстандықтар мұндай олқылықтарға қарамастан, тарихқа бейжай қарамайды. Кем дегенде олар unknownkazak-қа жазылған. Сондықтан Диас пен Әйгерім осы төрт жыл ішінде оқырмандардың тарихқа деген көзқарасы өзгерді деп санайды. Бүгінде тарихи тақырыптар өзекті бола бастаған. Белсенді жастар мен қазақ эстрадасының жаңа буыны қазір тарихи тұлғаларға жиі сілтеме жасайды. Сонымен қатар тыйым салынған тақырыптар да азайған. Мысалы, бірнеше жыл бұрын жоба авторлары Алаш Орда немесе 1930 жылдардағы аштық сияқты өзекті тақырыптарға посттар жариялай алмаған. Ал қазір кез келген адам осы тақырыптағы көзқарасын ашық айта алады.
– Егер оқырмандарымызды әр аймаққа бөліп қарасақ, аудиториямыздың 50 пайызы Алматыдан, 35-40 пайызы Астанадан және 10-15 пайызы өзге өңірлер деп ойлаймын. Ал жас ерекшеліктеріне байланысты айтар болсам, бізді көбіне 23 пен 36 жас аралығындағы жастар оқиды, – дейді Диас.
– Контент жасауда тың деректерді табуымыздың ешқандай құпиясы жоқ. Барлық ақпарат ғаламторда, кітаптарда бар. Тек көбісі академиялық қиын тілмен жазылған, біз оны өндеп оқырманға түсінікті болатындай етіп қысқа нұсқасын жасаймыз. Сондықтан аудиториямыздың көп болып, қаралым санының артуы – тек ақпаратты бөлісіп қоюда емес. Мәселе – ақпаратты жеткізе алу қабілетінде, – дейді Әйгерім.Көп жағдайда парақшаға оқырман жинау үшін блогерлер таргет жасайды. Ал Диас пен Әйгерім оқырман санын арттыру үшін таргет жасамаған. Сондықтан unknownkazak парақшасының аудиториясы өте сауатты, интеллектуалды адамдар.
– Біз алғашқылардың бірі болып тарихи тақырыпты әлеуметтік желіге жаздық. Қазір мұндай тақырыптар трендке айналуда. Адамдар өткенге үңілмей, келешекке қадам басуға болмайтынын түсінді. Иә, жоба орыс тілінде. Неліктен, не үшін деген сұрақтарға парақшамызда жауап та бергенбіз. Ең негізгі себептеріміздің бірі – біз сияқты орыс тілді қазақтарға қазақ әлемін ашу, түсіндіру және өз тарихымызға ғашық қылу, – дейді Әйгерім.Ал Диастың пікірінше, unknownkazak-тың мықты тұсы – мазмұнының мәнділігінде. Сондықтан авторлар мәтіннің шынайы болғанын қалайды және оқырмандар да осындай стильді ұнатады. Төрт жыл ішінде unknownkazak авторлары өз аудиторияларын мұқият зерттеген. Енді олар оқырмандарды не қызықтыратынын және не қызықтырмайтынын нақты біледі. Қоғамда «адамдар танымдық, тарихи дүниелерге қызықпайды» деген таптаурын түсінік бар. Диас пен Әйгерім «Белгісіз Қазақстан» жобасы арқылы қалыптасқан стереотипті жоққа шығарды. Олардың айтуынша, егер қызықты етіп берсе, кез келген күрделі, ғылыми деректерді де халыққа насихаттауға болады. Видео-контентті пайдаланған кезде тілді академиялық стильден қарапайым тілге ауыстырған жөн.
– Шынымызды айтсақ, күн сайын бізге көптеген алғыс арқалаған хаттар келеді. Оқырмандар қазақ тіліне, тарихына қызығушылықтарының артқанын, ұлттық әдет-ғұрыптарға басқа көзқараспен қарай бастағандары жайлы жазып жатады. Осының барлығы бізді қуантады. Әрі қарай жұмыс істеуге мотивация аламыз, – дейді Әйгерім.Диас пен Әйгерімнің блогы кәсіби тарихшылар мен егде жастағы адамдар арасында да танымал. Жан қалауымен ашылған жоба Бүгінде Диас – заңгер және экономист. Ұлттық компанияда жұмыс істейді. Ал Әйгерім жеке кәсіппен айналысады. Олар Unknown Kazak жобасын табыс табу үшін емес, хобби ретінде бастаған. Осы арқылы, жас буынды, орыстілді азаматтарды қазақ тарихымен таныстыруды мақсат етті. Дегенмен уақыт өте келе, Unknown Kazak блогына жарнама берушілер де қызығушылық таныта бастаған. Ерлі-зайыптыларға бірнеше жыл бұрын коммерциялық ынтымақтастық туралы алғашқы ұсыныстар түскен. Дегенмен жоба авторлары коммерциялық ұсыныстарды бірден қабылдаған жоқ. 156 мың оқырманның алдындағы жауапкершіліктерін түсініп, жарнамалық ұсыныс туралы ұзақ ойланды. Өйткені блог ақша табу үшін емес, жан қалауымен ашылған. Ал Әйгерімнің айтуынша, жарнамаларға өте қатал талаптар қояды. Сондықтан блогта жарнама өте аз, бірақ сапалы.
