Кеңес Одағы тұсында көптеген мәліметке құпия белгісі соғылғаны белгілі. Әсіресе, стратегиялық нысандар, сынақ алаңдары туралы деректерді жасырын ұстады. Өкініштісі, сол сынақ алаңдарының адам денсаулығына келетін орасан зор залал-зардабы туралы да айтылмады. Сондай аймақтардың бірі – Арал өңiрiндегi Возрождение аралы болды.
Құпия қалашық
Сол уақыттарда арал сынақ алаңы ретінде шағын қалашыққа айналыпты. Онда тұрғын үйлер, мектеп, балабақша секiлдi әлеуметтiк нысандар да бой түзеген. Жерасты зертханасына кiрiп-шығатын орын да болыпты. Бiр сөзбен айтқанда, жасырын жұмыс істеп жүрген биолог мамандар мен олардың жанұяларына барлық жағдай жасалған.
1990 жылы осы құпия аралға сол кездегі Арал әкімдігімен құрылған бір топ қоғам мүшелері арнайы барып, көзбен көруге мүмкіндік алды. Сол топтың қатарында болған азамат осы жайында өзінің әсерімен бөлісті.
«Сол кезде көргеніміз кәдімгі әскери қалашықта орналасқан көптеген ангарлар, яғни жерасты зертханалары болды. Бізге одан өзге айтарлықтай ештеңе көрсеткен жоқ. Жол көрсетуші полковник шеніндегі орыс офицері «Сынақтар аңдарға, маймылдарға, тышқандар мен құрбақаларға жасалғаны рас, бірақ, ешқашан қауіпті жағдай болған емес. Адамдарға да өз келісімімен жасалған» деп түсіндірді. Менің көкейімде «Ол сынаққа келіскен кімдер болды екен?» деген сауал туындады. Алайда бұл сұрағым әлі күнге жауапсыз қалып келеді», – дейді бұл жайында аталмыш топтың құрамында болған экология жанашыры Нұртуған Тұржанов.
Жалпы, Возрождение аралында (бұрынғы атауы Қантүбек болған) Свердловск, Степногорск, Киров, Омутнинск зауыттарында шығарылған биологиялық оқ-дәрiге сынақ жасалған. Соның ішінде Ақмола облысы Степногорск қаласында биологиялық қару шығаратын «Биокомбинат» жұмыс істеген. Сол кездері зерттеу жұмыстарын жүргiзетiн кемелер апат аймағына 15 шақырым жерге дейiн жақындауға мәжбүр болған. Ал белгіленген ережеге сәйкес, сол кездері аралға 40 шақырым жерге жақындауға ғана рұқсат берілген екен. Одан жақын келу қауiптi саналған. Осы ереже сақталмағандықтан, кемедегiлер де түрлi ауруларды жұқтырып, мұның соңы қайғылы аяқталған.
Сол кезде апат аймағын көргендердiң айтуынша, ол жерлерде «Аральск-7», «Бархан», «Пнил-52» сынды нысандар болыпты. Осы «Аральск-7 «әскери қалашығында мыңнан астам әскери биолог пен арнайы қызмет өкiлдерi тұрыпты.
Қараусыз қалдық қауіп төндіреді
Әлі күнге дейін бұл сынақ алаңы туралы нақты дерек жоқ. Дейтұрғанмен, оның залал-зардабы талай адамға тигенi белгiлi. Бір белгілісі қатаң құпиялы Возрождение аралында бактериялық қаруға жасырын сынақ жүргiзетiн полигон болған. Күллі адамзат тағдырына үлкен қатер төндiретiн осы қасiрет орны жөнiнде өңiр халқы алғашында хабарсыз болған. Себебi барлық құпия құжат Ресей мұрағаттарында сақталды.
Кеңес Одағының көбесі сөгіліп, ыдырап жатқан тұста, полигонды қараусыз қалдырып, ондағы мамандар елiне үдере көштi. «Бүлінгеннен бүлдіргі алма» деп әсте бекерге айтпаса керек. Алайда сол кездерi өңiр тұрғындары сынақ алаңына лек-легiмен ағылып, қараусыз қалған дүние-мүлiктердi таси бастады. Сондай-ақ жерді қазып, темір-терсектер жинады. Кейбiреулерi оңай нәпақаның көзiн тапқанына қуанды. Себебі қараусыз жатқан дүниелердiң уланғанын көпшiлiгi бiлмейтін.
