Қауынның тәтті жеміс екені белгілі. Ал оның кептірілген түрі, яғни қауынқақтың тәттілігі тіпті тіл ояды. Алайда қауынқақты айтқанда, көз алдымызға дүкен сөрелеріндегі Өзбекстаннан шығатын өріп кептірілген қауынды елестетеміз. Сондықтан болса керек, көпшіліктің оның Қазақстанда да өндірілетінінен хабары жоқ. Себебі ешқандай дүкен сөресінен отандық өнімді кездестірмейміз. Атакәсіпке айналдырғандар көп Түркістан облысына қарасты Отырар ауданының қиырдағы бір ауылын қауынқақтың отаны десе де болады. Ол – Балтакөл ауылы. Мұнда қауын егуді, қауынқақ өндіруді атакәсібіне айналдырғандар көп. Әр ауылдың өзіне тән ерекшелігі болады. Сол сияқты дүкен сөрелерінен кездестірмесек те, базарлардан өте сирек болса да, «Балтакөлдің қауынқағы» деп сатылып жатқан кептірілген қауынды байқап қаламыз. Оның өзі арнайы заттаңбасыз, тек келілеп, пакетке оралған күйі сатылады. Онда да тек қысқы маусым кезінде. Демек, аз уақытта ғана сатылымға шығатын қауынқақ еліміздің өзге өңіріне жетіп үлгермейді-ау деген ой келеді. Яғни, ауылдағы өнім Қазақстан нарығын қамти алмайды. Әзірге қауынқақты брендке айналдыра алмай жүрміз. Бізден гөрі көрші мемлекет пысықтық танытып, Қазақстан нарығын жаулап алуға көшкен. 100 грамм өнімі 341 калория мөлшерін құрайтын дәруменге бай кептірілген қауынның құрамында А, рибофлавин, пиридоксин, фолий қышқылы, С, D, РР және бета-каротин, темір, крахмал, қант, минералды тұздар, ақуыздар және талшықтар бар. Ал пайдасы ұшан-теңіз. Қауын көңіл күйді жақсартады, гормоналды және жүйке жүйесін тыныштандырады, іш қатуды басады, салмақ жоғалтуға көмектеседі, жүрек-қан тамырлары жүйесіне пайдалы, қан айналымын жақсартады, оны тазартады, несеп айдағыш ретінде әрекет етеді, жасартады және күш-қуатты арттырады. Әсіресе, аяғы ауыр келіншектер үшін аса қажетті микроэлементтер мен витаминдер негізінен осы кептірілген қауында көп екен.
Сонымен, осынша дәруменге бай, дәмі болса да, тіл үйіретін тәтті кептірілген жеміс неге нарықта өз деңгейінде орнын ала алмай жүр? Әлде, жарнамасы төмен бе? Біз сонау 90-жылдардан бері осы кәсіппен айналысып келе жатқан, ата-бабасынан қалған кәсіпті жалғастырушы балтакөлдік Ерлан Сабырханов есімді азаматпен осы мәселе төңірегінде сөйлестік. «Шалқар» шаруа қожалығының төрағасы қауын егілген соң қауынқақ міндетті түрде жасалатынын айтады. Себебі қауын піскен уақытта Ресейге жөнелтілерде арнайы көліктерге арту үшін сұрыпталғанда қатты пісіп кеткендері, сабағы түсіп қалғандары қалып қояды екен. «Жалпы, қауын піскеннен кейін 4 этаптан өтеді. Алдымен, Фура жүк көлігіне қаттылары артылады, сәл жұмсақтары, ауыл-аймаққа сатылу үшін ГАЗель көлігіне тиеледі. Оған да жарамайтын жұмсақтарынан қауынқақ істейміз, тіпті шартаққа ілінбейтін езіліп піскендерінен қауынқұрт қайнатамыз», – дейді ол. Демек, қауынқаққа арнайы қауын егілмейді. «Бізге қауын күйінше сатқан тиімді. Қауынқақ көп еңбекті талап етеді. Амал жоқ, жұмсағын кәдеге асырамыз. Негізінен, «Гүлстан», «Жиенбай» атты қауынның тұқымын егемін. «Гүлстан» өте тәтті, қауынқақ та негізінен осы қауыннан жасалады. Қатты қауыннан қақ тілінбейді, яғни ол жұмсақ болып, жайғанда иіліп тұруы тиіс. Қатты ағаштан шартақ құрып, қауынды бір күн алдын кесіп, дәнін алып аударып қоямыз. Шытырлап тұрған қауын ертесіне жұмсайды, оны тіліп шартаққа ілеміз. Дәмін одан сайын арттырып, сырты жалтырап тұру үшін қарбыздың суын қосамыз. Ал жіпке ілінбейтін қауынды асқабақ қосып, бір күн бойы қайнатып қауынқұрт істейміз. Әбден суы сарқылып қоюланғанша қайнатып, ағаштың үстіне төселген сұрып матаға қасықпен құйылып шығады. Мұның да өздігінше дәмі ерекше. Өтімділігі жоғары», – дейді шаруа бізбен әңгімесінде.Қыста тоңдырмайтын қасиеті бар Ауылдағы бос отырған келіншектер науқан кезінде осындай жұмыстар үшін шаруашылықтарға жалданады. «Иә, мұның барлығын ауылдағы 4-5 келіншекке күніне 5000 теңге жобасында ақша беріп дайындатамыз. Қауынқақ 1 аптада кеуіп, дайын болады. Ол жел мен күнді жақсы көреді. 10 келі қауыннан 1 келі қауынқақ шығады», – дейді ол.
Жыл сайын 2 тоннаға жуық қауынқақ өндіретін шаруа өнімнің қысты күні жақсы өтетінін айтады. Қыста адамның бойын жылытып тұратын қасиеті бар бұл өнім жаздыкүні сатылмайды. Егер жазға қалса, қарайып кетуі мүмкін. Сол үшін алда-жалда қыста сатылмай қалса, тоңазытқышта сақтауға болады. Бірақ сатылмай қалып кеткен кезі болмапты. Алматы, Кентау және Түркістан қаласында алатындар бар. Жыл сайын қара күзде көтерме бағасында алып кетеді. Бұл кәсіпке әбден машықтанған. Қауын пісіп жетілгенше, оның өзіндік ауыртпашылықтары бар. Табыс әр жылда әртүрлі болады. Табиғаттың тосын мінездері де әсер етпей қоймайды. Орта есеппен жыл сайын осы кәсіптен 3-4, кейде 5-6 миллион теңгеге дейін табыс табады екен. «Қасымда серігім бар, екеуміздің техникамыз бір. Жұмысшы жалдаймыз. Жалпы, 10-15 гектар жерге егін салсам, оның 3 гектары – өзімдікі. Қалғанын жалға аламын. Қауыннан бөлек, тары, аз ғана жоңышқа егемін. Балтакөлдіктер негізінен осы қауын мен тарыны егіп нәпақа табады. Атамнан келе жатқан кәсіп болған соң шыға алмаймыз. Жылда келесі жылы болып қалар деген үмітпен жүре береді екенсің. Тәуекелге бет буамыз. Әйтпесе, жұмысы да шығыны да көп, пісіп-жетілем дегенше көп күтімді қажет ететін өте нәзік бақша өнімі – бұл. Кейде пайдасы болмай да қалады. Бірақ өзің ұнатқан істен ләззат аласың», – дейді Ерлан Қожамбердіұлы.
Түркістан облысы