Алаяқ "брокерге" алданған атыраулық қазақстандықтарға үндеу тастады
Алаяқ "брокерге" алданған атыраулық қазақстандықтарға үндеу тастады
© коллаж: Елдар Қаба
1,111
оқылды
Алаяқтардың арбауына түскен атыраулық дәрігер бір сәтте үйінен айырылып қалды. Оған қоса, алаяқтардың нұсқауымен бірнеше банктен миллиондап несие алып, қарызға белшесінен батып отыр. Ол енді кезінде өзі емдеген пациенттері мен дос-жарандарынан көмек сұрауға мәжбүр. Атырау облыстық туберкулезге қарсы кү­рес диспансері балалар бөлімінің меңгеру­шісі, фтизиатр-дәрігер Марат Шуақбаевтың есімі Атырау жұртына жақсы таныс. Әсіресе, 2020 жылы әлемді коронавирус жайлап, пандемия алқымнан алған кезде дәрігердің шарапатын көргендер көп. Талайды ажал тырнағынан арашалап қалғаны өз алдына, онлайн форматта атыраулықтарға дәрігерлік кеңес беріп отырды. Алтын қолды дәрігер ойламаған жерде алаяқтардың арбауына түсіп қалған.
«Алаяқтардың арбауына еріп, екінші дең­гейлі банктерден аса ірі көлемде несие ресім­деп, оны олардың көрсеткен жеке адамдардың есепшотына аудардым. Тіпті, өз үйімді әлде­қайда арзан бағаға сатып, оның да ақшасын алаяқтарға аудардым. Олардың көрсеткен құжаттарына сеніп, отбасымның қарсылы­ғына да қарамадым. Қысқасы, көңілімде титтей де күдік болмады. Әрине, мұның бәріне өзім кінәлімін», – дейді Марат Шуақбаев.
Алаяқтардың көзі ашық, жоғары санатты маманды қалай тақырға отырғызып кеткені белгісіз. Олардың жымысқы ойын жүзеге асы­ру­дағы схемасы жайында құзырлы орган­дар да мардымды ақпарат берген жоқ. Тағы бір атыраулық Гүлмира Галиахметова да осындай күйге түскен. Бала күтімімен үйде отырған ана онлайн режимде қосымша табыс табуды ойлап жүріп, алаяқтар құрған торға түсіп қалған.
«Балам екеуміз отағасының тапқан та­бысына қарап отырмыз. Сәбиіміз 1 жастан енді асты. Қарайтын адам болмағандықтан, жұ­мыс­қа шыға алмай отырмын. Амалсыз үйде оты­рып, қашықтан істейтін жұмыс істеп жүр­генімде Instagram желісінен бір жарнама­ны көзім шалды. Әрине, бұл істің артында алаяқ тұр-ау деген ой үш ұйықтасам да түсіме кірмеді. Өзін Гүлнара Даукеновамын деп таныстырған әйел брокер екен. Ол бір платформа арқылы табысты еселеуге бола­тынын айтты. Telegram мен Instagram да үлкен аудиториясы бар екен. Солар арқылы табысты болудың жолын үйреткені кәдім­гідей сенім ұялатты. Әрі әлеуметтік желідегі парақшасында күн сайын салымын еселеп алған жандардың алғыс айт­қан пос­тын жа­рия­лайды. Ойлана келе мен де салым жасап көрдім», – дейді Гүлмира Галиахметова.
Алаяқтардың сөзіне сеніп, қыруар табыс­ты ойлаған кейіпкеріміз алғашында әлде­кімнің есепшотына 100 мың теңге жіберген екен. Бірақ брокер хабарласып, биржада 100 мың теңгенің пакетіне арналған орын қалмағанын, кемінде 400 мың теңге салуым керек екенін айтыпты. Гүлмира қарыздана жүріп, тиісті соманы брокер көрсеткен есепшотқа аударған. Осы сәттен бастап Гүл­нарадан тырс еткен жа­уап болмапты. Уәде етілген табыс та жайына қалған. Жолдасына үй алуға көмектесемін деп жүріп, керісінше қарызға батырып қойған ол амалсыз поли­цияға арызданған. Кейіпкеріміз айтқан Telegram каналды біз де шалып шықтық. Күн сайын таңертеңнен қыруар қаржының есепшотына түс­кені туралы жарыса хабарлап, брокерге ағыл-тегіл алғыс айтқандарға қарап олардың тұтас командамен жұмыс істейтіні аңға­рылады. Адамның іші-бауырына кіріп кете­тін «ақылды» жазбалар шынымен де елітіп әкетеді. Мамандар пандемиядан кейін онлайн алаяқ­тықтың түр-түрі пайда болып, оның ғалам­дық жылдамдықпен дамып жатқанын айтып, дабыл қағуда. Оның үстіне, карантин шектеулерінен кейін жұмыссыз қалғандар­дың көбі кез келген жолмен ақша табуды ойлай бастады. Бұл орайда алаяқтардың дәурені жүріп, олар түрлі схеманы іске асыра бастады. Өкініштісі, қарыздан құтылып, табысын еселеймін деп жүргендердің көбі олардың кезекті құрбанына айналып жатыр.

Атырау облысы