Сырымбек Тау Мəжіліс сайлауынан шеттетілді
Сырымбек Тау Мəжіліс сайлауынан шеттетілді
Фото: bizmedia.kz
1,718
оқылды
Respublica партиясының тең төрағасы Сырымбек Тау Мəжіліс сайлауынан ресми түрде шеттетілді. Бұл туралы Respublica партиясының лидері Айдарбек Хожаназаров Facebook-тағы парақшасында жазды. «Бүгін Орталық сайлау комиссиясы бюрократиялық кідірістерге байланысты менің досым, нағыз патриот, Respublica партиясының тең төрағасы Сырымбек Тауды Мəжіліс сайлауынан ресми түрде шеттетті. Бәлкім, формальдылық маңызды шығар, бірақ ол өте лайық кандидат болды. Сырымбектің Қазақстан халқына деген шынайы құрметін әркез байқаймыз. Пандемия кезінде оның компаниясы Алматыдағы 9800 отбасына азық-түлік көмегін көрсетті. «Біз біргеміз» және «Шұғыла» қайырымдылық қорларына қаржы бөлді. Сондай-ақ, «Тау шаңырақ» қайырымдылық қорының құрылтайшыларының бірі, Талғар қаласындағы балаларды оңалту орталығының құрылысына қаржы бөліп, Арыс қаласы мен Мақтаарал ауданының су тасқынынан зардап шеккен 100 тұрғынына көмек көрсетті. Сырымбек нөлден бастап жеке кәсібін көтеріп, 600 жұмыс орнын ашты, мемлекет бюджетіне 10 миллиард теңгеден астам салық төледі. Бірақ мен баса айтайын, Respublica партиясы ешбір жағдайда берілмейді, біз күресті әрі қарай жалғастырамыз. Мұндай оқиғалар бізді тек қана шынықтырады, қайрайды және Сырымбек сияқты лайықты тұлғаларға жол әрқашан ашық болатын нағыз Жаңа Қазақстанды құруға ынталандырады», – деп жазды Айдарбек Хожаназаров. Ал кәсіпкер Сырымбек Тау қолдау білдірген халыққа алғыс айтты.
"Ағайын барлық жылы лебізбен қолдауға алғыс айтамын. Маған кездескен әрбір қолайсыздық мені келесі қадамға қамшылайды! Мен сайлаудан шеттетілсем де Respublica партиясынан кетпеймін", – деп мәлімдеді.
    Қазақстанда 19 наурыз күні кезектен тыс Мәжіліс және мәслихаттар сайлауы өтеді.