Қайбір жылы Қызылорда облысында су тапшылығы болып, Кіші Арал теңізімен қатар көлдер жүйесі де құрғады. Сол уақытта Арал ауданындағы Қамбаш көлінің тартылуы өңір халқын алаңдатқан болатын. Әсіресе, жағажайды туристік аймаққа айналдыру бастамасы көтерілген тұста көл суының жоғалуы көпшілікке жайсыз тиді. Негізінен, Қызылорда облысы Арал ауданына қарасты Қамыстыбас ауылдық округі аумағында орналасқан Қамбаш көлі – облыстағы ең үлкен көл. Көл аумағы 178 шаршы шақырым болса, тереңдігі 10 метрге дейін жетеді. Арал азабын бастан өткерген халық осы Қамбаш көлінің де келешегіне қорқынышпен қарайды. Бірде толып, бірде тартылған көлді жоғалтып алудан қауіптенеді. Ол аздай, көлде де, теңізде де балықтың азаюы балықшы қауымның жанына батады.
«Биыл дарияға судың мол мөлшерде келуінен болар, Қамбаш көлі қайта толды. Бұл жыл сайын су тапшылығын сезінетін ауыл халқын қуанышқа бөледі. Дей тұрғанмен, балықшылар көл толғанымен, онда балықтың азайып кеткенін айтып жүр. Бұл балық аулаумен күнелтіп жүрген балықшы қауымының бас ауруына айналып тұр», – дейді ауыл тұрғыны Ермекқара Дабылов.Негізінен, көл жағасында қоныстанған көршілес Қосжар ауылында балық өсіру тәлімбағы бар. Алайда көлдегі балық түрлерінің сиреп бара жатқаны көпшілікті күмәнді ойларға жетелейді.
«Өзім осы ауылда туып-өстім. 20 жылға жуық уақыт балық аулауды кәсіп қылып, нәпақамды тауып жүрмін. Ауылда басқа жұмыс жоқ. Алайда соңғы жылдары көлде балықтың азайғаны байқалады. Бұрындары теңіз маржанының түр-түрі ауға түсетін. Бүгінде балықтың түрлері де кеміп кетті. Көбіне көксерке, торта тұқымдарын ғана аулаймыз. Қазір көлге салған ау құр шығады. Сол себепті теңізге барып жүрміз. Теңізде де балық көп емес. Қысқасы, тапқан табысымыз шайлығымыздан артылмайды. Күнкөріс қиындады. Бір сөзбен айтқанда, қазір балық шаруашылығының берекесі қашқандай», – дейді балықшы Жаңабай Жұмағұлов.Ал мамандар бүгінде Сырдарияның жоғары жағындағы Қамбаш және Ақшатау көлдер жүйесіне Шардарадан мол су жіберілуі нәтижесінде екеуінің де арнасы толғанын тілге тиек етеді. Соңғы кездері Бұрмақұлақ арқылы дарияны бөгеп, биіктетіп, көлдерге су жіберілген. Есесіне Сырдарияның құяр жағындағы Қаратерең ауылы аумағындағы жайылым және шабындық жерлерге және Кіші Арал теңізіне әлі де су жеткілікті деңгейде берілмей тұр. Салдарынан Кіші Арал теңізі жағалаудан екі-үш шақырымға дейін тартылды. Айдынның тереңдігі 2 метрге дейін кеміді.
