Премьер-Министр Әлихан Смайылов Үкімет отырысында мектептерде қауіпсіздікті арттыруды тапсырды. Бұл туралы Үкіметтің баспасөз қызметі хабарлады.
Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Марат Қожаевтың айтуынша, кеше таңертең Петропавл қаласының Полиция басқармасына №4 орта мектептің оқушылары жарақат алғаны туралы хабарлама түсті. Оқиға орнына жедел-тергеу тобы шұғыл жетті.
Тексеру барысында күдікті (9-сынып оқушысы) 2-қабатта орналасқан дәретханада бетперде киіп, балтамен дәлізге жүгіріп шығып, үш оқушыны балтамен ұрған. Шабуыл жасаған оқушыны жоғары сынып оқушылары мен мұғалімдер ұстаған.
Қазір 2 жәбірленуші қалалық емхананың стационарында жатыр, жағдайлары бірқалыпты. Бір оқушы медициналық көмек көрсетілгеннен кейін үйіне қайтарылды.
Аталған факті бойынша Қылмыстық кодекстің 24-бабы 3-бөлігі, 99-бабы 2-бөлігі бойынша қылмыстық іс қозғалып, күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Есепті тыңдап, Әлихан Смайылов Петропавлдағы оқиға халық арасында алаңдаушылық тудырғанын атап өтті.
«Балаларының қауіпсіздігіне алаңдамайтын отбасы жоқ. Мектептің ішінде де қауіптің барын көріп отырмыз. Сондықтан бұл мәселені қайта қарап, оқу орындарына тексеру жүргізу қажет. Бейнекамералардың санын көбейтіп, мектепке кіреберіс жерлерде бақылауды күшейту мәселесін қарау керек», – деді Премьер-Министр.
Бұл ретте Үкімет басшысы Ішкі істер министрлігіне балалардың қауіпсіздігін арттыру бойынша келісілген ұсыныстар енгізуді, Денсаулық сақтау министрлігіне зардап шеккен балаларды емдеуді ерекше бақылауға алуды, Оқу-ағарту министрлігіне Ішкі істер және Төтенше жағдайлар министрліктерімен бірлесіп, қауіпсіздік сабақтарын әзірлеуді тапсырды.