Жақында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мерзімді әскери қызметке шақыру туралы Жарлыққа қол қойды. Қарулы Күштердің Бас қолбасшысының бұл жылдағы маусымдық бұйрығы болғанымен, биыл өзгеше көрініс байқалады. Себебі әлемдегі геосаяси жағдай әскери салаға салмақты көзбен қарауға мәжбүрлейді. Сондықтан әскери шақыру қорғаныс қабілеттілігіміздің нығайтудың алғашқы қадамы. Олай дейтініміз – қазір жастар Отан алдындағы борышын өтеуді емес, әскерге барудан қашуды ойлайтындай. Оған себеп те жоқ емес. Соңғы жылдары баласын әскерге аттандырған ата-ана сарбазын жылы құшақпен емес, қара жамылып күтіп алу оқиғалары жиіледі. Бұл әскери салаға деген сенімді әлсіретіп жатқаны анық. Бақылау күшейсе, береке орнайды Еліміз бойынша биыл 37 056 азамат әскер сапын толықтырмақ. Жамбыл облыстық Қорғаныс істері жөніндегі департаменті берген ақпаратқа сүйенсек, өңір бойынша 2 500-ден астам азамат Отан алдындағы борышын өтеуге шақыртылады екен. Мерзімді әскери қызметке шақырудан бас тартқан азаматтарға Қазақстан Республикасы Қылмыстық Кодексінің №387-бабына сәйкес, әскери қызметтен жалтару ісі бойынша қылмыстық жауапкершілікке тартылады. Осындай қылмыстық жазаға қарамастан, бүгінде әскери борыштан жалтарып жүргендер көп. Елімізде өткен жылдың өзінде 35 мыңнан астам адам әскерге барудан қашып жүргені айтылды. Жастарды борышын өтеуге тарту үшін арнайы рейдтер ұйымдастырылып, қорғаныс істері жөніндегі бөлімдерге мәжбүрлеп апару шаралары да қолға алынды. Алайда одан айтарлықтай нәтиже шықты дей алмаймыз. Мұндай мәжбүрлік шараларға ата-аналар қарсы шығып, соңы айқай-шуға ұласса, әскери бөлімдегі сарбаздардың қазасы тіпті жағдайды ушықтыра түсті. Енді жастарды әскери борышын өтеуге қалай қызықтыра аламыз? Және олардың қауіпсіздігі мен өміріне кепіл болар тың тәсіл бар ма? Бұл сауалмен сала ардагерлеріне қайырылған едік. – Кеңес Одағы тұсында әскерге бару – абыройлы міндет саналатын. Ал әскерден қашу жігіт үшін сын еді. Содан болар жастардың өздері әскерге аттануға құлшынып тұратын. Қазір соның ұшқыны да байқалмайды. Оған себеп әскердегі түрлі әлімжеттік және сарбаздардың қаза болуы ата-ананың үрейін туғызып отыр. Ал мұндай әрекеттерді болдырмау үшін әскери бөлімдердегі бақылауды күшейтіп, заңдық үстемдік құрылуы қажет. Былтыр Отан алдындағы борышын өтеуге Қордай ауданынан дүнген ұлтты азаматтар көптеп аттанды. Бүгінде олардың алды әскерден қайтып жатыр. Олардан әскердегі өмірі қалай өткенін сұрасаң, барлық жерде бейнебақылау камерасы болғандықтан, ешқандай әлімжеттік болмағанын айтады. Бұл әрине, Қордай қақтығысынан кейін дүнген ұлтты азаматтар борышын өтеген әскери бөлімдердің ерекше бақылауға алынғанын көрсетеді. Дәл сондай өзге де әскери бөлімдерге заманауи бейнебақылау камераларын орнатып, жас сарбаздардың өмірі мен денсаулығына ешқандай қауіп төніп тұрмағанын көрсету керек. Қазіргі әскери бөлімдерде бейнебақылау камерасы санаулы жерге ғана қойылған. Міне, осы камералардың санын көбейтіп, әскери бөлімнің барлық аумағын бақылауға алу қажет. Сонда ғана жас сарбаздар өздерінің қауіпсіз екенін сезінеді, – дейді запастағы сержант-инструктор Исмаил Хаджимуратов. Құрылыс батальондары қайта құрылса... Ауған соғысының ардагері Болат Сайлан болса, жастарды әскерге тартудың бірден-бір жолы құрылыс батальондарын қайта жандандыру қажеттігін айтады. – Кеңес Одағында жастарды Отан қорғауға тәрбиелеу идеологиясы мықты еді. Қазір мектептерде кадет сыныптары ақсап тұр. Әскери-патриоттық тәрбие беру жоқтың қасы. Кезінде Кеңес үкіметі әскерилердің күшін әлеуметтік мәселелерді шешуге де тиімді пайдаланды. Тұрғын үй құрылысы сынды жұмыстарға сарбаздарды көптеп жұмылдырды. Әскери батальонның қатарында болған сарбаздар физикалық тұрғыда шынығып қана қоймай, табыс та табатын. Сондай-ақ тәртіп пен ұқыптылыққа үйренетін. Неге осы жүйені қазір қолданбасқа? Егер сарбаздарды осы бағытқа бағыттасақ, одан