«Жалпы кіші теңізге суды көп мөлшерде жіберген дұрыс. Себебі теңіздің тұздылығы артып кетті. Мамандар судың тұздылығы 1 литр суға 13 грамнан артық болмауы керек екенін айтады. Себебі судың тұздануы балық қорының азаюына себепші болады. Яғни, тұздылық мөлшері тиісті межеден асып кетсе, уылдырық өліп қалады. Қазір теңіздің тұздануы 13 пайызға жетті. Сондықтан суды мейлінше молынан жіберіп, тұздану мөлшерін төмендетуіміз керек. Сонда ғана балық қоры молаяды. Осы орайда балық аулау ережесінің толық сақталмауы да теңіздегі балық қорының азаюына әкеліп соқтырады. Себебі балық аулайтын аудың да түрі көп. Майда шабақтарды сүзіп алатын ау түрлері болады. Ал мұндай ау түрлері балық қорын азайтады. Сондықтан осы жағын қатаң бақылауға алу қажет. Сонымен қатар көлдерді бәсекелес ортаға айналдырдық. Бүгінде көлдерді мақсатына сай пайдаланатын иелері бар. Бұл да балық шаруашылығының дамуына кері әсерін тигізіп отыр. Сондықтан балықтың өсуіне мейлінше жағдай жасалуы керек деп ойлаймын», – дейді «Тұран ойпаты-Арал теңізі» қоғамдық бірлестігінің мүшесі Көлбай Данабаев.Арал ауданының әкімдігі Арал теңізінде балықтың 19 түрі өсірілсе, оның 17 түрін аулауға рұқсат етілгенін атап өтті. Соның негізінде ауданда ұзын саны 9 балық өндеу зауыты балықты мұздату, қатыру, ыстау жұмыстарымен айналысады. Өткен жылдың өзінде теңізді аймақта 7,7 мың тонна балық ауланып, 4 534 тонна өнім өңделіпті. Бір сөзбен айтқанда, ауданда балық шаруашылығын өркендетуде толайым істер атқарылып жатқанын алға тартып отыр.
– Қамбаш көліне су көлдер жүйесі арқылы құйылады. Негізінен, көлдер жүйесі 1 млрд текше метр су алады. Соның ішінде Кәрібөгеттен, Қамбаш көлдер жүйесінен құйылады. Бастауы Сәбитжарма арнасынан басталып, Тәуіржарма дариясы, Қулы, Қулы-1, Жасұлан, Кереғар каналдары арқылы келеді. Бірақ қазіргі уақытта Жасұлан каналы жабық тұр. Сонымен қатар теміржолды жағалап, Тоқбай деген көлге құйылуы тиіс. Алайда осы уақытта ол көлге де су келіп тұрған жоқ. Нақты уақытта көл өзінің деңгейін ұстап тұр. Бірақ әлде де шамамен 300 млн текше метрдей су алады. Әлі де болса бізге мол су жеткен жоқ. Себебі теңізге мол суды бұру қажеттілігі туындап тұр. Соған орай Бұрмақұлақ каналы арқылы тоқтаусыз Кіші теңізге кетіп жатыр, – дейді Қамыстыбас ауылдық округінің әкімі Алдаберген Исаев.Соңғы күндері кіші теңізге секундына 160 текше метр су келеді. Дей тұрғанмен, мамандар бұған дейін теңізде 27 млрд текше метр су болса, соңғы кездерде су тапшылығы салдарынан оның деңгейі 18,5 млрд текше метрге төмендегенін айтып отыр. Сондықтан теңізді бұрынғы деңгейіне жеткізу үшін әлі де мол су қажет. Осы орайда сала мамандары тарапынан Көкарал бөгетіндегі гидроқұрылымды су шайып кеткені де айтылып жүр. Бұл мәселеге орай Үкіметтен 5 млрд теңге қаржы қаралып, қайта қалпына келтіру жұмыстары назарға алынған. Өткен жылы сол қаржының бір бөлігіне каналдарды тазалау сынды жұмыстар жүргізілді. Биыл да жөндеу жұмыстары жалғасын таппақ. Жұмыстар толықтай жүргізілсе, теңізге тиісті деңгейде су жеткізілетін болады. Бір сөзбен айтқанда, теңіз суының тұздылығы төмендеп, балық қоры молайса, тіршілігі теңізбен қабысқан елдің базарлы өмірі қайта оралар еді.
Қызылорда облысы