Ақмола облысында ауыл мектебі мен банкті «жарып» жібермек болғандар ұсталды
Ақмола облысында ауыл мектебі мен банкті «жарып» жібермек болғандар ұсталды
Фото: 24.kz
1,330
оқылды
Ақмола облысының Шортанды ауданында ауыл мектебіне «бомба қойылғаны» туралы хабар тұтас ауданды дүр сілкінтті. Белгісіз біреу мектепке жарылғыш заттың қойылғанын айтып телефон шалған, –  деп хабарлайды Aikyn.kz порталының тілшісі. Оқиға 15 ақпан күні түнгі 01.10 шамасында болған. Шортанды аудандық полиция бөліміне хабарласқан адам орта мектепте "бомба қойылғанын" жеткізген. Дереу шағын ғана ауыл мектебі қоршауға алынып, полиция мен тиісті шұғыл қызмет мамандары мен жарылыс техниктері тексеріс жүргізіп, еш қауіпті затты таба алмады. "Дабыл қоңырауы түскеннен кейін жоғарыда аталған мектепке полиция мен шұғыл қызмет өкілдері аттанып, жарылғыш зат техниктері ғимаратты толықтай тексеріп шықты. Тексеріс барысында жарылғыш зат туралы ақпарат расталмады. Дәл сол түні жалған хабарлама таратушы «автор» полиция қызметкерлерінің қолына түсті. Ол психикалық аурумен зардап шегетін 25 жастағы қыз болып шықты. Жарылғыш заттың қойылғаны туралы ол қасақана айтқаны анықталды. Аталған факт Қылмыстық кодекстің 273-бабына («Террозим туралы жалған хабарлама тарату») сәйкес сотқа дейінгі тергеудің бірыңғай тізіліміне енгізілді", – дейді Ақмола облысы Полиция департаментінің баспасөз хатшысы Әсем Әбдірахманова. Дәл осындай жалған хабарлама Астана қаласында 13 ақпан күні тіркелген. Елордадағы банктердің филиалдарының біріне электронды мекенжайына банкті жарып жіберетіні жайлы қорқытқан хабарлама түскен. Тәртіп сақшылары жүргізген тексеріс барысында хабарлама жазған елорданың іргесіндегі Ақкөл ауданының 34 жастағы тұрғыны екені анықталды. "Қазір полиция оның не себептен осындай хабарлама жібергенін анықтап жатыр. Белгілі болғанындай, ол аталған банктің клиенті  болып шықты", – деді полицияның баспасөз қызметі. Тәртіп сақшылары телефон терроризмі үшін азаматтардың қылмыстық жауапкершілікке тартылатынын ескертеді. Аталған бапқа сәйкес жарылғыш зат қойылғаны туралы хабарлама жібергендерге Қылмыстық кодекстің 273-бабы бойынша 5 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қаупі төнеді. Аталған бап бойынша 14 жастан бастап жауапкершілікке тартылады.