Аралда Кеңес Одағының әр түкпiрiнен профессорлар мен академиктер келiп жұмыс істеген. Нәтижесінде, қатерлi вирустардан елiмiзде оба, холеро, күйдiргi, бөртпе сүзегi секiлдi ауру түрлерi кеңінен таралды. Сондай-ақ лепро, сары ауру кең тараған. Осындай бактериялық қарулардың қалдықтарын Ақдалаға көмген деген де кауесет бар. Алайда сол кезде бұл қалдықтардың қаупі жылдар бойы сақталады деп ешкім ойламаса керек. Бүгiнде мүгедектігі бар балалардың дүниеге келуi, қатерлi iсiк, өкпе аурулары, балалардың ерте қартаюын осы қалдықпен байланыстыруға болатындай.
Сол кездегі жергілікті басылымдардың сарғайған беттерінен 1990 жылы Арал өңірінде оба ауруының өршіп кеткендігі жайында деректерді кезіктіруге болады. Сондай-ақ теңіз балығының белгісіз себептермен жаппай қырылып, өлекселері су бетіне қалқып шыққаны да айтылады. Мұның барлығын да осы сынақ алаңының зардабы деп білетіндер көп.
Ал бертін келе қараусыз қалған аралға барып, сол кездегі ахуалын көзбен көрген жандардың айтқандары тіпті жаға ұстатады. Құпия аралға барғандардың айтуынша, түн мезгiлiнде көпқабатты үйлердiң шатырына шығып ұйықтауға мәжбүр болған. Себебi ашық жерде болмаса, ғимарат iшiнде ұйықтау былай тұрмақ, отырудың өзi қауiптi. Ғимарат төбесіне шығып, жерге қарағанда айналаның бәрiн қалың тұман басып кеткендей көрiнеді екен. Әрине, бұл бактериялық қарудың зардабы әлi де сейiлмегенiн аңғартса керек.
1990 жылы Возрождение аралы аумағына Ресейдiң Свердловск қаласынан тот баспайтын болат ыдысқа бетi хлорлы әкпен жабылып салынған 25 вагон сiбiр жарасы және тағы басқа ауру қоздырғыштары жеткiзiлгені жөнінде дерек бар. Бөшкедегі ауру қоздырғышы салынған әр қалташаның салмағы 2,5 кг тартады екен. Бұл ауру қоздырғыш бактерияларды бірнеше жерге көмген көрінеді. Мұндай бактериялар жүз жылға дейiн өз қуатын жоғалтпайтын болса керек. Егер сол ыдыстар тесіліп, бактериялар ауаға, суға, таралса, айналаға төнер қауіпті болжаудың өзі қиын. Сонымен қатар түрлі биологиялық ауру сыналған малдардың да өлекселері де көмілуі мүмкін екені айтылып жатады.
Алайда бүгiнде оның қауiпсiздiгiне ешкiм кепiл бола алмай отыр. Себебі теңіздің суы артылып, арал түбекке айналған. Яғни, теңіздің ортасындағы арал құрлыққа қосылып кетті. Сынақ аралындағы ұшқан құс пен жүгірген аңның құрлыққа шығуына ешқандай кедергі жоқ. Демек, олардың қауіпті ауруды тасымалдауы бек мүмкін.
«Кеңес Одағында мұндай ашық бактериологиялық алаң басқа еш жерде болған жоқ. Сол кездері ауру қоздырғыштары Степногорск, Свердловск және Киров қаласында жасалып, аса құпия түрде Возрождениеге әкеліп, сынақтан өткізіп тұрған. Сол уақытта жеткізілген бактериологиялық қару қалдықтары толық жойылмай, әлі күнге көмілулі жатыр. Сондай қаупі бола тұра, өңірдегі бұл сынақ алаңы әлі күнге тиісті деңгейде залалсыздандырылмаған. Ал Сібір жарасы бактериялары кез келген уақытта оянуы мүмкін. Бұл сол өңір халқы үшін үлкен қауіп», – дейді бұл жөнінде Нұртуған Тұржанов.
Мәліметке сәйкес, 1972 жылы Біріккен Ұлттар Ұйымы биологиялық қаруға тыйым салу жөнінде конвенция қабылдап, ол 1975 жылдан бастап күшіне енді. Соған қарамастан, Кеңес Одағында қауіпті биологиялық қаруға сынақ жалғаса берді. Тек Қазақстан тәуелсіздігін жариялануымен ғана аталған сынақ алаңы жабылды.
Қоршаған ортаны улап жатқан осы бір сынақ алаңы жайында талай рет айтылып жүрсе де, жабулы қазан жабулы күйінде қалып келеді. Әлі күнге дейін нәтижелі жұмыстар жүргізілген емес. Есесіне, құпиясын ішіне бүккен апат аймағынан келер қауіп көп. Ал оның зардабын жергiлiктi жұртшылықтың қай уақытқа дейін тартары белгісіз.
Қызылорда облысы