Жыл аяқталғанда жасалған қорытынды нәтижеге сүйенсек, елімізде фармацевтикалық өнім өндіру көлемі айтарлықтай төмендеп кеткен. Онсыз да көптеген дәрі-дәрмекті шетелден импорттап отырмыз, өйткені ішкі нарықтағы фармацевтика өндірісінің үлес салмағы көп емес. Алайда мамандар бұл көрсеткіш жыл санап өсіп келе жатқанын көңілге медеу тұтады.Фарминудстрияда даму бар
Бірыңғай дистрибьютор «СҚ Фармацияның» мәлімдеуінше, Қазақстанның фарминдустриясы даму қарқыны статистикаға сәйкес, соңғы 10 жылда орташа алғанда жылына 12 пайызға артып отырған. Фармацевтика өндірісінің өсуі кейінгі 20 жыл ішінде ілгерілеп келген. Оған бірқатар фактор әсер еткені белгілі. Бұл – ішкі нарықтағы сұраныстың жоғары болуы, ірі желісі бар шетелдік инвестордың келуі, өндірістің жаңа стандартқа көшуі, мемлекеттік дәрі-дәрмекке қатысты келісімшарттардың ұзақ мерзімге жасалуы. Сонымен қатар пандемия кезінде көптеген препаратты алыстан тасымалдамай, жергілікті жерде өндірудің маңызды екені баршаға түсінікті еді. Ал отандық фармацевтика өнеркәсібіне барынша назар аударылғандықтан, осы нарықтың даму қарқыны еселеп арттты. Өйткені ол ұлттық дәрі-дәрмек қауіпсіздігінің кепілдігі болатын.
Алайда өндірістің даму қарқыны көптеген жыл оң нәтижелі болғанымен, фармацевтика өнеркәсібінің үлесі еліміздің ЖІӨ-сінде әлі күнге дейін төмен күйде қалып отыр.
Өндіріс көлемі неге азайды?
Ұлттық статистика бюросының соңғы деректері бойынша, 2022 жылғы қаңтар-қараша аралығында фармацевтикалық өнім өндіру көлемі 2021 жылдың осындай кезеңімен салыстырғанда 85,5 пайызға дейін төмендеп кеткен. Ақшамен есептегенде, фармацевтикалық өнім көлемі 2022 жылғы қаңтар-қарашада 145,9 млрд теңге деңгейіне дейін төмендесе, 2021 жылғы ұқсас кезеңде 187,6 млрд теңге шамасында болған. Ал фармацевтика өнеркәсібінің экспорты былтырғы жылдың 10 айында 1 миллиард 744 миллион АҚШ долларына жетті. Бұл көрсеткіш 2021 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 21,5 пайызға аз. Айта кетерлігі, экспорттың негізгі үлесі дәрілік заттарға тиесілі.
Оқырманның ойында «соңғы ондаған жылда даму қарқыны үдеп келе жатқан сала қалайша кері кетті?» деген сауал туады. Біз де осы мәселені түсіндіріп беруді сұрап ДСМ Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетіне жүгінген болатынбыз.
Комитеттің мәлімдеуінше, фармацевтикалық өнім өндірісінің төмендеуіне еліміздегі эпидемиологиялық жағдайдың тұрақталуы әсер еткен. Коронавирус індеті себепші болған эпидемиологиялық жағдай тұрақталған соң дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарға халықтың сұранысы да азайған. Осыған байланысты фармавцевтика өндірушілер сұранысқа сәйкес дәрі-дәрмек өндіру көлемін азайтуға мәжбүр болған. Бұл – бір жағынан қуантатын жағдай. Себебі бірнеше жыл індет қаупіне байланысты тұрғындар денсаулығына байланысты алаңдаулы болды, коронавирус тез тарап, еліміздегі медициналық мекемелерге шамадан тыс жүктеме түспес үшін мемлекет түрлі шектеуге барып, ол экономикалық кідірістерге себепші болған еді. Екінші алаңдайтын тұс – бұл осы нарықтың қарқыны бәсеңдегенде экономикаға азды-көпті әсер етіп, осы салада еңбек ететін мыңдаған еңбекшінің табысының төмендеп кетуі ықтималдығы.
Мекеменің түсіндіруінше, жағдайды оңалту және фармацевтика өнімдерін өндіруде қазақстандық үлесті арттыру үшін мемлекет тарапынан бірқатар шара қабылданған. Осы бағыттағы заңнаманы жетілдіру және бизнес ахуалды жақсарту мақсатында отандық тауар өндірушілер үшін мемлекеттік қолдауға қатысты үш шара қолға алынған.
Біріншісі – «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодекстің 1-бабының 41-тармағына сәйкес он жылға дейінгі мерзімге дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды жеткізудің ұзақмерзімді шарттары жасалуы тиіс.
