Кино арқылы қоғам жайын қозғаймыз
Кино арқылы қоғам жайын қозғаймыз
933
оқылды
Бүгінде кинотеатрда Голливуд киносы азайды. Десе де, осы олқылықтың орнын Орталық Азия елдерінде түсірілген фильмдер басатын сияқты. Себебі қазір кинотеатрларда қырғыз елінің «Разбой» атты киносы көрсетіліп жатыр. Көрерменнің де бұл фильмге деген қызығушылығы ерекше. Кино залынан ине шаншар орын табу қиын. Себебі фильм өмірде болған оқиғаның негізінде түсірілген. Осылайша, қырғыз кинематографтары аз қаржымен танымал туынды түсіруге болатынын дәлелдеді. Біз киноның режиссері Мақсат Жұмаевпен тілдестік. «Разбой» фильмі қазір Қа­зақ­станда үлкен сұранысқа ие бо­лып жатыр. Жалпы, бұл кино өмірден алынған ба? – Иә, фильмнің сюжеті өмірде болған жағдайға негізделіп түсіріл­ді. Барлық қылмыс, жедел қызмет­керлердің тағдыры да нақты оқиға. Сондықтан да, көрермендер «Разбойға» ерекше қызығушылық танытып отыр. Оқиға қылмыстық топтың шабуылдары негізінде өрбиді. Қарақшылар қаладағы ломбардтардан ірі көлемдегі қаржы ұрлайды. Қылмыстық істі ашу үшін арнайы жедел топ құры­лады. Олар күні-түні ұйықтамай, қылмыскерлердің әр қадамын аңдып отырады. Алайда құқық қорғау қызметкерлерінің арасын­дағы Жәке есімді азамат қарақ­шылық топтың жетекшісі болып шығады. Жәке қарақшыларға бо­лы­сып, тергеу жұмыстарына кедергі келтіріп жүреді. Осылайша, көп көлемде ақша жымқырып, шетелге кетеміз деген қарақшы­лардың қылмысы ұлғая түседі. Олар қан төкпейміз десе де, кездей­соқ адам өлтіріп алады. Бұл жағдай қылмыскерлердің арасын­да келіспеушілік тудырады. Ақы­ры Жәке қарақшылардың қылмы­сы ашылып қалмас үшін өзі тәр­бие­леген жас полицей Маратты пышақтап өлтіреді. Көрермендерге оқиғаның осы тұсы, шарықтау шегі ерекше әсер қалдырып жа­тыр. Себебі кейіпкердің ешқай­сысын кінәлай алмайсың. Бар­лығы да бүгін қоғамнан алынған. Әрқайсысының өз қиындығы бар. Фильмде басты рөлдерді Атай Өмірбеков, Әділ Болорбекұлы, Жұлдызбек Қасейнов, Бек Бостонбаев, Ұшқын Абсаламов сомдады. Фильмді көрген халық жақсы пікір білдіріп жатыр. Әсіресе, жастар полиция қызмет­кері болудың оңай емес екенін түсінді. Мысалы, қазақстандық «Рэкетир» киносын алып қарайық. Эфирге осы кино шыққаннан кейін жастардың көпшілігі басты кейіпкерлерге еліктей бастады. Ал «Разбойда» басты кейіпкер – полиция қызметкелері. Кино арқылы қоғамның құқық қорғау саласына деген құрметі артты. Себебі кино халық санасына тікелей әсер етеді. – Фильм түсіру туралы идея қалай келді? – Осы оқиғаны негізге ала оты­рып, фильм түсіру идеясы 2013 жылы келді. Бірақ мен бұл идеяны он жылдан кейін ғана жүзеге асы­ра алдым. Бастапқыда халықтың полиция қызметкерлеріне деген сенімін арттыру үшін респуб­лика­лық ауқымдағы полиция туралы сериал түсіру идеясы болды. Осылайша, 2016 жылы пилоттық серия түсіріп, халықаралық