Трактормен көшедегі қарды күреп жүрген әкім кім?
Трактормен көшедегі қарды күреп жүрген әкім кім?
2,198
оқылды
Әлеуметтік желіде Атыраудағы ауыл әкімінің трактормен қар күрегені туралы видео тарады. Трактор рулінде – Дамбы ауылының әкімі Ұзақбай Байзуллин.
«Кәсіби механизор емеспін. Бірақ, өзімді тәжірибелі жүргізушімін дей аламын. Көлік жүргізуші мамандығын меңгергенмін. 1980 жылдан бері көлік жүргізіп келемін. 1949 жылы туған ағам Бисенбай ауылдағы Амангелді атындағы колхоздың маңдайалды тракторшысы, әрі көркемөнерпаздар үйірмесінің мүшесі болған. Қазақтың ұлттық аспабы – домбыра шертеді. Мектептің 3-4 сыныптарында оқып жүргенімде, тракторын үйдің алдына әкеліп қоятын. Сол кезде техникаға қызығушылығым оянды», – дейді Ұзақбай Байзуллин.
Оның айтуынша, 8 ақпан күні трактордың руліне отырып, күні бойы ауыл көшелерін қардан тазартқан.
«Әрине, қар күреудің қиындығы бар. Сол себептен, алдымен траткор жүргізушісінен қарды қалай күреу қажеттігін сұрап алдым. Кейін трактор руліне отырдым. Менің ойымша, әр азамат елге қызмет етуі қажет. Қар жауып, көлік қозғалысы қиындаған кезде қол қусырып отыра алмадым» – дейді Ұзақбай Байзуллин.
Видео авторы да, пікір қалдырушылар да ауыл әкімінің бұл ісіне ризашылығын білдіріп жатыр. Ал, Ұзақбай Байзуллиннің өзі бұған назар аудармағанын қалайды. Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырауды қалың қар басып, көлік қозғалысы қиындағанын хабарлаған болатынбыз.