мердігер де, Үкімет те ұтар еді. Оған қоса, жас сарбаз құрылыс тілін де үйреніп, дайын маман болып та шығады. Егер борышын өтеп біткен сарбазға әскери билетпен қоса, құрылыс жұмыстары курсынан өткендігі туралы анықтама қағаз берілсе, тіпті ол оның болашақта жұмыс тауып кетуіне септігін тигізуі мүмкін. Әскери құрылыс батальондарын құрып, олардың жұмысына мердігерлердің ақы төлеу мәселесін қарастыратын болсақ, жастар әскерге қуана-қуана барады деп ойлаймын, – дейді Болат Санабайұлы. Сарбаз болуға дайынмын, тек... Иә, Ауған соғысы ардагерінің ұсынысы ұтымды. Бұдан бөлек, биыл Отан алдындағы борышын өтеген жастарға әскерден кейін жоғары оқу орнына ҰБТ тапсырмай түсуге, әскери кафедрада тегін оқуға және несиесін төлеуге демалыс алуға жеңілдік беріледі. Бұның барлығы жастарды Қарулы Күштердің қатарына тартудың жолы екені түсінікті. Алайда бұған жастардың өзі не дейді? – Әскерге баруға қарсы емеспін. Бірақ оқу орнын енді бітірейін деп жатқандықтан жұмыс істеп, еліме қызмет етсем деймін. Дипломымды қолыма алғаннан кейін Отан алдындағы борышым мен өз құқығымды тағы бір рет зерделеймін. Олай дейтінім, үйдің үлкені болғаннан кейін анам мен бауырларыма барынша қолдау көрсеткім келеді. Оның үстіне, қазір әскери өмірге қатысты түрлі ақпараттар жарық көріп жатыр. Соны көріп, ойға да қаласың. Егер Үкімет әскери бөлімдерді бақылауға алып, тәртіп орнатса, кез келген азамат әскерге барады деп ойлаймын. Оған қоса, биылдан қолға алынған түрлі жеңілдіктер сап түзейтін сарбаздардың санын арттырады деп сенемін. Себебі елімізде бұрын мұндай жеңілдіктер қарастырылған емес. Ең бастысы, Отан алдындағы борышын өтеп жүрген жастардың қауіпсіздігі қамтамасыз етілсе екен деймін, – дейді Мадияр Қасымбек. Ата-ана алаңдаулы Жастың сөзі де, ойы да орынсыз дей алмассың. Елім деп борышын өтеп жүрген ер бар да, ерім дейтін ел де керек. Алайда Мадиярдай жастардың бойында Отан алдындағы борышын өтеуге деген ниет болғанымен, бүгінде балаларының шешіміне көп ата-ана қарсы болып жататыны шындық. – Әскери бөлімдердегі былықты бұқаралық ақпарат құралдарынан көріп отырып, қалай ғана балаңды әскерге жібересің? Бірі соққыға жығылып жатса, енді екіншісі қаза тапқан. Тіпті, айтуға ауыз бармайтын сұмдықтарды да естіп жатырмыз. Осыдан кейін сау балаңды әскерге жіберіп қалай ғана қарап отырасың? Балаларым әзірге Отан алдындағы борышын өтейтін жасқа жеткен жоқ. Алайда егер әскери бөлімдердегі жағдай түзелмесе, ұлдарымды әскерге жібермеудің барлық амалын жасаймын, – дейді Әсел Оспанова есімді тұрғын. Былтыр үш ұлын әскерге аттандырған Талғат Аманов балаларының шешіміне қарсы келмегенімен, олардың амандығы үшін алаңдайтынын жасырмайды. – Әскерге алдымен ортаншы ұлым Айдын аттанды. Ол бір ай Алматыдағы әскери бөлімде болса, кейін Ақтауға теңіз әскерінің қатарына қосылды. Артынша, 1999 жылы туған үлкен ұлым Айбек те портты қалаға жол тартты. Кейін ағаларына қарап бой түзеп жүрген 18 жасар ұлым Айдос та әскерге баратынын айтып, Қостанайдағы Ұлттық ұлан жауынгерлерінің қатарында сап түзеді. Бұл балаларымның таңдауы болғаннан кейін қарсы келгенім жоқ. Десе де, әскери бөлімдердегі түрлі жағдайларды естіп, алаңдаймыз. Демалыс күндері ұлдарым хабарласқанда ең бірінші хал-жағдайларын сұрап, одан кейін жанарларына көз саламын. Үшеуі де әскери өмірге бейімделгендерін айтады. Қазір енді тек перзенттерімнің аман-есен оралуын тілеп отырмын, – дейді ол. P.S.
Дәл қазір жастардың әскери борышын өтеуіне қатысты бір байлам айту қиын. Себебі әртүрлі пікір бар. Бірі баларының қалауына ерік берсе, енді екіншілер ұлдарын әскерге жібермеудің барлық амалын жасауға тырысады. Десе де, бұдан қауіпсіздік қалқаны саналатын әскери әлеуетіміз әлсірей түспек. Енді бұл олқылықтың орны толып, әлеуметтің әскерилерге деген сенімі қашан қайта оянатыны белгісіз. Ал таразы басы қалай теңселерін көктемгі әскерге шақыру науқаны көрсетпек.
Жамбыл облысы