Жетісу облысы орталығындағы тұрғын үй саласындағы түсініспеушіліктің басталғанына он шақты жылдан асты. Содан бері баспана пәтер кезегінде жылдар бойы тұрғандарға, әлеуметтік тұрғыда аз қамтылғандарға емес, тамыр-таныстары барларға бұйырып келеді. Осы жылдар аралығында бірнеше шулы дерек анықталып, осыдан біраз бұрын бірнеше адам сотталғаны да жұрттың есінде. Қалалық тұрғын үй, коммуналдық-шаруашылық бөлімінің басшылары да жиі ауысатын болып, қырсығы мол лауазымнан аман-есен құтылғанына қуанатын дәрежеге жеткені де рас. Шын айту керек, жалға берілетіні бар, коммуналдық меншіктегісі бар пәтерлерді бөлуде, беруде талай әділетсіздік байқалады. Былтыр қаланың тізгінін ұстаған Әсет Масабаев қаладағы тұрғын үй кезегін ретке келтіруге бел шеше кіріскен еді. Осы бағыттағы нәтижелі жұмыс кейінгі оншақты жылдықта Талдықорған қаласында қазына қаражатына тұрғызылған жүздеген үйдегі мыңдаған пәтердің көбі іс жүзінде баспанаға мұқтаждардың орнына ебін тапқандар заңсыз иемденіп келгені мәлім болды. Тіпті, күллі республикаға жариялап, сүйіншілеткен «Береке» коттедж қалашығындағы жеке үйлерді беруде де ши шықты. Мұнда да үйді заңсыз иемденгендер бар. Сонымен бірге салынған коттедждердің барлығына сапасыз болып шықты. Іргетасы құйылғанымен, шатыры жабылмай, құрылысы аяқсыз қалғандары да жетіп жатыр. Жетісу облысының прокуроры Мадияр Басшыбаев Талдықорғанда пәтерге зар болған тұрғындардың қалтасын қағуға ниетті алаяқтар тобының пайда болғанын мәлімдеді. Прокурордың айтуына қарағанда, алаяқтар өздерін елге «қайырымды көмекшілер» ретінде таныстырып, тиісті орындарда таныстарының көмегімен баспана мәселесін шеше алатындығын айтып, ақша жинаған. Жақында ғана тұрғын үй алуда заңсыз көмек көрсетуге уәдені үйіп-төгу арқылы жұрттың қалтасын қағып келген кезекті топтың заңсыз әрекеті анықталды. Бұған дейін де осындай алаяқтық топтар құрықталған болатын.
– Қазір заңсыз әрекетке қатысы барғандардың үстінен қылмыстық іс қозғалды. Біз облыс орталығындағы пәтерлерді бөлуде жылдар бойы қалыптасқан алаяқтық схемасын бұздық. Талдықорған қаласы әкімдігіне баспана бөлудің ашықтығын жолға қоюды тапсырдық. Электронды кезекті қалыптастыру бойынша жұмыстар аяқталды. Қала бойынша заңсыз берілген мыңнан астам пәтер бары баршаға мәлім. Қолға алынған шаралар барысында біраз баспана кері қайтарылып, тұрғындар пәтерлерін заңдастырды, – деді прокурор.Сондай-ақ ол салынғалы басынан дау арылмаған «Береке» коттеджді қалашығының жағдайына да тоқтала кетті. Алғашқы қоныс тойы тойланған 2018 жылдың желтоқсанынан бері тұрғындар тарапынан түрлі органға жазылған, түсіп жатқан арыздар легі толастамаған қалашықтағы үйлердің сапасы сын көтермейді. 200-ден астам үйдің құрылысы толық аяқталмаған, қаңқасы ғана қаланған көрінеді. Ал 14 үйдің тек орны ғана тұр. Келген зиянның мөлшері 500 миллион теңгеден асады. Қазір тергеу-тексеру жұмыстары жалғасып жатыр. Облыс әкімі де құрылыс саласындағы кемшіліктерге көңіл бөліп, тиісті басқармалар мен жергілікті әкімдердің баса назар аударуды тапсырды.
– Құрылыс сапасы әрдайым басты назарда болуы керек. Сапасыз салынған ғимараттар мен үйлер аз уақытта апатты құрылысқа айналып, тұрғындардың өміріне қауіп туғызуы мүмкін. Сондықтан жобалық-сметалық құжаттамасын әзірлеуден бастап, құрылыс жұмыстарының барлық кезеңдеріне қатаң қадағалау қажет. Бюджет қаражаты есебінен салынып жатқан құрылыс нысандарын қабылдаудың бірыңғай әрі бұлжымай сақталуға тиісті тәртібі бекітілсін, – деді облыс әкімі.Өңір басшысы аудан, қала әкімдерінің өз өңірінде жүргізіліп жатқан құрылыс немес жөндеу жұмыстарына тікелей жауапты екенін еске салды.
Болат АБАҒАН, Жетісу облысы