ұйым­дарға ұсындым. Бірақ менің бұл идеямды ешкім қолдамады. Соңын­да нар тәуекел деп өз күші­мізбен көркемфильм түсірдік. Нәтижесін өздеріңіз көрдіңіздер. Соңғы үлгідегі техникалық құрал­дарды, эффектілерді пайдалан­басақ та, халыққа ой салатын, құқық қорғау қызметкерлеріне дем беретін фильм жарыққа шық­ты. – Осы оқиғада қызметіне жаңа кіріскен полиция қызметкері Марат Жұмаев көз жұмды. Назар аударып қарасақ, екеуіңіздің фамилияла­рыңыз бірдей екен. Марат сіздің туысыңыз ба? – Иә, Марат менің туған ағам. Оның қазасы отбасымызға ауыр соқты. Себебі Марат кішкентайы­нан полиция болуды армандады. Жоғары оқу орнын енді бітіріп, қызметіне кіріскен кезде қаза тапты. Оның өз мамандығын қат­ты жақсы көргені соншалық, сүйген қызының айтқанына көн­бей, құқық қорғау саласын таң­дай­ды. Мен Мараттың оқиғасы басқа азаматтарға да сабақ болса екен деймін. Кино түсіретінімді ата-анамызға алдын ала айтып, оларды дайындадым. Себебі ескі жараның аузын тырнау естінің ісі емес. Дегенмен киноны көрген әр танысымыз, көршілеріміз шулап хабарласып жатты. – Салтанат Мараттың поли­ция қызметкері болғанын қала­май­ды. Керісінше, Америкаға ба­рып, бақытты өмір сүрейік дейді. Жалпы, жастардың жаппай шетелге кетуі қазіргі қоғамда бар үрдіс қой. Сіздер осы мәселені де көрсеткілеріңіз келді ме? – Иә, Мараттың сүйген қызы Салтанат оған: «Не қызметіңді тастап, Америкаға кетеміз, не мен басқа адамға күйеуге шығамын» деп талап қояды. Марат ойлануға уақыт беруін, екеуі бірге болса бар қиындықты жеңетінін айтады. Бірақ Салтанат: «Үйленгеннен кейін қайда тұрамыз? Сен күні-түні жұмыста боласың. Тапқан табысың өмір сүруге жетпейді» деп айтқанынан қайтпайды. Ақыры Марат қайтыс болды. Ал Салтанат Америкаға баратын басқа азаматқа тұрмысқа шығады. Біз бір монетаның екі жағын көр­сеткіміз келді. Себебі қазір жастар шетелге баруға құштар. Ол жаққа барса бақытты боламыз деп ой­лай­ды. Бірақ шетелге бармай-ақ өз еліңде бақытты ғұмыр кешуге болады. [caption id="attachment_240442" align="aligncenter" width="1393"]Разбои фильмі © коллаж: Әсел Балтақызы[/caption] – Фильмде полицейлердің отбасылық өмірі мен қызметіндегі қиындықтар, әлеуметтік проб­лемалар көрсетілген. Шынымен де, полиция қызметкерлерінің айлығы еңбегіне сай емес пе? – Қызметкерлердің жалақысы қазір жақсы. Орташа есеппен олар 200 мыңнан 300 мың теңгеге дейін алады. Бірақ адамдар әртүрлі. Біз адал қызметкерлерді де, полиция қызметкерлерінің беделін түсіре­тін­дерді де көрсеткіміз келді. Қыр­ғызда «шай қасық бал бөшке­сін бұзады» деген мақал бар. Айт­алық, фильмде командир Шыңғыс абыройын ақшадан биік қойған. Әйелі Шыңғысқа: «Үйде болмай­сың. Жұмыстан демалшы» десе де, командир қызметтегі жауапкер­шілігін басты орынға қояды. Ал оның әріптесі, қарақшылық топтың жетекшісі