Жұлдыз жорамалға сенген дұрыс па?
Жұлдыз жорамалға сенген дұрыс па?
Фото: yandex.kz
645
оқылды
Жұлдыз жорамалға сеніп, тағдырын айтылған болжаммен байланыстырып, сәтсіздіктен сақтанып немесе күйзеліске ұшырап жататындар бар. Бұл туралы Aikyn.kz AstanaTV-ға сілтеме жасап хабарлайды. Астрологтер жалпылама жорамалдардан гөрі бір ғана адамның туған күні мен жылына есептелген болжам тура келеді дейді. Ол планеталардың қозғалысына байланысты жасалады екен. Жұлдыздар шатаспайды деп сендіреді.
Астролог Ақбота Қадырбекова: «Адамның туған күніне қарай болжам картасы ұсынылады. Ол жерде 10 түрлі ғаламшар көрсетіледі. Оның әрқайсысы белгілі бір зодиак белгісін көрсетеді. Соған қарап астролог сол адам туралы белгілі бір ақпараттарды көре алады. Ол қандай адам, не істеуі керек, қандай істе жолы болады,  тағы басқа. Және ол 100 пайыз нақты деп сенімді түрде айта аламын», – дейді.
Ал діндарлар бұл уәжбен келіспейді. Исламда жұлдыздарға қарап, болашақты болжаған адам сиқыр жасағандармен бірдей күнә арқалап, 40 күн бойы тілеген тілегі мен дұғасы қабыл болмайды.
Наиб имам Әділхан Серікбай: «Болашақты Алла Тағаладан басқа ешкім білмейді. Жұлдыздардың құрылымы біздерге болашақты баяндап бермейді. Бір адамның болашағы, оның мінезі, өмірі жұлдыздарға қарап мынандай болады екен деп айналысуға болмайды», – дейді.
Психологтердің  пайымдауынша, жұлдыз жорамалға тәуелділік адамның психикасын бұзады. Өз бетімен шешім қабылдап, сәтсіздікке ұшыраған жағдайда қиындыққа төтеп бере алмай қалады.
Психолог Анаргүл Ибрайымбекова: «Психикаға кері әсерін тигізуі мүмкін. Жұлдызнаманың барлығы жанама түрде жазылған. Сондықтан барлығына бірдей келе береді. Адамдар ол ақпаратты жүрегіне жақын қабылдап жатады», – дейді.
Тек жұлдыз жорамалға қарап шешім қабылдау өмірге кері әсерін тигізеді. Жалпы, “адам не нәрсеге сенсе алдынан сол шығады”, — дейді мамандар.