Осы тұста ұзақмерзімді шарттар жасауға жауапты «СҚ Фармация» мәлімдеуінше, 2009-2022 жылдар аралығында жүргізілген дәрі-дәрмек сатып алуда қазақстандық дәрі-дәрмектер үлесі ұдайы өсіп келеді. Тапсырыс саны да азаймаған. Бірыңғай дистрибьютордың мәліметіне сенсек, 2010 жылы отандық өндірушілердің ақшалай мәндегі үлесі 15 пайыз (4,8 млрд теңге сомасында) болса, 2022 жылдың қорытындысы бойынша ақшалай мәндегі сатып алу үлесі 2,2 есе өсіп, 33 пайызға жеткен. Әрі 2025 жылға дейін аталмыш үлес көрсеткіші 50 пайызға жеткізілмек. Былтырғы тізбе бойынша ұзақмерзімді шарттар шеңберінде жалпы сомасы 99 млрд теңгеге 848 түрлі дәрі-дәрмек және медицина бұйымы жеткізілген. Яғни, алдыңғы жылмен салыстырғанда 9 млрд теңгеге артқанын байқаймыз.
Бірыңғай дистрибьютордың тізбесі бойынша отандық тауар өндірушілерден сатып алу арқылы 2019 жылы жалпы сомасы 47,8 млрд теңгеге 515 дәрі-дәрмек және медицина бұйымы жеткізілсе, ол көрсеткіш 2020 жылы – 68,2 млрд теңге, 2021 жылы 90,3 млрд теңге болған. Бүгінде 36 отандық тауар өндірушімен 4 669 түрлі дәрі-дәрмек және медицина бұйымын (760 ДЗ және 3 909 МБ) жеткізу жөнінде жасалған 100 ұзақмерзімді шарт қолданыста. Оның ішінде 46 ұзақмерзімді шарт дәрі-дәрмекке, 54-і дәрі-медицина бұйым жеткізуге қатысты.
«СҚ Фармация» мәлімдеуінше, дәрі-дәрмектерді сатып алуда отандық өндірушінің тендерге қатысуы кезінде оларға тендерлік рәсімдерде артықшылықтар беріледі.
Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің мәліметінше, мемлекеттік қолдауға қатысты екінші шара – Денсаулық сақтау министрлігінің 2022 жылғы 21 қыркүйектегі №828 «Инновациялық дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды әзірлеу бойынша медициналық-фармацевтикалық кластерлерді қалыптастыру жөніндегі жұмысты ұйымдастыру туралы» бұйрығымен Астана, Ақтөбе және Шымкент қалаларында 3 кластерлік аймақ бекітілді. Оның қызметінің мақсаты – заңды тұлғалардың, мемлекеттік кәсіпорындардың, ғылыми, ғылыми-техникалық және инновациялық қызметті жүзеге асыратын оқу орындарының бірлескен жұмысын ұйымдастыру. Сонымен қатар отандық медициналық және фармацевтикалық өнеркәсіпті дамытуға бағытталған денсаулық сақтаудың медициналық және фармацевтикалық салаларында ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарды жүргізу көзделіп отыр. Комитетттің мәлімдеуінше, осы бағыттағы жұмыс жалғаса бермек.
Үшіншіден, Денсаулық сақтау министрінің 2019 жылғы 7 маусымдағы №ҚР ДСМ-92 «Протездік-ортопедиялық бұйымдар мен сурдотифлотехниканы қоса алғанда, кез келген нысандағы дәрілік заттардың, оның ішінде фармацевтикалық субстансалардың (белсенді фармацевтикалық субстансалардың), медициналық бұйымдардың, сондай-ақ оларды өндіруге арналған материалдар мен жинақтаушылардың, кез келген нысандағы дәрілік заттарды өндіруге арналған материалдар, жабдықтар мен жинақтаушылардың, протездік-ортопедиялық бұйымдарды қоса алғанда, медициналық бұйымдардың тізбесін бекіту туралы мүгедектігі бар адамдарға берілетін бұйымдар, сурдотифлотехника, арнайы жүріп-тұру құралдары, өткізу және импорт бойынша айналымдар қосылған құн салығынан босатылады» деген бұйрығына сәйкес айналымдары қосылған құн салығынан босатылған дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың, сондай-ақ оларды дайындауға арналған субстансалар мен жиынтықтаушылардың тізбесі бекітілген.
Ведомствоның ұсынған дерегіне сәйкес, бүгінде елімізде 97 фармацевтикалық өндіруші жұмыс істейді. Оның 34-і дәрілік заттарды өндіруге маманданған, 63-і медициналық мақсаттағы бұйымдарды өндіреді. Елімізде 1 046 атаулы дәрі-дәрмек және 1 320 медициналық бұйым түрі жасалады.