Жаке фильм соңында Шыңғысқа: «Сен алдыңа келген парадан бас тарттың. Өзіңді жоғары санайсың», – дейді. Ал Жакенің қылмысқа баруына еңбекақысының күнкөріске жетпейтіні тікелей әсер етті. – Бұл кино Қырғыз Респуб­ликасында, Өзбекстан да көрсе­тіліпті. Ал Қазақстанға прокатқа шығару қиынға соқпады ма? – Біз басқа елдерге прокатқа бірінші рет шықтық. Қазақстанда фильмді көрсету қиын болған жоқ. Өйткені бізді «КиноПарк» кинотеатрлар желісінен Алмас аға мен Ерлан аға қолдады. Фильмді жарнамалауға үлкен күш салма­дық. Дегенмен фильмге деген қазақстандық көрермендердің ықыласы ерекше. Тik Тok және Instagram әлеуметтік желілерінде фильм үзіндісін, алған әсерін жарыса жариялап, бас кейіп­керлердің өміріне қызығушылық танытып жатыр. Осылайша, біз «Разбой» арқылы, хит туынды түсіру үшін қомақты бюджет пен мемлекеттік қолдаудың қажет емес екенін дәлелдей алдық. – Кино қанша қаржыға түсі­рілді? Қанша касса жинады? – Біз фильмге 50 мың доллар жұмсадық. Нақты табысы әлі есептелмеді. Себебі фильм кино­театрларда әлі көрсетіліп жатыр. Сондықтан нақты санды айта алмаймын. – Фильм қырғыз тілінде түсі­ріліп, орыс тіліне дубляж жаса­лыпты. Бұл ТМД мемлекеттерінің нарығына шығу үшін барған қадам ба? – Иә, фильм қырғыз тілінде түсірілді. Ал дубляж Мәскеудегі «КупиГолос» студиясында жасал­ды. Себебі ТМД мемлекеттерінің қазіргі қоғамдағы проблемалары ұқсас. Сондықтан бұл тақырып басқа мемлекеттерде де өзекті. Сол үшін біз кәсіби дубляж жасат­тық. Кино арқылы біз одан да жақындай бастаймыз, бір-бірімізге қызығушылық танытып, түсінісеміз. Кино – біздің елдеріміз арасындағы достық қарым-қатынасты жақсартудың тағы бір факторы. – Фильм соңында командир Шыңғыс тірі қала ма? Оқиға кейіпкерлерінің кинодан кейінгі өмірі қалай болған? – Шыңғысқа Мараттың қазасы ауыр соғады. Ол Мараттың кегін қайтарып, қылмыскерлерді тұтқындаймын деп сөз береді. Сол уәдесінде тұрып, соңғы шайқаста өліспей беріспейді. Өкінішке қарай, Шыңғыс сол жерде жан тапсырады. Жараланса да сөзінде тұрып, алдында жатқан Жакенің қолына жер бауырлап барып кісен салады. – Алдағы уақытта қандай фи­льм түсіруді жоспарлап отырсыз­дар? – Қазір мен жаңа киноның сценарийін жазуды бастап кеттім. Бұл фильмде біз отбасылық зорлық-зомбылық, сыбайлас-жемқорлық, әділеттілік, алко­голи­зм сияқты көптеген әлеумет­тік мәселені көтереміз. Сюжет жан-жақты. Түсірілім 2023 жыл­дың мамыр айының басына жос­парланып отыр. – Жалпы, қазақстандық фи­льм­дерді көресіз бе? Қандай баға бересіз? – Иә, қазақстандық кино­ларды көремін. Қазақ киносы жақсы дамып келе жатыр. Сюжеті қарапайым болса да, кинолардың техникалық сапасы жоғары. Бұйырса, қазақ бауырлармен де ортақ кино түсіру ойымыз бар. Мысалы, бұған дейін қазақ-қырғыз «Махаббат дастаны» атты кино түсірген. – Әңгімеңізге рақмет!