– Жарнама туралы ұсыныстар жобамызды бастаған бірінші жылдары болмады. Бірақ қазір ұсыныс саны артып келеді. Шынымды айтсам, жарнама мәселесімен түсетін 10 ұсыныс болса, соның 8-9-ын міндетті түрде қабылдамауға тырысамын. Оның негізгі себебі де сол, мен тек ірі, көлемді ұсыныстармен жұмыс істегім келеді. Қоғамда репутациясы қалыптасқан, біз де олардың тауарларын тұтынатын, адал компаниялар болса ғана, ұсынысын қабылдағанды жөн көремін. Себебі бүгін олардың ұсынысын қабылдап, ертең сол қылығым үшін ұялып жүргім келмейді. Әрі-беріден соң жарнама жасау, жарнама арқылы ғана пайда табу – біздің ең негізгі міндетіміз емес. Ал күнделікті түсіп тұратын суши, пицца сияқты тамақтану орындарының ұсыныстарын бірден қабылдамаймын. Мейлі аз түссін, бірақ сапалы, құнды ұсыныстар ғана бізге қолайлы. Сондықтан кез келген интеллектуал жобаны бастайтын адамдар болса, қорықпай іске кірісуге кеңес берер едім, – деді Диас.Жоба авторлары Unknown Kazak жазылушыларымен де жиі кездесіп тұрады. Жақында олар оқырмандармен кері байланыс жасау үшін зияткерлік клуб құрды. Әзірге клуб Астанада екі рет қана жиналды. Дегенмен кездесуге жастар ғана емес, тарихқа қызығатын үлкен кісілер де келіпті. Зияткерлік клубтың кездесулері мемлекеттік тілде өтеді. Диас пен Әйгерім осы арқылы қазақша сөйлеуді трендке айналдырмақ. «Осындай кездесу жасау әрдайым ойымызда болған. Бірақ осы жылдың басында ғана реализация жасауға бел будық. Қазақтілді іс-шаралардың аз болуына байланысты ана тілімізді дамытқымыз келді. Сөзден іске көшуді жөн көрдік», – дейді Әйгерім. Сондай-ақ авторлар тарихқа, мәдениетке қатысты мәліметтерді бөлісуден бөлек, Travel контентті де дамытып жатыр. Былтыр жалпы Қазақстан бойынша Торғайдан бастап, Қарқаралы, Оңтүстік, Солтүстік, Шығыс өңірлеріне дейін саяхат жасаған. Енді батыс өңіріне баруды жоспарлап отыр.
– Одан бөлек, Өзбекстан, Түркия, Грузия, Үндістан, Еуропа елдерін аралап, жасаған саяхатымызды түсіріп, адамдардың таным көкжиегін кеңейтуге сәл де болсын үлес қосып жатырмыз. Жуырда Unknownkazak жобасы аясында интеллектуалды клуб аштық. Бұл қазір әр ай сайын өтіп тұратын игі дәстүрге айналды. Алғашқы кездесудің өзінде 300-400 адамдай жиналып, орын саны жетпей қалды. Еркін ойлы, әр саладағы білімді, мықты спикерлерді таңдап, клубымызға шақырғанбыз. Кездесудің 4-5 сағатқа созылып, келген адамдардың қайта кеткісі келмейтіндей де кездер болды. Мұның бәрі, әрине, қазақ тілінде өтті. Себебі Астанада интеллектуалды қазақтілді ортаның кездесуі аз болатындықтан, мүдделес адамдардың жиі жолығып, танысып, пікір алмасқанын қатты қаладым. Оған қоса, кітап клубын ұйымдастырып, осыған дейін 4-5 рет жиын өткіздік. Егер мұндай бастаманы өзге де өңірлерде қолға алып, ұйымдастыратын жандар болса, біз әрқашан қолдауға дайынбыз, – дейді Диас Камериданов.«Белгісіз Қазақстанды» белгілі етіп жүрген жастардың құлшынысына риза болмау мүмкін емес. Олар 156 мың оқырманға ой салып, тарихи тамырымыздан ажырап қалмауымызға үлес қосып қана қоймай, қоғамды ағартуға атсалысып жүр.