Бірыңғай дистрибьютордың мәлімдеуінше, елімізде фармакологиялық топтар бойынша келесі дәрі-дәрмектердің өндірісі жолға қойылған. Олар – қатерлі ісікке қарсы дәрі-дәрмектер және иммуномодуляторлар, қышымаға қарсы дәрі-дәрмектер, жүрек-тамыр жүйесін емдеуге арналған дәрі-дәрмектер, антигистаминдер, жүйке жүйесінің ауруларын емдейтін дәрі-дәрмектер, вирусқа қарсы дәрі-дәрмектер, стероидты емес қабынуға қарсы дәрі-дәрмектер, муколитикалық дәрі-дәрмектер, антикоагулянт дәрілер, плазманы алмастыратын және перфузия ерітінділер, аралас гипертензияға қарсы дәрілер, бактерияға қарсы дәрілер, антипсихотикалық, диуретикалық, рекомбинантты антигемофильді фактор, анемияға қарсы, эритропоэтика дәрілер, стероидты емес қабынуға қарсы дәрі-дәрмектер.
Ұлттық кәсіпкерлер палатасы не дейді?
Дәрі-дәрмек өндірісінің азаюына не себеп болды? Елімізде фармацевтикалық өнім өндіру көлемінің айтарлықтай төмендеуінің қандай салдары бар? Өсу динамикасы баяуласа қандай жағдай қалыптасады? Осы сұрақтарымызға «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы жауап берді.
Палатаның мәліметінше, Қазақстанда 2021 жылдың жазында өршіген COVID-19 пандемиясының алғашқы толқыны дәрі-дәрмектерге сұраныстың артуы нәтижесінде отандық фармацевтика нарығының дамуына, өсуіне әсер етті. Коронавирус инфекциясының таралуынан нарықта COVID-19-ды емдеуге арналған көптеген жаңа препарат пайда болды. Вирусқа қарсы вакцина өндірісі де ашылды. Мұның бәрі 2021 жылы отандық фармацевтика өнеркәсібінің күрт өсуіне себеп болды.
«2022 жылы елде фармацевтикалық өнімдер өндірісі коронавирус инфекциясымен ауырғандардың азаюына және Ресей мен Украина арасындағы геосаяси жағдайға байланысты қысқарды. ТМККК/МӘМС шеңберінде де, коммерциялық сегментте де дәрілік заттарға бағаны қатаң реттеудің болуы отандық фармацевтикалық өндірістің дамуын баяулатып отыр. Сондай-ақ дәрілік заттарды нарыққа шығару рәсімі ұзақ әрі күрделі екенін ескере келе, нарыққа шығу шамамен 5 жылға созылуы мүмкін», – дейді ұлттық кәсіпкерлер палатасының баспасөз хатшысы Назерке Бастами.
Оның айтуынша, отандық фармацевтикалық өнім өндірісінің төмендеуі, әсіресе тағы пандемия болса, үлкен қиыншылық тудырады.
«Есімізде болса, пандемия кезінде көптеген елмен әуеқатынасы тоқтап қалғандықтан, дайын дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды жеткізу мүмкіндігі болмай қалған кездер болды. Хабтар мен логистикалық компаниялар да жұмысын тоқтатты. Қиыншылық туған кезде әр мемлекет өзі үшін жауап береді. Қазақстан импортқа тәуелді мемлекет болғандықтан, біз өз өндірісімізді дамытуымыз керек. Пандемия дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың отандық өндірісін дамыту керек екенін көрсетті. Дағдарыс туындаған жағдайда халықты тиісті дәрі-дәрмекпен уақытылы қамтамасыз ету ұлттық қауіпсіздіктің бір бөлігі», – деді Назерке Бастами.
Ол осы тұста Мемлекет басшысының Жолдауында 2025 жылы отандық өндірістегі дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың үлесін 17-ден 50 пайызға дейін ұлғайтуды тапсырғанын еске салды.
Бұл орайда «дәрі-дәрмек импорты қай деңгейде?» деген сұрақ туындайды. Өйткені елімізге көптеген препарат шетелдерден тасымалданады. Ұлттық статистика бюросының деректері бойынша 2022 жылғы қаңтар-қараша айларына шығарған соңғы ақпаратына сәйкес еліміздің фармацевтикалық өнім импорты шамамен 2 млрд АҚШ долларын, ал экспорт бар-жоғы 40,2 млн АҚШ долларын құрады.
Фармацевтикалық өнімдер елімізге көбіне ТМД, Германия, Италия елдерінен импортталады. Осы елдерден құрамында гормондар немесе стероидтары бар дәрі-дәрмектер, иммунологиялық өнімдер, вакциналар, антибиотиктер жеткізіледі. Ал елімізде өндірілген препараттар мен медицина бұйымдары ТМД елдеріне көп экспортталады.
Мамандардың пікірінше, отандық фармацевтика саласы Орталық Азия аймағында алдыңғы қатарда. Отандық өндірушілер ЕАЭО ортақ нарығы аясында Ресей және Беларусь өндірушілерімен де бәсекеге қауқарлы. Сондықтан пандамия соңындағы іркіліс отандық фарминдустрия қарқынын бәсеңдетпейді деген үміттеміз.